Жауапкершіліктері төмен. Әлихан Смайылов басшыларды сынға алды

11 Сәуір 2023, 11:31 808

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерін сынға алды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен. Сондықтан жабдықтардың техникалық жай-күйіне уақтылы, кешенді және объективті бағалау жүргізілмеген. Уәкілетті мемлекеттік органдардың нұсқаулықтары тек қана ұсыныс деңгейінде болды, меншік иелерін оларды толықтай орындауға міндеттемейді. Әрине, осыдан кейін қордаланып қалған мұндай проблема өте көп. Олардың басым бөлігі жылу желілерінің тозуына байланысты болып отыр, - деді Әлихан Смайылов. 

Ол  Индустрия министрлігі Энергетика министрлігімен және өңір әкімдерімен бірлесіп, 1 маусымға дейін қолданыстағы жылу желілерінің жағдайына техникалық тексеру жұмыстарын аяқтауы керектігін айтты.

 Туындаған барлық мәселені жылыту маусымына дейін созбай,  жедел шешу қажет. Ұсақ-түйек демей, қауіп-қатердің барлығын мұқият есептеу қажет. Мәселе өзімнің жеке бақылауымда болады.Нәтижесін менің жеке өзіме баяндаңыздар, - деді премьер-министр.

Әсіресе, Павлодар, Абай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылу желіері әбден тозыпты. 

Алмас Абылай
Бөлісу: