Бүгін Jibek Joly телеарнасында «Жауынгер жазбасы» атты деректі фильм көрсетілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Туынды Екінші дүниежүзілік соғыстың шынайы көріністерін бір жауынгердің жеке күнделігі арқылы баяндайды.
Фильмнің негізіне Қайыржан Мұхтаровтың соғыс жылдарында қазақ тілінде жазған күнделігі алынған. Ол 1914 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қараой ауылында дүниеге келген. Соғыстан кейін ұзақ жылдар бойы математика пәнінің мұғалімі, мектеп директоры болып қызмет атқарды. 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірді.
Күнделік — Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақ тіліндегі сирек кездесетін жазбаша куәсі. Онда майдан шындығы, жауынгердің ішкі жан толғаныстары мен күнделікті өмірі шынайы сипатталады. Бұл жазбаның тарихи құндылығы жоғары, сол кезеңдегі оқиғаларды тікелей куәгердің көзімен жеткізеді.