Жазғаның үшін жауап бересің: мессенджер-хабарламалар заңдастырылады

Жазғаның үшін жауап бересің: мессенджер-хабарламалар заңдастырылады

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Instagram желісіндегі тікелей эфирінде жаңа заң нормалары туралы айтты. Оның сөзінше, енді тауар немесе қызмет сатып алуға қатысты WhatsApp-тағы жазбалар, аудио-видео хабарламалар мен жарнамалар ресми түрде келісімшарттың құрамдас бөлігі ретінде қаралады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әбеновтың айтуынша, мысалы, сатып алушы мен сатушы чатта шарттар туралы келісіп, Kaspi арқылы төлем жасалса және сатушы белгілі бір кепілдік уәде етсе, мұның бәрі заңды күшке ие болады. Кейін “келісімшарт жоқ” деп жауапкершіліктен жалтару мүмкін емес, себебі барлық дәлел хат алмасуда сақталады.

Депутаттың сөзінше, келісімшарт талаптары орындалмаған жағдайда азаматтар кәсіпкерден ақшаны қайтаруды талап етіп уақыт жоғалтпай, бірден сотқа жүгіне алады. Бұған дейін кей судьялар мұндай істерді қабылдамай, мәселені тараптардың өзара шешуіне жіберіп келген. Енді олар арызды қабылдауға міндетті.

Сот тұтынушы құқығының бұзылғанын растаса, кәсіпкер қаражатты қайтарып қана қоймай, айыппұл да төлейді. Бұл өзгеріс бизнес иелерін өз міндеттерін адал орындауға ынталандыру мақсатында енгізіліп отыр.