Жайық Күшікбаев: Суреттің ғажап болып шығуы ізденіс пен еңбекке байланысты

13 Маусым 2023, 17:13 1120

El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Жайық Күшікбаевпен шығармашылық жолы,  шабыты мен стилистикасы туралы сұхбаттасып қайтты. 

El.kz: Жайық мырза, сыры көп сурет өнеріне қалай келдіңіз? Суретші болғыңыз келетінін қашан түсіндіңіз?

Жайық Күшікбаев: Әкем соғыста жүргенде әскерилердің арасында кларнететте ойнайтын музыкант болған екен. «Музыка бізге рух пен күш береді» деп барлығы қорғап,  шамалары келшенше жылы жерде ұстап, күтіпті. Соның әсері ме екен, әкем бізді музыка әлеміне тартты. Біреуімізді домбыраға, қобызға, мені скрипкаға берді. Содан төртінші сыныптан бастап екі жыл скрипка сыныбында оқыдым. Бірақ, мені кішкентай кезімнен сурет өнері қызықтыратын. Қасымдағы бір баладан акварель бояуларын көріп, қызығып, таңнан кешкеге дейін сурет салғаным әлі есімде.

Кейде суреттерді кітаптардан да көшіретінмін. Сурет салуға құштарлығым сонша, үйдегі аппақ қабырғаға, сүйкенген кезде адамға жұқпасын деп арнайы жапқыш ілулі тұратын, соның артына, сурет салып тастайтынмын. Үйге келгенде жапқышты айқара ашып, көрмеге келген адамдай қарап тұратынмын. Тіпті еденді де суретке толтырып тастайтынмын. Бір бұрышын бітірсем, екінші бұрышына саламын, есіктен төрге дейін Лениннің бас мүсінінің суретін бейнелеген кездерім де болды. Шешем оны көріп, ұрысып жүріп жуатын.

Ең бірінші рет «Спасская башня» сияқты соборлардың суреттерін бір кітаптан көріп қалып, таң қалдым. Ол маған ертегідегі ғимараттар сияқты көрінді. Осы ғимараттардың күмбездеріне, өрнектеріне тамсанып сала беретінмін.

Кейін мені интернатқа берді. Сол кездердегі антисанитариялық жағдайларға байланысты шешем мені үйге қайтарып алды. Енді үйде жатсам-тұрсам сурет саламын. Сөйтіп, үй іші суреттеріме толып кетті. Кейін әкем, сол кезде шығып жүрген «Пионерская правда», «Огонек» деген газет-журналдарға суреттерімді жіберіп тұрды. Газет редакциясынан жақсы ілтипаттар келіп тұрды. Оған әкем қуанатын.

1981 жылы сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін әкем сол кездегі Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне әкелді, оқуға түсіп кеттім. Сол жерде 4 жыл оқыдым. Кейін Санкт-Петербургтегі Репина академиясына жолдама алдым. Бірақ түсе алмадым. Сосын ауылға қайта оралып, бір жылдай сурет пәнінен ұстаздық еттім. Келесі жылы оқуға қайта дайындалып, қалаған мамандықта орын болмағандықтан қайта түсе алмадым. Кейін Мәскеуге кетіп қалдым. Ол жерде бір жылдай жұмыс істедім. Сөйтіп қатарынан 3 жыл оқуға түсе алмадым. Кейін  А.С. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік киноматография институтының көркемөнер факультетініне түсіп 1992 жылы бітірдім.

El.kz: Қай суретшілердің шығармашылығанан шабыт алып, кімнің стилистикасына өзіңізді жақын деп есептейсіз? Сіздің стилистикаңызға әсер еткен кім?

Жайық Күшікбаев: Маған голланд суретшісі Винсент Ван Гогтың шығармашылығы ұнайды. Маған Ван Гогтың інісі Теодорға жазған хаттары шабыт береді. «Адам өмірге бақытты болу үшін емес, тіпті оны адал өткізу үшін емес, адамзаттың игілігіне жұмсалатын таңғажайып нәрселерді ойлап тауып, сол ісімен өзін таныту үшін келеді» деген екен. Бұл хаттар мені ойландырып, көптеген ізденістерге әкеледі.

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші Кенжебай Дүйсенбаев мені сурет өнеріне қызықтырып, шабыттандырып, қанат бітіріп отыратын.

Сондай-ақ Мәскеуде оқып жүргенде Борис Михайлович Неменский деген ұстазым шығармашылығыма үлкен әсер етті. Ол талантты суретші, ұстаз. БМКИ-де оқып жүргенде мені Пушкин атындағы  музейге жіберіп, сонда қойылған суреттерді көшіртетін. Осылай үздік деген көшірмелерім пайда болып, көптеген тәжірбие алуыма септігін тигізді. Мысалы, талантты  суретші, Дунай мектебінің негізін қалаушы аға Лукас Кранның «Жүзімдіктегі Мадонна», Герард ван Хонтхорстың «Бақташылар» деген суреттерінің көшірмелерін жасадым.

Сондай-ақ суреттерімді салған сайын көз алдыма Әбілхан Қастеев елестейді. Қастеевтің ұнайтын қасиеті сурет салған сайын кішкентай бала сияқты отырып, енді ғана қолына қылқалам мен қарындаш алғандай әр суретке ерекше  нәзік әрі әсерлі тұрғыда қарайды.

El.kz: Сізді «пейзаждың Бейімбеті» деп атап кетті.  Сіз өзіңізді сурет өнерінде тапқанға дейін әр түрлі стиль мен бағыттармен істедіңіз. Сонда өз стиліңізді қалай таптыңыз?

Жайық Күшікбаев: Кезінде Энгер деген суретші «Сіз стиліңізді таптыңыз ба?» деген кезде «Мен стилімді тапсам, мен сол кезде өзімді жоғалтып, суреші ретінде өлуші едім» деген екен. Осы оймен толықтай келісемін.

Сурет өнерінің стильдері - әртүрлі, сондай-ақ бір-бірімен тығыз байланысып, нақты бір уақыт шеңберімен шектелмейтін өнер түрі.

Сонымен қатар, стиль әрқашан өргеріске ұшырап, әр ізденіс, жаңа толғаныс пен шабыт келген сайын өзгеріп отырады. Бұл - кескіннің әртүрлі ерекшеліктерінің жиынтығы, шығарманың идеясы, сюжет немесе оның болмауы, әртүрлі әдістердің, жарық пен түстердің қолданылуы.  Мысалы, бір туындымды бастағанда, табиғатқа шыққан кезде «осылай, не былай істеймін» деп ойластырмаймын. Сүйсініп көрген дүниелерімді қағаз бетіне түсіре беремін. 

El.kz: Шабыт шынымен де маңызды ма деген сұрақтарға жалпыға бірдей дұрыс жауап жоқ деп ойлаймын.  Әр суретшінің өнер туындыларын жасаудың, сіз айтып өткендей, өзіндік тәсілі бар ғой. Кейбір шеберлер табиғаттың өзінен шабыт алып, ашық аспан астында эскиздері туып, қоршаған әлемнің «өзіне тартымды» бөлшектерімен жұмыс істейтіні хақ. Ал Сіздің жұмыстарыңыздың идеясы, сюжеті қалай туады?

Жайық Күшікбаев: Әр суретімнің сюжеті қалай туады дегенге  «Купание» деген жұмысымды мысал ретінде келтірейін. Ел ішінде «әр адам осы дүниеге жылап келіп, жылап кетеді» деген сөз бар ғой. Осы ойды туындымның арқауы етіп алып, біртұтастықты ұстай алатын,  түс жағынан және композициясы бойынша шашыраңқы болмайтын шығарма жасауға тырыстым. Бұл менің басты ұстанымым.

Бір күні моншада отырған кезімде бір қызық оқиғаға тап болдым. Әкесі мен баласы шомылып жатыр екен. Әкесі ұлының үстіне салқын су құйып жіберген кезде бала айқайлап, жылап жіберді. Осындай сәттер мен оқиғалар маған ерекше әсер беріп, туындыларымның сюжеттері жарық көрді.

Бірде жұмыстарыммен жүріп Алатаудың бөктеріне көзім түсіп кетті. Сол көрініс ойымнан ұзақ уақыт кетпей, қайта-қайта барып жүрдім.  Көзіме түскен нәрселерді қағаз бетіне түсіре бердім. Ойымда жүрген суретті панорама етіп, 2х1 форматта жасайтын болдым. Бұл суретім жақсы бағаланды. Сондықтан да суреттің ғажап болып шығуы ізденіс пен тынбай еңбек етуде деп есептеймін.

El.kz: Шығармашылық Сіздің өміріңізде қандай орын алады? Сіз оған қанша уақыт арнайсыз?

Жайық Күшікбаев: Шығармашылықтағы маман иелері өзінің қалап алған мамындығын жақсы көріп қана қоймай, оған барлық көңілін бөлуі шарт. Мысалы, суреттерімді салмас бұрын таңдаған тақырыбыма ізденіп, қағаз бетіне түсіретін пейзаждың толықтай бір сюжетін  құрастырмас бұрын бірнеше рет барып зерттеймін.  

Қапшағайдағы жұмысымды жасау үшін 40 рет барған кездерім де болды. Таңертеңнен кешке дейін еңбектеніп, ізденген сайын керемет күйге түсемін. 

El.kz: Сіздің «Көкжиек сызығы», «Панорама» атты жеке көрмелеріңіз өтті. Сіздің алғашқы жеке көрмеңіз есіңізде ме? Сіз үшін бұл кезең қандай болды?

Жайық Күшікбаев: 1981 жылы дипломдық жұмысымда триптих жасадым. Ол кезде менің жетекшім Кенжебай Дүйсенбаев болды.  Анамның ошақ басында тамақ әзірлеп жатқанын холст бетіне түсіріп, жазғанмын. Сол суретімді суретшілер қауымы жылы қабылдады. Сол 81-ші жылы «Жігер» деген алғашқы көрмем болды.

2014 жылы Қастеев музейінде алғашқы жеке көрмем өтті. Көрмеге суреттерімді қойдым. Ол Жүргенов академиясында жұмыс істеген кезім.  

Мысалы, «Парыз» атты жеке көрмемде  пейзаж жанрындағы сексенге жуық кескіндемелік композицияларым қойылды. Бұл көрмеде Алатау бөктері мен Қапшағайдың, Аралдың түрлі көріністерін бейнелеген туындыларым қойылды.

2015 жылы Қастеев музейінде әке-шешеме арнап көрме өтті, онда 110 сурет қойылған еді.

El.kz: Шығармашылықтағы жоспарларыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз.

Жайық Күшікбаев: Сурет өнерінсіз болашағымды елестете алмаймын. Бұрынғыша сипмозиумдарға қатысып, студенттермен әңгімелесіп, оларға білген-түйгеніммен, осы күнге дейін жинаған тәжірбиеммен бөлісіп,  академиялық сурет пен кескіндемеден сабақ беруімді жалғастырамын.

Әдемі ҚАПАР
Бөлісу: