Жауын-шашын, жел: ауа райына байланысты ескерту жарияланды

10 Сәуір, 04:15 690

«Қазгидромет» РМК 2024 жылдың 10-12 сәуір аралығында Қазақстанның басым бөлігінде ауа қатты жауын-шашын мен жел болып, салдарынан су деңгейінің көтерілу қаупі жоғарылайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

10 сәуірде Жетісу облысының оңтүстігінде, шығысында синоптиктер оңтүстік-батыстан 20 м/с, кей тұста 23-28 м/с жылдамдықпен жел соғатынын болжайды.

Солтүстік Қазақстан облысында түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар), күндіз негізінен жаңбыр жауады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ болады деп күтіледі. Күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында, оңтүстігінде солтүстік-батыстан, солтүстіктен соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Петропавлда түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ болады, күндіз жаңбыр жауады деп болжанады. Түнде және таңертең тұман болады.

Күндіз Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында қатты жаңбыр, найзағай болады деп болжанады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында тұман түседі. Оралда аракідік қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп күтіледі.

Түнде Ақтөбе облысының шығысында, күндіз батысында, солтүстігінде жаңбыр жауады. Түнде және таңертең облыстың батысында, солтүстігінде тұман түсуі ықтимал.

10 сәуірде Ақмола облысында түнде қар аралас жаңбыр, күндіз жаңбыр жауады. Түнде және таңертең облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында тұман түсуі ықтимал. Облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында батыстан, солтүстік-батыстан 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.

Қалқұтан өзені – Қалқұтан ауылы гидрологиялық бекетінде су деңгейінің көтерілуі (4 сағат ішінде 3 см) жалғасуда. Сағат 12:00-дегі жағдай бойынша су деңгейі сыни межеден 1 см-ге (критикалық белгі 630 см) асты. Су объектісінің жағдайы: гидрологиялық бекетте сең жүру құбылыстары жоқ (таза). Өзендегі су деңгейінің көтерілуі қар жамылғысының қарқынды еруіне, өзендегі бүйірлік ағыстың қарқын алуына және өзен арнасының жоғары орналасқан бөлігінен асуына байланысты.

Болашақта су деңгейі жоғарылай түседі деп күтіледі.

Ведомство су қауіпті межеден асқан кезде өзен жағасында және оның ағысы бойынша төмен орналасқан елдімекендерді, шаруашылық нысандарды, жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталатынын ескертті.

10 сәуірде Астанада түнде және таңертең тұман түседі деп күтіледі.

Семейде (Абай облысы) жаңбыр жауады. Күндіз қаланың батысында оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. 

Өскеменде (Шығыс Қазақстан облысы) жаңбыр жауады. Күндіз оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ойыса соққан желдің екпіні 15-18 м/с дейін жетеді. 

Павлодар облысында жаңбыр жауады, түнде облыстың солтүстігінде тұман түседі. Облыстың оңтүстігінде, батысында батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Павлодарда жаңбыр жауады.

10 сәуірде түнде Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында, орталығында синоптиктер жаңбыр жауады деп болжайды. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман болады. Күндіз батыстан соққан желдің екпіні 20 м/с дейін жетеді. Қарағандыда жаңбыр жауады деп күтіледі. Мүнда батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды.

Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында, орталығында жаңбыр жауады, батыстан жел соғады. Облыстың солтүстігінде, шығысында соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Жезқазғанда аракідік жаңбыр жауады.

Қостанай облысының батысында, солтүстігінде, шығысында түнде жауын-шашын (жаңбыр, қар), күндіз жаңбыр жауады. Облыстың оңтүстігінде тұман түсуі ықтимал.

Қостанай облысында жауын-шашынның көп түсуіне байланысты 2024 жылы 10-12 сәуір аралығында қар қарқынды еріп, сондай-ақ облыстың солтүстік және шығыс өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі жалғасады.

Перизат Саденова
Бөлісу: