Жайыққа арналған әндер жаңарған нұсқада жарық көрді

9 Қаңтар, 17:45 1652

Қай ғасырда, қай уақытта болмасын Жайық өзенінің жағасына келген жұрттың жанын рух пен жігер, жүрегін мақтаныш пен өткенге деген сағыныш сезімі бойлайды. Себебі, осы өзеннің бойында Қыз Жібек балалық шағын өткізген. Ел азаттығы үшін жан беріп, күрескен Махамбет пен Исатай осы өлкені мекен еткен.

Жағасын соққан тентек толқыны тарихтан сыр шертетін Жайыққа келіп, Қасым Аманжолов, Төлеген Айбергенов пен Мұхтар Шаханов секілді ақындардың жыр жазуы бекер емес. Ал, қазақ вальсінің карольіне айналған Шәмші Қалдаяқов осы қасиетті өлкеге табаны тигенде атыраулықтардың жүрегін жаулаған ән «Ақжайық» жарық көрді.

Айта берсе, мысал жетерлік. Бірақ, жүрек қылын тербетіп, ішкі сезімдерді дәл жеткізетін бірден-бір құрал ол – ән екеніне ешкімнің таласы жоқ. Өйткені, ән –  ол жүректің тілі. Алайда, қазір Жайық бойын жағалай қоныстанған жұрттың жүрегінен орын алған әндердің бірқатары жоғалып барады десек болады. Себебі, халық арасында жиі орындалса да, әлем желіде тыңдарман көңілінен шығатын нұсқасы жоқ.

Осы сынды олқылықтардың орнын толтырып, естеліктерді жаңғырту мақсатында  Атырауда Жайыққа арналған әндер жаңарған нұсқада жарық көрді.


Фото: kilen creative hub


Фото: kilen creative hub

Бұл жұмыспен “Kilen creative hub” шығармашылық ұйымы айналысты. Атыраулық жас әртістер мен шығармашыл жандардан құралған орта ескі әндерге жаңаша үн беруді ұйғарған.

“Kilen creative hub” шығармашылық ұйымы – 2021 жылы құрылды. Сол уақыттан бастап, түрлі үлкенді-кішілі жобаларды іске асырып, тыңдармандары мен көрермендерін қуантып келеді. Тіпті, 2022 жылы олар «Жайық толқынында» атты фильм түсірді. Аталған картинада Атырау қаласының тыныс-тіршілігінен бөлек, жергілікті шығармашыл жастардың әлемі мен өнері туралы баяндалады.


Фото: kilen creative hub


Фото: kilen creative hub

Ал, жақында «Estelik» атымен жаңа жоба жарық көрді. Тіпті, алғашқы шығарылымы тыңдармандарына жол тартып үлгерді. Мұнда олар - әуендер топтамасын мұнайлы өлкенің ғана емес, күллі қазақтың қазынасына айналған «Ақ Жайыққа» арнаған. “Kilen creative hub” шығармашылық ұйымының продюссері мен негізін қалаушыларының бірі Нұрсұлтан Зиядаевтың айтуынша, жобаның мақсаты - ескі де есті әндерді тыңдарманға қолжетімді қылу және оларға жаңа өмір сыйлау.

Өзіміз Жайық бойын жағалай қоныстанып, бала күнімізден Жайыққа арналған жырлар мен қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылдыны тыңдап өскеннен кейін шығар, осы жобаны іске асыру идеясы келді. Оған қоса, әжелерімізден естіп өскен әндерді тыңдап, демалғымыз келген уақытта ғаламтордан таба алмай қалып жатамыз. Тапқан күннің өзінде сапасы өте нашар. Осындай жайттарды байқағаннан кейін «Estelik» жобасын қолға алудың маңыздылығын түсіндік. Бұл тек ескі әндерге жаңа өмір сыйлау ғана емес, бұны тарихтың жаңғыруына қосқан үлес деп түсінеміз, - Нұрсұлтан Зиядаев.


Фото: kilen creative hub

Продюссердің баяндауынша, жобаны іске асыру кезінде қиындықтар аз болмаған. «Алайда, төккен тердің ақталғаны қуантады» - дейді Нұрсұлтан. Алғашында, жобаға демеуші табылмағанымен, кейін Атырау облыстық ішкі саясаты жастар бастаған ізгі іске қолдау көрсеткен.

Түсірілім барысында әр әннің жеке атмосферасын көрерменге беру үшін көп күш жұмсалды. Жобаның сәтті аяқталғаны бұл - ұжымның ортақ жеңісі. Әрине, демеушілердің қолдауынсыз болмайды. Жалпы, ең қуантатын жайт ол -  тарихи туындылардың қолжетімді болғаны. Енді, тыңдарман Жайыққа арналған жырларды әлемнің әр бұрышында отырып, youtube, apple music, spotify секілді музыкалық плафтормалардан оңай тыңдай алады. Бұл да бір жетістік, - дейді “Kilen creative hub” шығармашылық ұйымының продюссері.


Фото: kilen creative hub

Әр аяқталған жобаның артында командалық жұмыстың бар екені анық. Ал, «Estelik» секілді музыкалық жоба – дыбыс продюсерінің өлшеусіз еңбегінсіз жарық көрмейтіні айдан анық. Қазір тыңдарман арасында танымал «Jauapsyz», «Huzun» мен «Aitkym Kelgeni» секілді хит әндердің авторы және дыбыс продюссері, битмейкер, “Kilen creative hub” шығармашылық ұйымының негізін қалаушы Ерсұлтан Бағытжанның айтуынша, бұл жоба өзі үшін үлкен тәжірибе болған.

