Жайық-Каспий бассейні аумағында 1,5 тоннаға жуық балық тәркіленді

10 Сәуір, 21:38 628

Жайық-Каспий бассейні аумағында «Бекіре» акциясы өткізіліп жатыр. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің, ІІМ және ҰҚК шекара қызметінің қатысуымен Жайық-Каспий бассейні аумағында «Бекіре» акциясы өткізіліп жатыр.

Шараға Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары полиция департаменттері мен батыс өңірлік көлік полициясының 300-ге жуық қызметкері және 28 техникасы, оның ішінде бес жүзу құралы, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылды.

Акцияның мақсаты - браконьерлік және балық өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтап, жолын кесу.

Полиция мәліметінше, 10 күн ішінде 72 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 10 заңсыз өндіру фактісі, екі сатып алу немесе өткізу факісі, бір балық және балық өнімдерін тасымалдау фактісі бар.

12 қылмыстық іс қозғалды. 60 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, екі млн теңгеден астам сомаға айыппұл өндірілді.

Құқық бұзушылардан 1,5 тоннаға жуық балық, оның ішінде 48 кг бекіре балығы және 3,5 кг уылдырық тәркіленді.

Мысалы, Ақтауда автокөлік тоқтатылып, салоннан екі пластик шелекте тиісті құжаттары жоқ, салмағы бір килограмм бекіре тұқымдас балықтың уылдырығы табылды.

Одан бөлек, Каспий теңізінің жағасында моторлы қайықтан тоғыз дана көксерке балығы және екі дана бекіре балығы табылып, тәркіленді.

Бұл бағытта жұмыс жалғасуда, - деді ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Төлеубай Мұхамадиев.

Зарина Арман
Бөлісу: