«Назарбаев» қызғалдағын естуіңіз бар ма?

30 Наурыз 2017, 13:48 8313

25 жылдыққа 25 мың қызғалдақ

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында шетелдік инвесторлар «Қазақстан»  «Назарбаев», «Дана» деп аталатын қызғалдақ пиязшықтарын тарту еткені есітеріңізде болар. Гүлдің жаңа сұрыпы туралы ақпарат тарады, бірақ  оның ары қарайғы болашағы қандай болды? Біздің елге  жасалған нәзік әрі ерекше тартуды көгеріп, көктете алдық па?

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 мың қызғалдақ пиязшығы сыйланса, оның 8 мыңы «Назарбаев», 7 мыңы «Қазақстан», ал қалған 10 мыңы «Дана» деп аталатын сұрып болатын. Бұл пиязшықтар еліміздің Батаника бақтарына үлестірілген еді. Көктем шыға салысымен, сол пиязшықтардан өнген сабақтар бүршік атты. Айталық әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Жасыл энергия» бағдарламасы аясында ашылған жылыжайға бұл гүлдер 23-қаңтар күні егілген болатын. Көктем кеш шығып, әлі көк қылтия қоймаған Алатау баурайындағы қаланың жылыжайында қазіргі күні біз атап өткен қызғалдақ сұрыптары гүл ашып тұр. Жылыжай демекші, гүлдер мекеніне айналған алаңқайдың да өзіндік артықшылығы бар.

Ол инновациялық смарт технология бойынша салынған. Бұл дегеніміз жылу насостары арқылы жерден жылу алынып, корея технологиясы бойынша өсімдік топыраққа емес, кокос жоңкасына немесе қабығының қалдығына өсіріледі. Жылыжайда гүлдер  тамшылатып суару арқылы өседі. Барлық жағынан инновациялық әдістермен жабдықталған бұл жылыжайда бірінші рет осы жауқазындар жайқалып,  тіпті халықаралық әйелдер күніне орай жылда өтетін салтанатты кеште университеттің  ұжымындағы нәзік болмыс иелеріне тарту етілді. Дәл қазіргі кезде кеш гүлдейтін сұрыптардың өзі көздің жауын алардай жайқалып өсіп тұр.

Жаңа сұрыпты қаңтар айында егіп, ерте көктемде нәтижеге қол жеткізген  университеттің «Жасыл энергия» бөлімінің директоры Тілек Кетегенов пен биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының жас меңгерушісі биология ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Сакенқызы Құрманбаева гүлдерді үнемі бақылып, ғылыми зерделеулер жүргізіп отырған. Осылайша олар  қызыл түсті Назарбаев сорты, кеш гүлдейтін Қазақстан және ақ түсті Дана гүл сұрыптарының барлығын  елімізге жерсіндіруге болатынын дәлелдеп шықты. Қазіргі кезде студенттер мен магистранттар гүлдеп тұрған қызғалдақтарға зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бөлісу: