Жазда қандай лагерьлерге баруға болады?

6 Мамыр 2019, 18:47 11971

Әскери, спорттық, жайлаудағы лагерьлер...

Жаз – мектеп оқушыларының асыға күтетін ең сүйікті мезгілі. Тоғыз айын мектеп партасында өткізген балалардың кейбірі ауылдағы ата-әжесіне аттанса, біреулері ерекше демалыс орындары – лагерьлерге барғанды жөн санайды. Бұл демалыс уақытын тиімді өткізудің таптырмас жолы. Оның үстіне лагерьлерде бала көптеген қызықты дүниелерге тап болып, таным көкжиегін кеңейтіп, достар санын көбейтеді. Сонымен, ондай орындар қай күннен бастап, келушілерге есігін ашпақ? Жаздың алғашқы күнінен бастап-ақ (1 маусым) кішкентай демалушыларға өз қызметін ұсынатын лагерьлер жетерлік екен. Ақмола облысындағы бір-бірінен ерекшеленетін осындай орындарға жеке-жеке тоқталып өткенді жөн санадық. Бүгінгі топтамамыздан әр ата-ана өз баласы үшін талғамына сай лагерьді таңдап, жан-жақты ақпарат ала алады.


 

Спорт пен шығармашылыққа бейімделген лагерь 

Бұл  лагерь елордадан 250 шақырым жердегі Қатаркөл деген  көлдің жағалауында орналасқан. Айналасы қарағайлы ағаштарға толы лагерьдің сырты тұтас қорғанмен қоршалған. Мұнда тәулік бойы күзет пен санитарлық қызмет орындары да бар. Балалар жататын үш қабатты ғимараттарға бейнебақылау камералары орнатылған. Сонымен, мұнда 1 ауысымға, яғни 10 күнге келген бала бос уақытын қалай өткізеді?

Әр баланың күн тәртібі сағат-минутына дейін жіті алдын-ала жоспарланып қояды. Мұнда олар түрлі қызықты нәрселермен шұғылданады. Мәселен, біреулер тілдерді  меңгеріп, өзге елдің мәдениеті жайында сол тілде ақпараттар алса, енді біреулері мың бұралып түрлі ұлт өкілдерінің билерін үйренеді. Ұйымдастырушылар бағдарламаға спорттық шараларды да қосуды ұмыт қалдырмаған. 9 ай бойы жазғы демалысын күткендерді түрлі қызықты ойын-сауықтар күтіп түр. Атап айтсақ, мұнда ер балалар жағажайларда  волейбол, баскетбол сынды ойындар ойнаса, ал доп тепкісі келетіндер футбол алаңдарында ойнап, уақыттарын қызықты өткізеді. Ал  ауа райының  аптап ыстық күндерінде балалар  өзендерде, тереңдігі әр түрлі  бассейндерде жүзе алады. Сонымен қоса, олар қолдан түрлі бұйымдар жасауға үйрететін үйірмелер мен суретшілер студиясына да баруына болады. Әсіресе, көп демалыс орындарында бола бермейтін бильярд ойынын ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ ұйымдастырушылар биыл демалушыларға арнап жаз фестивалін өткізетінін айтады. Мұнда олар балаларға арналған қызықты конкурстар өткізіп, жеңімпаз болғандарды ерекше сыйлармен де  марапаттамақ. Ал жоспарға сай өтетін  бір күннің соңы дискотекаға ұласады.

Әскери-спорттық лагерь

Арнайы күштердің жауынгері бол! Әскери-патриоттық лагерь әскери өмірге шыңдайтын нағыз солдаттардың өмірімен таныстырады. Мұнда 8-17 жас аралығындағы ер балалар  14 күн бойы әскери өмірдің қыр-сырымен  жақынырақ таныса алады. Олар кәдімгі казармаларда тұрып,  үстіне арнайы  форма киіп,  әскери тәртіппен жүріп, тұрады.  Сонымен қоса, әскери өмірге қызығатындар арнайы нормативтік жаттығулардан емтихан тапсырып, үздіктері взвод командирлерінің орынбасарлары да бола алады.  

Бір қызығы, бұл лагерь  ер балалардың  сүйіп ойнайтын «Counter-Strike: Global Offensive»  компьютерлік ойынының негізінде құрылған. Сондықтан мұнда демалуға келгендер осы уақытқа дейін виртуальды әлемде ғана ойнаған ойынын  шынайы өмірде бастан кешіреді.

Лагерьде ұлдарға арналған спорттық әскери жарыстар өткізіледі. Әр баланың күш-жігерін  анықтауға бағытталған кешенде әскери жорыққа шығып, ормандарға шығуға мүмкіндік бар.  Онда олар   өз бетімен өмір сүруге дағдыланады. Мәселен, сіріңкенің көмегінсіз от тұтату, ас-су табу, жататын орын дайындау сынды өзге де шаруаларды атқаруға бейімделеді. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар келушілерге нағыз әскери өмірдің атмосферасын сездіретін  фильмдерді жоспарға енгізуді ұмытпаған.

Бір қызығы  көбінесе мектептерде ғана өткізілетін өзін-өзі басқару күні мұнда да ерекше атап өтіледі екен. Яғни  2 апта ішінде балалар взвод басшылары сынды басшылық қызметтердің жұмысымен етене таныса алады.  Бұған қоса, «Турист», «Ата-аналар» күндері деген ерекше даталар да тойланады.  Мәселен, «Ата-аналар» күнінде  түрлі әскери емтихандардың  барлығынан сүрінбей өткен ұлдарға салтанатты түрде  әскери билеттер табыс етіледі. Мұнда олардың әскери шендері де қоса жазылады екен.

Ұйымдастырушылар мұнда демалғысы келетін мектеп оқушыларына арнап ерекше сый әзірлеп қойыпты. Яғни олар өздерің әскери өмірге әзірлеумен қоса, бизнестің қыр-сырымен танысып қайтады. Баланың жасына сай қызықты етіп өткізетін  арнайы бизнес-тренерлер кәсіп жайында  өзінің пайдалы кеңестерімен бөліседі. Мұндай тренингтер баланы жан-жақты болуға даярлайды және ойлау қабілетін дамытады.

Нұр-Сұлтан қаласынан шамамен 140 км жерде Ақкөл ауданында орналасқан лагерьде  8-17 жас аралығындағы мектеп оқушыларына демалуға таптырмас мүмкіндік жасалған.

Жеке басты дамытуға бейімделген лагерь

Бұл лагерь  Бурабайдағы Катаркөл маңайында орналасқан. Осыдан шамамен  20 жыл бұрын  құрылған сауықтыру лагері спорттық шаралардан бөлек баланың шығармашылық қабілеті мен жеке басын дамытуға да бағытталған. 

Жаз уақытын тиімді өткізгісі келетіндерге мұнда түрлі ойындар, квесттер,  күнделікті кешкілік би  кештері,  актерлік үйірмелер, музыкалық және би фестивальдері сынды  көптеген қызықты іс-шаралар өтіп тұрады. Осылайша ұйымдастырушылар мұнда келушілерге естен кетпестей ерекше әрі әсерлі демалысты  ұсынбақ.

Мың бұралып би билейтіндерге жаңалық! Мұнда олар ең үздік қазақстандық және шетелдік хореографтар ұйымдастырған  қазіргі заманауи «Hip-Hop Fest» және «Dance CAMP» сынды би фестивалдеріне қатысып, өз өнерлерін шыңдай алады. Сондай-ақ, 7 мен 17 жас аралығындағы қыз-жігіттер өзін-өзі дамытатын психологиялық және көпшілік алдыңда еркін сөйлеуді үйрететін тренингтерге қатысып, қосымша өздеріне  өмірлік қажетті ақпараттармен білімдерің  толықтыра алады.

Ұйымдастырушылар  табиғат аясына түрлі саяхатқа шығатындарын да айтады. Мысалы, олар арнайы бір күнді алдын-ала белгілеп, шамамен  8 км болатын Катаркөл көлін  басынан аяғына дейін толық айналып шығуға аттанады. Сонымен қоса, олар Көкшенің көздің жауын алатын орындарына экскурсия жасайды. Әсіресе балаларды  Көкшетау тауының етегінен орын тепкен Абылай хан алаңына апарып, әсем табиғатымен таныстырады.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналғандар  2 қабатты ағаштан тұрғызылған үйлерге қоныстанады. Әр бөлмеде 6 адамнан жататындардың күнделікті тек 20 минут қана бос уақыттары болады. Ал қалған уақыт белгіленген жоспарға сай өтеді.

Бір қызығы мұнда  балалар күнде кешкілік дөңгеленіп отырып, қолдарына майшам ұстап,  бір-бірлеріңе таңнан кешке дейін айналысқан қызықты дүниелерімен бөліседі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл лагерьдің құрылғанынан бері дәстүрге айналған ритуал екен.

Халықаралық киіз үйлік  лагерь

Жазғы демалыс уақытын жайлауда жүріп, киіз үйде өткізгісі келетіндерге тамаша мүмкіндік бар. Ұлы дала скауттары халықаралық киіз үй лагері бас шаһардан 120 км қашықтықта Ақкөл маңайында орналасқан. Аты айтып тұрғандай, бұл өзге лагерьлерден демалушыларға киіз үйде тұру мүмкіндігін сыйлайтындығымен ерекшеленеді. Халықаралық  мәртебеге ие лагерь нұсқаушылары үш тілде қызмет көрсетеді. Ақмола облысында соңғы екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл лагерьдің әр киіз үйінде 8 баладан түнейді. Олар өзге лагерь секілді топқа емес, тайпаға бөлінеді. Әр тайпа өзінің басшы-сардарын сайлап алады. Күніне 5 уақыт берілетін тамақтың барлығы табиғи өнімдерден тұрады.

Мұнда келген 8 бен 17 жас аралығындағы демалушылар немен шұғылданады? Олар қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық тағамдары, әскери өнері, қолөнер  сынды өзге де дүниелермен жақын таныса алады. Мәселен, нәзік жанды қыздар дәмді бауырсақтар әзірлеуді үйренсе, ал батыр ұлдар көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырады. Сондай-ақ олар ата-бабаларынан қалған жауынгерлік өнерге машықтанады. Ел қорғаған батырлардың сауыттарымен, олардың ұстанған қару-жарақтарымен танысады. Садақ атудан арнайы шеберлік сабақтарына қатысады. Сонымен қоса, ұйымдастырушылар күнделікті балалардың жоспарына концерттік бағдарламаларды да қосыпты. Табиғат аясына серуенге шығып, таза ауада үлкен қазандарда ас әзірлеуді де үйренеді.

Бұл лагерь орта ғасырлардағы ата-бабаларымыздың тұрмысына ұқсастырып құрылған.

Осында демалуға келген әр адам қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетіне саяхат жасайды. Осылайша демалушыларға жайлау өмірін көрсеткісі келетін ұйымдастырушылар күнделікті квест ойындар, жіп саябақтар, қабырғадан биікке өрмелеу секілді  ойды дамытуға, денені шынықтыруға арналған жарыстарға да қатысып, бақтарын сынай алады.

Ал жазғы демалысын мәнді де мағыналы етіп өткізгісі келген оқушылар өздерін аз уақытқа болсын сол замандағы көшпелі халықтың мүшесі ретінде сезінуге қолайлы жағдай жасап отыр.

Спорттық лагерь

Бұл спорттық лагерь Нұр-Сұлтан қаласынан шамамен 350 км қашықтықта Зеренді демалыс аймағынан орын тепкен. Айналасы нулы ормандар мен таулы күмбездерге толы лагерь өз жұмысын 1 маусымнан бастайды. Мұнда елімізден бөлек, көрші Ресейден де жаз бастала жеткіншектер ағылады екен. Бұл лагерьдің өзгелерден  басты ерекшелігі  атап өткеніміздей, спорттық  шараларға баса назар аударады. Спортсүйер балалар волейбол, футбол сынды ойындардан түрлі жарыстарға қатысады. Зеренді көлінің жағасында орналасқан лагерьде кейбір жеткіншектер катамара,  қайықтарға мініп, таза ауада серуендейді.  Жалпы  мұнда балаларға арналған спорттық сайыстар көп ұйымдастырылады.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: