04.02.2026
14:11
860
Жатырмойны обырына қарсы екпе: қалай аламыз, қайда жүгінеміз?

Жатырмойны обырына қарсы екпе: қалай аламыз, қайда жүгінеміз?

4 ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні. Дәрігерлердің айтуынша, онкологиялық аурулармен күресуге болады. Әсіресе, қазір елімізде жатырмойны обырының алдын алу үшін екпе егіледі. Ал екпені қалай аламыз, оның пайдасы туралы төменде тарқатамыз.

 Жатырмойны обыры дегеніміз не?

          Жатырмойны обыры – бұл көп жағдайда адам папилломавирусымен (АПВ) инфекцияға байланысты дамитын ауру.   Алдын аламасақ, уақытылы гинеколог қабылдауына бармасақ,  қатерлі ісіктің дамуына әкелуі мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, жатырмойны обыры – алдын алуға болатын онкологиялық аурудың бірі. Ең тиімді әдістің бірі – адам папилломавирусына қарсы вакцинация. Аталған екпе түрін күллі әлем  негізгі әдіс ретінде ұсынып отыр. Өйткені екпе осы аурудың дамуына жауап беретін АПВ-нің ең онкогенді түрінен қорғауды қамтамасыз етеді.

«Гардасил» қандай екпе?

АПВ вакцинациясын енгізу – жатырмойны обырының жиілігі мен өлімін азайтудың маңызды қадамы.  Астана қаласында 2024 жылы 20 қыркүйектен бастап, Ұлттық егу күнтізбесі шеңберінде «Гардасил» (АҚШ өндірісі) төрт валентті вакцинасын егеді. Адам папилломавирусына (АПВ) қарсы 11-13 жастағы қыздарды алты ай аралықпен екі кезеңде вакцина алады. Бұл иммундау бағдарламасы әйелдер арасында кең таралған онкологиялық аурулардың бірі – жатырмойны обырының алдын алуға бағытталған. Иммундау вирустың төрт түрінен (6, 11, 16 және 18), соның ішінде ең онкогенді екі түрінен (16 және 18) қорғайды.

          Елорданың бас санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, «Гардасил» вакцинасы (Gardasil) – қауіпсіз.

Вакцинациялау кезде ауыр зардаптар анықталмады. Инъекция орнында қызару немесе температураның жоғарылауы сияқты кішігірім реакция болуы мүмкін. Вакцина иммундық жүйеге айтарлықтай ауыртпалық түсірмейді. Өйткені оның құрамында вирустың ДНҚ-сы жоқ. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, вакцинациямен қамтылған елдер қатерлі ісікке дейінгі жағдайлар мен онкологиялық аурулардың айтарлықтай төмендеуін тіркеп отыр, – дейді ол.

Шетелде вакцинациялау қалай жүреді?

Жоғарыда атап өткендей, бұл вакцина әлемнің көптеген елінде қолданылады. Мәселен,  АҚШ-та аталған вакцинаны  2006 жылдан бастап 11-12 жас аралығындағы қыздарға егіледі.  Ұлыбританияда  12-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау  бағдарламасы 2008 жылдың қыркүйегінде басталған.  Австралияда екпе 2006 жылы мақұлданып,  2007 жылдан бастап мектеп оқушыларын жаппай иммундау басталған.

          АПВ-ға қарсы вакцинаны көрші елдерде де қолға алған Мысалы, Түрікменстан бұл екпені 2016 жылдан бастап Ұлттық егу күнтізбесіне енгізген. Өзбекстан 2019 жылдан бастап 9 жастағы қыздарға ексе, ал Қырғызстанда 2022 жылдан бастап мемлекеттік иммундау бағдарламасы аясында енгізілді.

Нәтиже бар ма?

          Бас санитариялық дәрігердің айтуынша, бірқатар елдерде белсенді иммундаудың арқасында әйелдер арасында вирустың таралуы 90%-ға төмендеген.

          2025 жылдың қорытындысы бойынша, Астана қаласында алғашқы екпемен (V1 АПВ) барлығы 7 094 қыз егілді, оның ішінде 11 жастағы 5 756 қыз бар. Тиісінше «нысаналы топқа» қатысты қамту 47,18% -ды құрады. Астанада 2025 жылдың сәуір айынан бастап адам папилломавирусына қарсы вакцинацияның екінші кезеңі өтті. Биыл 1 қаңтар күні 8 035 қыз екінші екпесін алды. Оның ішінде 11 жастағы 5 221 қыз бар. Қамту  көрсеткіші – 42,8%. Көргеніңіздей, дәлелді медицинаға сенім арту, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – аурудың алдын алады. Сондықтан болашақ ұрпақтың денсаулығына инвестиция жасап, онкологиялық аурулардың алдын алайық, – дейді Айгүл Шағалтаева.