"Жауаптарыңыз әдемі өлең сияқты". Бақытжан Базарбек министрге шүйлікті

6 Наурыз, 11:12 1904

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жасаған баяндамасына шүйлігіп, министрге тікелей сұрақ қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шіркін, біздің министрлеріміз сіз сияқты қызыл тіл, суырыпсалма шешен болса, барлық сұраққа жауап болатын еді. Әдемі өлең сияқты сізді қазір тыңдап отырмыз. Дүйсенбі күні Алматыда үлкен жер сілкінісі болды. Күні кеше мен Алматыдағы сеймология институтының қызметкерлерімен кездестім. Жаңа ғана сіз Үкіметтен қолдау көрсетіліп жатыр деп бірталай іс-шараны айтып жатырсыз. Іс жүзінде Сейсмология институтының қызметкерлері бейшараның күнін көріп отыр. Ешқандай ғылыми жобалары қабылданбады. Ғылыми жобаны министрлікке жіберсе, оны қайтарып жіберіп жатыр. Бүкіл қаржыландырудан қысқартып тастады. Олар айлығын да алмайды. Міне, сондай дәрежеге жетіп отыр. Ал сеймостанциялардың өзі қаңылтыр темір, оны музейге де қабылдамайды. Міне, қазір сейсмоқауіпсіздіктің дәрежесі осындай, – деді депутат.

Мәжілісменнің сөзінше, бүгінде Сейсмология институты Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында.

Сейсмолог ғалымдардың айтуынша, бұл қателік. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтару керек. Бұл бірінші сұрақ. Тыңдаңыз. Екіншіден, заң жобасын қарап отырмын. Көп нәрсе жазылған, бірақ түйін өте аз. Басқаша айтқанда, экономикалық ынталандыру механизмдері өте аз. Заң шикілеу сияқты. Неге заң жобасының өзінде ғылыми институттарды қолдаудың экономикалық тетіктері көрсетілмеген? – деді Бақытжан Базарбек.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек депутаттың алғашқы сауалы бойынша бірталай институт уақытында салалық министрліктерге берілгендігін айтты.

Оның ішінде Сейсмология институты қазір Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретінде. Өкінішке қарай, оларда толыққанды қаржыландыру да жоқ. Біз де оларға кіріп, ішкі процедураларын қолдауға мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан қайтарылса, біз қарсы болмаймыз. Бірақ биыл Сейсмология институтына үлкен нысаналы бағдарламалы грантты беріп отырмыз. Бұл мәселе бойынша 3,5 миллиард теңге көлемінде бекітілді. Қазір барлық өтінімдерді пысықтап, олармен бірге министрлікпен бекітіп, келесі жоғары техникалық комиссияның отырысына шығарып отырмыз. Берілгені дұрыс болады, – деді Саясат Нұрбек.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: