09.07.2025
17:47
1329
Жазда салқын су ішуге бола ма?

Жазда салқын су ішуге бола ма?

Жаздың аптап ыстығында көп адам салқын су ішкісі келеді. Бірақ кейбірі: «Салқын су ішуге болмайды, ол ыстықты ішке түсіреді немесе тамақ ауыртады» — деп қауіптенеді. Бұл сенім қаншалықты рас? El.kz интернет порталы сарапшылар пікірін негізге ала отырып, осы тақырыпты тарқатып көрмек.

Салқын су мен дененің жылу алмасуы

Адам ыстықта терлей бастайды — бұл дененің ішкі температурасын төмендетудің табиғи механизмі. Бірақ кей зерттеулерге сүйенсек, өте салқын су ішу бұл процесті баяулатуы мүмкін.

Мәселен, бір зерттеуде қатысушыларға әр 15 минут сайын түрлі температурадағы су берілген: 1,5°C, 10°C, 37°C және 50°C. Нәтижесінде 50°C ыстық су ішкен адамдардың денесі ең белсенді салқындағаны анықталған. Ал мұздай су ішкендерде тер бөлінуі шамамен 20% азайған.

Алайда зерттеу жағдайында температура бар-жоғы 23,6°C болған, ал қатысушылардың алдына желдеткіш қойылған. Бұл ортада тер оңай буланып, денені жақсы салқындатқан. Ал далада, 35°C ыстықта және ылғалдылық жоғары кезде тер денеден буланбай, керісінше денеден ағып, организмді сусыздандыру қаупін арттырады. Мұндай жағдайда салқын су ішу — тиімді шешім.

Сонымен, егер ауа ылғалды әрі ыстық болса — салқын су ішу организмді қажетсіз терлеуден қорғайды. Ал жаттығу кезінде немесе құрғақ ауада — жылылау су пайдалырақ.

Салқын су тамаққа зиян ба?

Тағы бір кең таралған пікір — «салқын су тамақты ауыртады». Бірақ бұл медициналық тұрғыда дәлелденбеген.

Көп жағдайда тамақ ауырғанда себептері мыналар:

  • вирустық инфекциялар;
  • бактериялық аурулар (мысалы, стрептококк);
  • аллергия;
  • дауыс жолының артық кернеуі;
  • асқазан қышқылының өңешке шығуы (рефлюкс).

АҚШ-тағы Mayo Clinic сайты, керісінше, тамақ ауырса мұз сору арқылы жеңілдетуге болатынын ұсынады. Яғни мұздай судың тамаққа зиян екені нақты дәлелденбеген.

Салқын су шөлді қалай қандырады?

Салқын су тек денені салқындатып қоймай, шөлді де жақсы басады. Зерттеулерге сәйкес, 5°C су ішкен адамдар шөлін жылдам басып, 22°C жылы су ішкендермен салыстырғанда өзін әлдеқайда жақсы сезінеді.

Ғалымдардың болжауынша, су ішкен кезде ауыздағы салқын сезім — ағзаға «болды, су жеткілікті» деген белгі береді. Бұл — судың ішекке жетіп, қанға сіңіп үлгеруін күтпестен, шөлді ерте бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен, салқын су ішуге бола ма?

Иә, салқын су ішу денсаулыққа зиян емес, тіпті белгілі бір жағдайда пайдалы. Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі де ыстықта салқын сусындар мен тағамдарды тұтынуға кеңес береді.

Салқын су:

  • денені шұғыл салқындатады;
  • шөлді жылдам басады;
  • көп терлеудің алдын алады (егер ауа ылғалды болса);
  • тамаққа зиян тигізбейді.

Сондықтан егер сіз мұздай сусынды ұнатсаңыз — оны қорықпай іше беруге болады, тек шамаңыз бен қажеттілігіңізді ескеріңіз.

Қысқаша ереже:

  • Жаттығу кезінде — жылы су артық;
  • Ыстық әрі ылғалды ауада — салқын су пайдалырақ;
  • Тамақ ауруының себебі — су емес, инфекция немесе басқа факторлар;
  • Шөлді басу үшін салқын су — тиімді таңдау.

Бұған дейін ыстық күнде сусыздануды қалай анықтауға болатыны туралы жазған едік.