Мен үшін «Estelik» өте әсерлі әрі үлкен жауапкершілікті талап еткен жоба болды. Осыған дейін көптеген бастамаларда жұмыс істегеніммен, аталған жоба аясында айтылған әндерді жазу, өңдеу барысында үлкен тәжірибе алдым. Жалпы, алғашқы шығарылымнан кейін, үлкен буынның назары ауып, жаңа демге ие болған ескі әндер олардың көңілінен шығып жатқанына қуандым. Шынында, осындай жобаның іске асуына атсалысқандардың бірі болу – бақыт, - Ерсұлтан Бағытжан.


Фото: kilen creative hub

Осы ретте, жобаға әртістер мен түсірілім тобынан бөлек, тағы 100 ден аса адам әр әнге хор арқылы сүйемелдеуге қатысқанын еске саламыз.

Жобаны жарыққа шығаруда ұжымның, жігіттердің еңбегі орасан зор. Әрқайсысы өзіне берілген жұмысты асқан жауапкершілікпен атқарып шықты. Мен дыбыс продюссері болғандықтан, әндерді өңдеу маған тапсырылды. Жобаны аяқтау үшін ұзақ уақыт қажет болғанын жасырмаймын. Өйткені, әнші дауысынан бөлек, артындағы бэк вокал, 100-ден астам хор қатысушыларының дауысын жазып, өңдеу, ретке келтіру секілді жұмыстар оңайға соқпады, - дейді “Kilen creative hub” шығармашылық ұйымының дыбыс продюссері.


Фото: kilen creative hub

Аталған жоба аясында, Жайыққа арналған 5 ескі ән жаңа форматта жарық көрді. Олар, Ф.Оңғарсынованың сөзіне жазылған «Жайықтың толқындары», ақын Төлеген Айбергенов пен композитор Ш.Қалдаяқовтың әні «Ақерке – Ақжайық», М.Шахановтың «Жайықпен жүздескенде», Н.Тілендиевтың сазымен «Көп болды-ау Ақжайыққа бармағалы» және ақын Ж.Молдағалиев пен композитор І.Жақановтың әні «Еділ мен Жайық».

Жайық жұртының жүрегінде қалған «Ақерке – Ақжайық» әнін жаңа форматта орындаған театр актері, әнші Райымбек Каденнің айтуынша, туған жер туралы әндерді шырқау қашанда үлкен сезімге бөлейді.

Бұл әндердің біздің өмірімізде алар орны ерекше. Себебі, өзіміз Жайық бойында ержеткен жандардың біріміз. Қашанда туған жер туралы әнді шырқау әнші үшін бұл - ерекше сезім. Ал, мұндай үлкен жобаның қатысушыларының бірі болу мені тіптен бөлек күйге бөледі, - Райымбек Каден.


Фото: kilen creative hub

Райымбек Каден, бұл жоба тыңдарманның көңілінен шығады деген сенімін жасырмады.

Жалпы, жобаның әр детальіне мән беріліп, зер салынып жасалды десем артық айтқаным болмас. Өйткені, түсірілім барысында, ұжымның қалай еңбектенгенін өз көзіммен көрдім. Команда үлкен істі атқарып шықты. Осындай еңбек атқарлғанна көзайым болғаннан кейін, «Estelik» жобасы халыққа жаңа үнмен естіліп, тыңдарманның көңілінен шығады деген сенімдемін, - дейді әнші.


 Фото: kilen creative hub

Жастардың жүрегіне «Gladness», «Sulu Beinen» және «4 Chords» әндерімен жол тапқан, «Aidhn» лақап атымен танымал атыраулық әнші де «Estelik» жобасының жарыққа шығуына ат салысқан әртістердің бірі. Ол, бұл жобада тек ән шырқап ғана қоймай, аранжировкаға үлесін қосты. Кітапқали Айдынның мәлімдеуінше, аталған жобада жұмыс істегендер ескі әндердің құндылықтарын жойып алмауға тырысты.

Біз таңдап алған әндер халықтың арасында үлкен құрметке ие туындылар. Сол себепті, әндерді орындау кезінде, аранжировка кезінде олардың құндылықтарын жоғалтып алмауға тырыстық. Жалпы, тарихымыздағы әндердің көбі классикалық музыкадағы стандартты өлшемдерге симайды. Осы бағытта көп күш пен уақытты жұмсадық. Ең күрделі әрі қызықты жұмыс әнге аранжировка жасап, оны түпнұсқаға барынша ұқсатуға тырысу, - дейді Кітапқали Айдын.


Фото: kilen creative hub

Жобаны жүзеге асырушылардың ішінде Айдынның еңбегін ерекше атап өткен жөн. Өйткені, ол тек әртіс ретінде берілген әндерді орындап ғана қоймай, оған қоса, жазылған дыбыстардың аранжировкасы мен әрлеуіне қатысты.

Жалпы, жұмыстың оңайы әрі қиыны деген болмайды. Әр істің өзіне тән қызығы мен қиыншылығы кездеседі. Осы ретте мен «Estelik» жобасында екі бағытта жұмыс істедім. Әнші ретінде де, дыбыс өңдеуші ретінде де үлкен тәжірибе жинадым. Біз бұнымен тоқтап қалмаймыз. Тыңдарманды әрі қарай қуантуды жалғастыратын боламыз, - деп атап өтті “Kilen creative hub” шығармашылық ұйымының мүшесі Айдын.


Фото: kilen creative hub

Айта кетейік, бұл жобада Абзал Сиғуат, Бексұлтан Бағытжан (jeltoksan) және Ербол Сердалиев секілді әртістердің орындауында ескі де есті әндер шырқалды. “Kilen creative hub” шығармашылық ұйымының мәліметінше, «Estelik» жобасы жалғасын табады. Келесі маусым қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың әндеріне арналады.

Равиль Ашығали
Бөлісу: