Қыстың бітпей созылып кететіндей, ал жаздың көзді ашып-жұмғанша өте шығатындай әсер қалдыруы көп адамға таныс құбылыс болар. Мұның не себепті болатынын ғылыми тұрғыдан қарастырып көрейік.
Біз уақытты секунд, минут, сағат сияқты нақты өлшемдермен өлшеуге үйренгенбіз. Сағаттар мен күнтізбелер уақытты абсолютті, өзгермейтін құбылыс ретінде қабылдауға итермелейді. Алайда белгілі бір кезеңге көз жүгіртіп қарасақ, бұл қатаң жүйе жиі істен шығады. Жаз бір сәтте өтіп кеткендей, ал қыс шексіз созылғандай сезіледі. Демалыста күндер зырғып өтеді, ал күнделікті жұмыс ырғағында апталар баяу жылжиды.
Неліктен біздің уақытты субъективті қабылдауымыз оның объективті өлшемімен сәйкес келмейді және бірдей уақыт аралығы әр адамға әртүрлі сезіледң.
Уақытты қабылдауға ми қалай әсер етеді?
Физика тұрғысынан алғанда, уақыт - болмыстың өзгермейтін фоны. Алайда тірі ағзалар үшін, соның ішінде адам үшін, уақыт жай ғана пассивті орта емес, бүкіл ағзаның жұмысымен тығыз байланысты белсенді фактор.
Эволюция барысында ішкі биологиялық механизмдеріміз табиғи ырғақтардың — күн мен түннің ауысуы, Ай циклдері, маусымдық өзгерістер және Күн белсенділігі ықпалымен қалыптасты. Бұл ырғақтар гормондардың бөлінуінен бастап, когнитивті функцияларға дейінгі барлық негізгі үдерістерді реттейді. Мысалы, мелатонин қараңғы уақытта бөлінеді, ал кортизол таңертең ең жоғары деңгейге жетіп, ағзаны белсенділікке дайындайды.
Адамдар уақытты неге әртүрлі қабылдайды?
Философ Иммануил Кант атап өткендей, бір адамға бір уақыт аралығы көзді ашып-жұмғандай өтсе, екінші адамға ол өте ұзақ уақыт болып көрінуі мүмкін. Бұл байқау бүгінгі нейрофизиология мен нейропсихологиядағы ронопсихология саласындағы зерттеулермен расталады. Ғалымдар адамдарды шартты түрде екі топқа бөледі: уақытты қысқалау деп қабылдайтындар және, керісінше, оны ұзағырақ сезінетіндер.
Уақытты қабылдауға көптеген ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді. Мысалы, күйзеліс немесе қауіп жағдайында уақыт баяулағандай болады. Бұл мидың аса қырағылық режиміне өтіп, ұсақ-түйек детальдарға дейін тіркеуімен түсіндіріледі. Кейін еске алған кезде, бұл кезең өте ұзақ болғандай сезіледі. Ал қуанышқа бөленгенде немесе бір іске беріліп кеткенде, уақыттың қалай өткенін байқамай қаламыз, себебі минуттарды санап отыруды доғарамыз.
Сонымен қатар, күрделі тапсырмаға терең зейін қойып, оның әр қырын талдағанда уақыт кейде баяулағандай сезіледі — ми ақпаратты қарқынды өңдеп, әр секундты «салмақты» етеді. Ал қарапайым, үйреншікті әрекеттер кезінде когнитивті ресурстар аз жұмсалады да, уақыттың өтуі байқалмай қалады.
Сыртқы орта да маңызды рөл атқарады. Шуылы көп, қарқынды орта уақыттың тез өтіп жатқандай әсерін береді, себебі ми үлкен ақпарат ағынын жылдам өңдеуге мәжбүр. Ал тыныштық пен бірсарынды жағдай әр сәтті созылыңқы әрі айқын етеді.
Физиологиялық жағдай да уақытты қабылдауды түбегейлі өзгерте алады. Шаршау, ауру немесе күйзеліс кезінде тіпті қысқа уақыттың өзі ауыр әрі шексіз болып көрінеді. Ал сергек күй, дене белсенділігі мен шабыт, керісінше, уақытты «жеңілдетіп», сол кезеңде көп нәрсеге үлгергендей сезім сыйлайды.
Неліктен жаз қысқа, ал қыс ұзақ сезіледі?
Көріп отырғанымыздай, уақытты қабылдау - биологиялық, психологиялық және физиологиялық факторлармен тығыз байланысты күрделі үдеріс. Бұл сағат тілінің қозғалысын ғана емес, оқиғалар легін біздің ішкі күйіміз арқылы түсіндіру.
Ғалымдар уақытты сезінуге оқиғалардың тығыздығы мен олардың жадыда сақталуы да әсер ететінін айтады. Зерттеулер көрсеткендей, эмоциялық тұрғыдан маңызды, жарқын оқиғаларға толы кезең қысқалау болып қабылданады. Себебі ми көптеген тірек нүктелерін есте қаларлық сәттерді қалыптастырады, ал оларды еске алғанда бәрі бір жылдам ағымға бірігеді. Ал бірсарынды, жаңа әсері аз кезеңдер, керісінше, созылыңқы болып сезіледі, өйткені жадта айқын естеліктер аз қалады.
Дәл осы себептен бізге жаз қыстан жылдамырақ өтетіндей көрінеді. Бұл мезгілде өмір табиғи түрде мазмұндырақ болады: жиі саяхаттаймыз, табиғат аясында уақыт өткіземіз, достармен кездесеміз. Әр күн жаңа әсер сыйлайды, ми бұл сәттерді үздіксіз тіркеп отырады. Қыста жағдай өзгереді. Суық ауа райы, күнделікті бірсарынды тіршілік пен қозғалыстың шектелуі салдарынан күндер бір-біріне ұқсап кетеді. Ми жаңа стимулдарды аз қабылдайды, соның нәтижесінде уақыт баяу өтетіндей сезіледі.
Мұнда жарық күннің ұзақтығына байланысты биологиялық ырғақтардың да рөлі зор. Мидағы гипоталамустың супрахиазматикалық ядросында орналасқан ішкі «сағат» күн мен түннің ауысуына жауап береді. Жазда күннің ұзақ болуы жүйке жүйесін ынталандырып, сергектікті арттырады және уақыттың қарқынды өтіп жатқандай әсерін туғызады. Ал қыста күннің ерте батуы мен түннің ұзақтығы ұйқы гормоны мелатониннің көп бөлінуіне әкеледі. Бұл биологиялық үдерістерді баяулатып, ұйқышылдықты күшейтеді және уақыттың созылып кеткендей сезілуін арттырады.