Жаз – тек демалыс маусымы емес, сонымен қатар отбасы бюджетіндегі ең күрделі сынақ кезеңі. Қазақстандықтардың көбі дәл осы уақытта біраз шығынға тап болып жатады. Мәселен, демалыс, үй жөндеу, мектепке дайындық. Осы ретте қаржыгер Әсел Жарасқалиқызы El.kz интернет порталының тілшісіне жазғы шығындарды азайту жолдарын, жиі жіберілетін қателіктерді және үнем мен жинақ дағдыларын қалыптастырудың маңызын айтып берді.
Иә, жазғы уақытта отбасылық бюджетке ең көп салмақ түсіретін – бұл, әрине, демалыс. Ата-аналар балаларымен бірге саяхаттауды, табиғат аясында уақыт өткізуді қалайды. Бұл – маңызды мәселе, бірақ дұрыс жоспарланбаса, қомақты қаражатты талап етеді, – дейді қаржыгер.
Сонымен қатар жазда көптеген отбасылар үй жөндеу жұмыстарын бастайды немесе жаңа үйге көшу секілді ірі шығындарға барады. Бұл да бюджеттің басым бөлігін қажет етеді.
Кейбір отбасылар жазда үйді әрлеп, жөндеу жүргізуді жөн көреді. Мұндай шығындар жоспарланбаған жағдайда, несиемен немесе қарызбен жабылуы мүмкін. Сондықтан басты кеңес – алдын ала жоспарлау, – дейді Әсел Жарасқалиқызы.
Оның айтуынша, қазақстандықтардың көпшілігі жалақыларының негізгі бөлігін несиелер мен қарыздарды өтеуге жұмсайды. Ал жазда бұған қосымша тағы екі ірі шығын пайда болады – демалыс және мектепке дайындық.
Жаздың екінші жартысында тағы бір маңызды кезең басталады – бұл баланы жаңа оқу жылына дайындау. Мектеп формасы, оқу құралдары, қосымша сабақтарға төлем сияқты шығындар бірден отбасылық бюджетке әсер етеді, – дейді қаржыгер.
Қаржыгер қазақстандық отбасылардың жіберетін басты қаржылық қателіктерінің бірі жоспарсыз несие алу екенін айтады. Көп жағдайда, мысалы, үй жөндеу жұмыстарына ірі сома қажет. Бірақ бастапқыда ақша жетпей, қосымша несие алуға мәжбүр болады. Осылайша, бір жөндеудің өзі бірнеше қарызға ұласуы мүмкін деп отыр.
Тағы бір кең тараған қате – қымбат тұтынушылық несиелер арқылы бағалы заттар сатып алу немесе табысқа сәйкес келмейтін қымбат демалысқа бару. Бұл да отбасы қаржысын ауырлатады.
Одан кейін «бір жазда демалып қалайық» деген мақсаты болғанымен, көп жағдайда отбасының нақты қаржылық жағдайы мұндай жоспарларды көтере алмайды. Сондықтан жалпы отбасылық демалысқа қаржылық жоспармен келген абзал, – дейді Әсел Жарасқалиқызы.
Сарапшы негізгі үш қағиданы есте ұстауға кеңес береді:
Қаржылық жоспар бар жерде қаржылық қателіктер болмайды, – дейді қаржыгер.
Қаржыгердің сөзінше, балалары бар отбасылар үшін бюджетті оңтайлы жүргізудің басты шарты – кіріс пен шығысты нақты есепке алу. Ең алдымен, отбасындағы барлық кіріс пен шығысты жазып отыру қажет. Бұл – қаражат қайда кетіп жатқанын түсінудің алғашқы қадамы.
Егер шығыстар кірістен асып жатса, ең алдымен артық шығындарды азайту жолын қарастырыңыз. Тек ең қажет деген нәрселерге ғана қаражат бөлуге тырысыңыз. Жоспар құру кезінде әр отбасы мүшесінің (ата-ана, бала, зейнеткер) қажеттіліктерін ескеріп, соған сәйкес бюджет жасаған жөн. Барлық жоспарлар мен шығындарды біріктіріп, ортақ отбасылық бюджетке енгізу маңызды.
Егер кіріс пен шығыс нақты есептеліп, жоспарланған болса, қарызға кіру қаупі азаяды, ал бар қарыздан шығу мүмкіндігі артады. Отбасылық бюджетті дұрыс жүргізу – қаржылық сауаттылықтың негізі, – дейді ол.
Жазғы демалысты несиеге емес, алдын ала жинақталған арнайы демалыс қорына сүйене отырып жоспарлауға кеңес береді. Қаржыгер Әсел Жарасқалиқызының айтуынша, бұл – жыл бойы жүйелі түрде жүргізілетін қаржылық жоспардың бір бағыты.
Сарапшының сөзінше, демалыс қоры – бұл жазғы демалысқа қажетті ақшаны алдын ала жоспарлы түрде жинау. Яғни ол жаз мезгілінде ғана емес, бір жыл бойы жүргізілетін қаржылық тәртіптің бір бөлігі болуы тиіс.
Мысалы, егер отбасы Алакөлге баруды жоспарласа, алдымен жол, тұру, тамақтану және қосымша шығындардың барлығын есептеп шығуы қажет. Айталық, бес адамнан тұратын отбасының 7 күндік демалысын биыл қанша тұрғанын көре отырып, сол ақшаны келесі жылға 12 айға немесе аптаға бөліп, сол қаржыны отбасы бюджеті арқылы бірігіп жинау. Алдын ала демалыс қорын қамтамасыз ету, – дейді қаржы сарапшысы.
Қалай жинақтаған дұрыс? Ең бірінші SMART қағидасын қолданыңыз.
Жоспар нақты, өлшенетін, қолжетімді, өзекті және мерзімі шектеулі болуы керек.
Мысалы:
Үнем мен жинақ қатар жүруі керек. Алдымен қажетсіз шығындарды азайтып, үнемдеуді үйрену керек. Сонымен қатар, бар несиелерді біртіндеп жабу – қаржылық қысымды жеңілдетіп, жинақтауға жол ашады, – дейді.
Әсел Жарасқалиқызының айтуынша, қаржылық сауаттылық – бұл тек демалысқа ақша жинау немесе үнемдеу емес, адамның жалпы өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды дағдылардың бірі.
Қаржылық сауатты болу – тек өмірді жақсарту ғана емес, өмірдің мәнін түсініп, саналы шешім қабылдай білудің жолы. Сонымен қатар дүйсенбіден бастап арықтау емес немесе келесі жылдан бастап ақша жинау емес, әркімге ақшаға қатысты қабылданған шешімдерден тұрады. Сол себепті қаржылық сауатты болғыңыз келсе, әр уақытта сауаттылықты арттырып, сол бағытта кітаптар оқып, қолыңыздағы бар ақшаңызды жинап, сақтап, көбейту мүмкіндігін арттыру керек, – дейді қаржыгер.
Сондай-ақ сарапшы кірісті есептей отырып, шығысты үндемдеп, қалдыққа шығу, яғни ай сайын түсетін кірістен 10-20 пайыз ақшаны жинап, қаржылық қорға жету мүмкіндігін қарастыру керек екенін жеткізді.
Қаржыгер ақша үнемдеу бұл өздігінен келмейтін, біртіндеп қалыптасатын дағды екенін айтады. Яғни тек табыстың мөлшеріне емес, адамның қаржылық тәртібі мен шешім қабылдау тәсіліне байланысты деп отыр.
Мен, мысалы, бір затты сатып алғым келсе, бірден алмаймын. Екі-үш күн ойланып көремін. Бұл – өзімді маркетингтік, эмоциялық шешімдерден сақтайтын тәсіл. Көбіне уақыт өте келе ол заттың қажеті де болмай қалуы мүмкін екенін түсінемін, – дейді қаржыгер.
Сондай-ақ сарапшы нақты қаржылық жоспармен өмір сүру керегін айтады. Яғни кез келген шығын алдын ала жоспарланған кезде ғана ол отбасы бюджетіне салмақ салмайды. Демалыс па, жөндеу жұмыстары ма, бәрі жазылып, есепке алынып отырса, қаржы бақылауда болады.
Қанша шығын шықса да, әрқашан максималды түрде үнемдеуін қамтамасыз ету. Артық төлемеу, арзанырақ балама іздеу, науқанды пайдалану – бұлардың бәрі күнделікті үнем дағдысына кіреді, – дейді қаржыгер Әсел Жарасқалиқызы.
Бұған дейін ақшаны өз өміріңізге тартудың оңай әрі тиімді жолы туралы жазған едік.