Жайлы мектеп – жақсы білім кепілі ме?

16 Тамыз, 14:37 931

Балалар үшін алғашқы қоңырау соғылуға таяу қалды. Биылғы оқу жылында еліміздің бірнеше өңірлерінде оқушылар жаңа «жайлы мектепке» аяқ баспақ. Жайлы мектептің басқа мектептерден қандай айырмашылығы бар? Осы сұраққа El.kz ақпарат агенттігі тілшісі жауап іздеп көрген. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін дамыту және мұғалімдерді қолдауға көңіл бөлу қажеттігін атап, «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды.

Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айыр­машылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

         «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің әр өңіріндегі оқушы орындары тапшылығын шешуге бағытталған. Осы оқу жылында 740 мың оқушыға арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті қолданысқа беріледі. Ұлттық жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлу көзделген.  Бұл жобаны іске асыруға урбанизация, халықтың көші-қоны, бала санының көбеюуі, мектеп ғимараттарының тозуы, мегаполистерде халықтың тығыз орналасуы секілді факторлар ықпал етіп отыр.

Елімізде аталған жоба аясында 842 мың балаға арналған 401 жаңа мектеп салынады. Жаңа үлгідегі мектептер 2025 жылдың соңына дейін қалаларда да, шалғай елдімекендерде де салынуы тиіс. Құрылысқа отандық өндірістегі материалдар қолданылады. Бұл ретте әкімдердің жеке жауапкершілігіне мектеп салуға жер телімдерін беру, инженерлік инфрақұрылымды, жолдарды салу, қоғамдық көлік бағыттарын анықтау және т.б. жұмыстарды жүргізу,  педагог кадрлармен қамтамасыз ету және мектептерді иелікке алу,  мектепті пайдалануға берудің бекітілген жоспарын уақтылы орындау, жобаны іске асырудың алғашқы жылында оқушы орны тапшы аймақтарда мектептер салуды қамтамасыз ету тәрізді жұмыстар берілген.

Мектептерді жобалау Қазақстанның қолданыстағы нормаларына, ҚР Үкіметі бекіткен техникалық тапсырмалары мен білім беру ұйымдарын салудағы озық халықаралық тәжірибеге негізделеді. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы. Жаңа мектептер ең алдымен мектеп тапшылығы бар аймақтарда салынады. Бекітілген жоспарға сәйкес, мектептердің көпшілігі Алматы облысында, Түркістан облысында, Шымкентте, Маңғыстау облысында, Астана мен Алматыда салынады. Қалған мектептер шағын қалаларды қоса алғанда, бүкіл Қазақстан бойынша теңдей бөлінеді. Бұрынғы Оқу-ағарту министрі, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» туралы:

Жаңа жайлы мектептер мен қазіргі салынып жатқан мектептердің тұжырымдамалық айырмашылықтары – құрылыстың бірыңғай стандартының сақталуы, заманауи пән кабинеттерімен және зертханалармен толық жабдықталуы, 1-4-сынып оқушылары мен 5-11-сынып оқушылары үшін бөлек блоктардың болуы, құрылыс және әрлеу материалдарының сапасы жоғары болуында. Оқушылардың санын ескере отырып, көбірек спорт залдары ашылады. Қыздар мен ұлдарды еңбекке тәрбиелеу үшін әр мектепте арнайы шеберханалар қарастырылады. Жалпы 1,5 млн орын салу – біртіндеп бірауысымды оқу форматына көшуге де жол ашатын игі бастама, - деп пікір білдірген.  

Жайлы мектептердің ерекшелігі, олар бірыңғай стандарттар бойынша салынады. Жаңа мектептер, талап бойынша, 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 немесе 2500 орынды деп белгіленген жеті түрдің біріне сай салынуы керек. Оларда бірнеше зертхана, аумағы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сонымен қатар заманауи мектептерде бастауыш сыныптар (9х18м) мен орта буын, жоғары сынып оқушылары үшін (36х18м) бөлек-бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпқа арнайы интерактивті тақта мен мұғалімге арналған компьютер де қарастырылған. Жалпы, бұл жоба аясында тұрғызылатын мектептер президенттің және үкіметтің жеке қадағалауында болатыны ескертілді. Құрылысты қадағалау инженерлік қызметтері де ашық конкурстық негізде сатып алынады. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы жағдай жасалады. Жайлы мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіріледі. Сонымен қатар бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен жеке спортзалы болады. Сондай-ақ пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар — бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталады. Мектепте оқулықтар мен оқушылардың жеке заттарын сақтауға арналған шкафтар қойылады. Оқушылардың ыңғайлылығы үшін трансформер-парталар мен «ауызсу фонтандары» қойылады. Мектептің әр қабатында оқушыларға арналған тынығу алаңдары жасалады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дабыл түймесі, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Мұнда физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнату қарастырылған, сонымен қатар мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Жайлы мектептерде спорт залдар мәселесі шешімін таппақ. Қазіргі мектептерде  бір ғана спорт зал бар, онда дене шынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Ал жайлы мектептерде бірнеше спорт залдар болады.

Жайлы мектептердің құрылысы толығымен қаржыландырылған. Осыған дейін мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат бөлінетін, сондықтан ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындап жататын. Ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Жайлы мектептерде ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешіледі.

Тағы бір ерекшелігі, жайлы мектептер салуда ашықтық сақталады. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына ықпал етеді. Сонымен қатар ұлттық жобаның отандық экономикаға деген әсері де айтарлықтай жоғары болмақ. Себебі мектепке қа­жетті жиһаздардың 95 пайызын отан­дық өндірушілер дайындайтын болады. Құрал-жаб­дық­тардың 60 пайызы өзіміздің ішкі нарықтан алынбақ. Сондай-ақ құрылыс материал­дарының 65 пайызы отан­дық өнімнен тұрады. Демек елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ұлттық жобаның алар орны айрықша болмақ.

Ұлттық жоба аясында балаларды сауықтыруға арналған 50 лагерь ашылмақ. Бағдарламада балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінген. Бұрын-соңды болмаған бастамада оқушылардың демалыс және сауықтыру лагерлеріне қолжетімділігін кеңейту жоспарланған. Балаларға қалауы бойынша спорттық секцияларға, шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік болады. Бұл шаралар мәдениет және спорт, білім беру ұйымдары арқылы іске асырылады. Оның ішінде білім, мәдениет және спорт салаларындағы секциялар мен үйірмелерге мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру тетігі арқылы жүзеге асырылады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бұл мектептерде  білікті, жаңашыл ұстаздар қызмет етуі керек. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, озық мектептердің басшылығынан бастап, мұғалімдеріне дейін қатаң тәртіппен, жіті сараптаудан өткізіледі. Олар тағылымдамадан өтеді. Яғни, білім көрсеткішін сараптау бойынша ауқымды жұмыс атқарылады. Ең алдымен, мектепте берілетін білімнің мазмұны арнайы жасақталады. Мұғалімдер суммативтік және  формативтік бағалау түрлерімен қарайды. Сонымен қатар, сыртқы бағалау деп аталатын  жүйе  бойынша да рейтинг сарапқа салынады.  Сыртқы бағалау арқылы мектептердегі білім беру деңгейі зерттеліп, зерделеніп отырады.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жоғары деңгейде көзделген межені орындаса  келесі жылы  Қазақстанда  100 мыңға тарта   жұмыс орны ашылады.  Бұл өз кезегінде жұмыссыздық мәселесінің оң шешім табуына әсер етеді.    

Қорыта айтсақ, «Жайлы мектеп» жобасы Қазақстанның мектептерін әлемдік стандарттарға сәйкестендіріп, оқушыларды сапалы, жан-жақты білім алуына көп ықпал тигізбек.  «Жайлы мектеп» сапалы білім кепілі болуы қажет. Сондықтан бағдар­ламада белгіленген жобаның жос­парлы түрде уақытылы жүзеге асуы­на және оқушының оқуға деген ынтасының артуына қолайлы орта қалыптастыруға күш жұмсалуы тиіс.

Мереке Амантай
Бөлісу: