"Жайықтың жағасына жасырған". БҚО мен Атырауға есірткі жіберіп отырғандар ұсталды

13 Қараша 2023, 09:02 900

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының аумағында байланыссыз жасыру әдісімен марихуана және гашиш есірткі құралдарын сатумен айналысқан интернет-дүкенге тосқауыл қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында жоғарыда аталған интернет-дүкеннің операторы және курьері болған Орал қаласының екі тұрғыны ұсталды. Атырау, Орал және Ақсай қалаларында олар бұрын жасырып кеткен 500-ден астам есірткі орамы тәркіленді. Айта кету керек, олардың 300-ден астамы Атырауда Жайық өзенінің жағасындағы қоғамдық орындардан табылды. Қазіргі таңда есірткі дүкенін ұйымдастырушыны анықтау және оны бұғаттау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі интернет-дүкендердің 19 ұйымдастырушысын, 105 оператор мен 297 есірткі жасырушыны ұстады. Есірткі құралдарының таралуы туралы ақпаратты қамтитын 3500 интернет-ресурс анықталып, бұғатталды, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: