Жаужүрек батырлар бейнесі қайта «тірілді»

3 Шілде 2019, 11:08 9437

Тарихи-патриоттық клуб көшпенділер өмірін қайта жаңғыртып, көне дәстүрді насихаттауға үлесін қосып жүр

Көшпенділер әлеміне саяхат. Жақында дүниежүзінің 10 мемлекетінен көшпенді елдің ұрпақтары елордадағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешеніне ат басын тіреп, онда дүйім жұртқа көшпенділердің өмір салтын кеңінен насихаттаған. Сонымен қоса, Ұлы Даланы тұлпарлар тұяғы дүбірлетіп, қала маңындағы көне қалашыққа қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, бой көтерген еді. Осымен төртінші  рет шымылдығы түрілген фестивалде әр елден келген қатысушылар өздерінің салт-дәстүрлері,   ұлттық һәм мәдени құндылықтарын паш етіп, кеңінен дәріптеген болатын. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Көшпенділер әлемі» атты этномәдениет фестивалінде көшпенді халықтың  өнерін жаңғыртуға алматылық «Sarbaz Rukhy» тарихи-патриоттық клубының бір топ өнерпаздары да қатысып, барша халыққа мерекелік-көңіл-күй сыйлаған болатын.

Елорда төрінде осымен төртінші  рет байрағын көтерген көшпенділер тойына Түркия, Болгария, Әзірбайжан, Иран, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және отандық командалар қатысып, көшпенділер әлемінің көріністерін барша елге көрсетті. Солардың арасында әсіресе ұлттық командалардың ішінде көпшілікке  «Медет пен Айсұлу» театрландырылған махаббат хикаясымен және теңге ілу, шабандоздық (джигитовка) өнерлерімен барша халыққа танылған «Sarbaz Rukhy» тарихи-патриоттық клубын ерекше атап өтуге болады. Бұл клубтың құрылу тарихы жайында айтар болсақ...

«Sarbaz Rukhy» тобын былтыр еліміздің этно-туризм саласында көптеген жобалар жасап, түрлі шаралар ұйымдастыруға атсалысып жүрген Әлішерова Әсел Мырзабекқызы құрған болатын. Қазіргі таңда топтың идеялық шабыт берушісі әрі жетекшісінің бастамасымен ақпан айында құрылған клуб жұмысы  еліміздегі жастардың бойына қазақи менталитетімізді сіңіртіп, оны алыс-жақын елдерге дәріптеуді мақсат еткен. Сөйтіп, алғаш рет кастингтерін өткізіп, содан бас-аяғы 30-дан аса қыз-жігіттермен өз жұмысын бастап кеткен.

«Қазіргі кезде біздің тарихи-патриоттық отансүйгіштер клубы Алматы облысына қарасты Талғар қаласында орналасқан. Біздің клубта қазақтың ықылым заманнан келе жатқан салт-дәстүрлеріне қызыққан 18-25 жас аралығындағы қыз-жігіттер бар. Ең бастысы ақысыз. Сонымен қоса, бұл арнайы мектеп емес, клуб екенін айта кетейін», - дейді «Sarbaz Rukhy» қоғамдық қоры жобасының үйлестірушісі Сара Әбілмажинова.

Бірақ та осы тұста ерекше атап өтетін жәйт, биыл клуб табалдырығын  мектепті бітірген қыз-жігіттермен қоса, 12 мен 16 жас аралығындағы жеткіншектер де алғаш аттаған. Сара Әбілмажинованың  айтуынша, клуб басшылары Түркі әлемінің келбетін қазіргі таңда жұртшылық арасында кеңінен насихаттауға өзіндік үлесін қосқысы келген мектеп оқушыларының меселін қайтарғысы келмеген. Сөйтіп, оларды клуб мүшелерінің қатарына қабылдапты. Жалпы бұған келуге ниет еткен кез-келген адамды арнайы критерийлер бойынша қабылдайды.

«Ең бастысы біз олардың салт-дәстүрімізді, ұлттық ойындарымызды және тағы басқаларын үйренуге деген қызығушылығы мен талпынысы бар не жоғына  қараймыз. Сонымен қатар,  бізге келуге ниет білдіргендердің дене бітіміне де баса назар аударамыз. Қыздардың бойы 170 см-ден, ал ұлдардың бойы 185 см-ден төмен болмау керек. Ал аруларымыздың салмағы 60 келіге дейін болса, ер балалардың салмағы 70-80 келіден аспау қажет. Кастинг кезінде біз оларға түрлі сынақтар ұйымдастырамыз. Мәселен, ер балалар түрлі дене жаттығуларын жасап, өздерінің шымырлығын, төзімділігін, қайсарлығын әрі жауапкершілігін дәлелдеулері тиіс», - дейді жоба үйлестірушісі.

Нәтижесінде осындай сынақтардан мүдірмей өткен қатысушыларды алда атқарар қыруар жұмыстар күтіп тұр. Яғни оларды клубтағы тәлімгерлер актерлік шеберлікке, топтық жұмыстарға баулиды. Клубтың мүшелігіне кірген әрбір бала  қазақтың бесікке салу, тұсау кесу, атқа отырғызу, қыз ұзату, беташар сынды салт-дәстүрлерін жіті меңгеріп, оны театрландырылған қойылымдар ретінде сахналап, көпшілік назарына ұсынады. Сонымен қатар, олар ұлттық ойындарымызды да меңгеруді ұмыт қалдырмайды. Олардың ішінде ат үсті акробатика мен шабандоздық өнерлері, қыз қуу, теңге ілу, жамбы мен садақ ату, қылыштасу, аударыспақ, көкпар сынды ойындарды «Sarbaz Rukhy» клубының арнайы мамандары  үйретіп, оны  қазіргі кезде  қайта жаңғыртып жүр.

Бір қызығы тарихи-патриоттық клуб балалардың бойына ұлттық қазақи менталитетімізді сіңірумен қоса, музыкалық аспаптарда ойнаудың қыр-сырын да қатар үйретуді қолға алған. Осылайша олар мүндағы қыз-жігіттердің таным көкжиектерін кеңейтіп, жан-жақты дамытуға сүбелі үлестерін қосып жатқанын ерекше атап өтуге болады.

«Қатысушыларға ықылым заманнан келе жатқан қазақ мәдениетімен  тарих пәнінің мұғалімдері таныстырса, ал тәжірибе жүзінде небір қиын трюктерді жасауды каскадерлер мен кәсіби жаттықтырушылар көрсетіп, үйретеді. Олардың бірнеше жылдап жинаған тәжірибелері мол және өз саласынынң нағыз шеберлері», - дейді С.Әбілмажинова.

Бүгінде патриоттық топ қатарында бас-аяғы 23-ке жуық қатысушының 11-і нәзік жандылардан тұрады. Олардың ішінде ең кішісінің жасы небәрі 12-де екен.

Құрылғанына небәрі бір жарым жыл ғана болған тарихи-патриоттық клуб елімізбен қоса, шетелдік сахналарды да бағындырып үлгерген. Былтыр олар Қырғызстанның  Шолпан-Ата қаласында өткен III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында алғаш рет өз өнерлерін үлкен сахнада көрсету мүмкіндігіне ие болды. Мұнда олар қыз қуу, теңге ілу секілді ұлттық ойындарымыздың ішінен шабандоздық өнерінен төрт мемлекет арасында жүзден жүйрік атанып, II орынға ие болды. Сондай-ақ  көк байрағымызды  желбіретіп қайтқан болатын.

Осындай үлкен сахналарда олар Түркі әлемінің көріністерін айшықтайтын костюмдерін киіп шығып, барша көрерменді таңғалдырудан әлі жалыққан емес. Олардың костюм топтамалары  сонау Қазақ хандығы құрылған кезден бастап сыр шертеді. Топтамадан кезінде билер мен хандар киген шапандар мен Қыз Жібектің заманынан сәнге айналған үлкен көйлектерді кездестіруге болады. Сонымен қоса, жоба үйлестірушісі топтамада батырларымыздың үстіне киген арнайы киімдері мен сауыт-саймандары да барын айтады.

«Біздің тарихи-патриоттық клубымызда костюмдер белгілі бір ғасырлар кезеңін көрсетуге арналмайды. Костюм тігілмес бұрын әуелі әр қатысушы образдарын басшымыз Әсел Әлішерова таңдап, бекітеді. Кейін арнайы дизайнер мамандар тігілетін әр костюмнің эскизін әзірлеп, түрлі кітаптардан қарап әр деталіне мән беріп және оны киген адамның келбетін ашатындай етіп дайындайды. Өйткені, шетелдік фестивалдерде өнер көрсеткен уақытта сол жердің жергілікті халқы  костюмдердің кішкентай бөлшектеріне дейін назар аударады», - дейді С.Әбілмажинова.

Сонымен қоса, көшпенділер әлемін бейнелейтін клуб мүшелерінің оң саусағынан өнер тамған ісмер екендігін де байқадық. «Sarbaz Rukhy» қоғамдық қорының жеке шеберханасында алдымен оларға  арнайы мамандар сақ, ғұн, үйсін сынды әр тайпаның ерекшеліктерін түсіндіреді. Киген киімдерін тігу жолдарын оқытып, кейін оны тәжірибе жүзінде тігу процесін үйретеді. Содан кейін үйренушілер түрлі былғары терілерінен (кожа) ер тоқым, сауыт-сайман, қылыш, садақтың қалқандары секілді өзге де заттарды  жасауға білек сыбана кіріседі. Осылайша, оларда  костюмдердің жартысын  тігу процесіне атсалысып тұрады. Ал қалғанын арнайы үлкен тігін цехтарда тігеді екен. Жалпы ата-бабаларымыздың киген киімдерін қайта қалпына келтіру жұмыс барысына қордың басшысы Әсел Әлішерова  жетекшілік  етіп, үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Жақында олар елордада өткен «Көшпенділер әлемі» фестивалінде жауынгерлік өнерді көпшілік арасында кеңінен дәріптейтін «Томирис амазонкалары» атты шоу мен Жоңғар шапқыншылығынан көріністер көрсетіп, жұртшылықтың жылы лебізіне бөленген еді.

«Біздің «Томирис амазонкалары» деп атау бергеніміздің астарында үлкен мән жатыр. Өйткені, «Көшпенділер әлемі» сынды фестивалдерде  көбінесе  ер жігіттеріміз өнер көрсететінін байқауға болады. Сол уақыттары біздің қазақ қыздары да неге қатыспайды деген ой туған еді. Содан біз қыздарымыздың Томирис ханшайымдай ержүрек, батыл әрі қайсар екендігін көрсету үшін осындай шоуды ұйымдастырдық», - дейді жоба үйлестірушісі.


 

Барша қауым алдында тұңғыш рет 12 жасар баланың ат үстінде шабандоздық  өнерді көрсетуін ерекше атап өтуге болады. Сонымен қоса, этномәдени кешенге жиналған халық қыз қуу, жамбы ату, садақ ату сияқты өнерлерін ортаға салып, отандық және шетелдік меймандарды өз өнерлерімен тәнті етті.

Енді алдағы уақытта  патриоттық клубтың қыз-жігіттері Польша елінде өтетін «Жасыл таулар» атты фестивалді бағындыруды жоспарлап отыр. Онда олар ұлттық дәстүрлеріміз бен фольклорымызды жаңғыртып, жергілікті халыққа өз өнерлерін паш етпек.

Жыл өткен сайын «Көшпенділер әлемі» фестиваліне қызығушылық артып келеді. Мәселен, өткен жылы елордада өткен  этномәдени шараға сегіз елден 90-ға жуық қатысушы келсе, биыл он мемлекеттен  180 қонақ ат басын тіреген болатын.

Тарихтағы көшпенділер өмірін бейнелейтін халықаралық фестивалде шетелдік меймандарға еліміздің дамыған бүгінгі келбеті мен сан ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи мұрамызбен жақынырақ танысуға ерекше мүмкіндік болып тұр.

Осындай фестивалдер аясында орта ғасырлардағы жаужүрек батырларымыздың бейнесі қайта «тіріліп», майдан даласындағы айқас-шабуылдар көрсетіліп, көшпенділер мәдениеті барша әлемге танылды. Мұндай халықаралық шараларды өткізу арқылы елімізге көшпенді елдің тұрмысына қызыққан туристерді де көптеп тартуға таптырмас мүмкіндік. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген түбі бір түркі халықтарына есігімізді ашып, құшақ жая қарсы алып, мәдениетімізді паш етіп әрі елімізге ағылатын демалушылардың санын да арттыруға керемет мүмкіндік!

(Суреттер «Sarbaz Rukhy» тарихи-патриоттық клубының  жеке мұрағатынан алынды)

Осыған ұқсас қызықты материалдар:

Әйгілі қолбасшы Шыңғыс хан би өнерінде жаңғырды​ 

Сұңғақ бойлы қазақтың алпауыттары қайда жұмыс істейді? 

Әділжан Толықбаев: «Жақсы музыка адамды тәрбиелейді...»

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: