Жатыр мойны обырымен ауыратындар жасарып барады

2 Ақпан, 16:01 3522

Елімізде гинекологиялық ісіктердің ішінде жатыр мойны обыры көп таралған. Оның үстіне мұнымен ауыратындар да жасарып барады. Медицина мамандарының дабыл қағып отырғаны да сондықтан. Былтыр онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында бірқатар бағдарлама қабылданды. Биыл 11 жастағы қыздарға екпе салынады. Нақты айтсақ, папиллома вирусына қарсы вакцина тегін егіледі. Мұндағы мақсат – жатыр мойны обырының алдын алу. Бірақ бұл шара ата-аналардың рұқсатымен жүргізіледі. Осы жайында толығырақ білу үшін Астана қаласындағы №7 емхананың акушер-гинекологы Гүлімхан Әбдіхалықты аз-кем әңгімеге тартқан едік.

El.kz: Гүлімхан Мырзабекқызы, елімізде жыл сайын шамамен 1800 әйелге онкологиялық ауруға жататын жатыр мойны ісігі диагнозы қойылады. Оның ішінде шамамен 600 қыз-келіншек осы дерттің құрбаны болады екен. Осы статистиканың өзі адамды үрейлендіріп отыр.

Гүлімхан Әбдіхалық: Қазір жатыр мойны обыры гинекологиялық қатерлі ісіктердің ішінде төртінші орында тұр. Өкінішке қарай ол 15-44 жастағы қыз-келіншектерде жиі кездеседі әрі өлімге алып келетін ең жиі себептердің бірі болып саналады. Нақты статистиканы айтар болсақ, әлемде дәл осы диагноз қойылған 570 мың әйел анықталған. Соның ішінде 311 мыңы нақ осы дерттен қайтыс болған.

жеке мұрағат

El.kz: Әйелдің гинекологтың тексеруіне тұрақты баруы өте маңызды. Олар еш жері ауырып, мазаламаса да, бір жылда неше рет гинекологтың қабылдауына бару керек?

Гүлімхан Әбдіхалық: Егер әйелдің ешбір шағымы болмаса, жылына бір рет гинекологтың қабылдауына барған жеткілікті. Ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, цитологиялық және тазалық дәрежесіне жағынды тапсыру керек.

El.kz: Ал жатыр мойыны аурының қандай да бір белгілері бар ма? Қандай жағдайда дереу дәрігерге қаралу керек?

Гүлімхан Әбдіхалық: Ең негізгі белгілері – жатыр мойнынан қан кету, ауырсыну және жайсыздық. Бірақ бұл ауру дендеп, асқынған кезде ғана болатын белгілер. Сол себепті қатерлі дертке шалдыққанын көбі білмей қалады. Оған қоса, көп жағдайда әйелдер гинекологтың қабылдауына бармайды. Соның салдарынан көп жағдайда обыр алды стадиясында анықтамай, ауыр дәрежеге жеткен кезде ғана біліп жатамыз.

El.kz: Енді жатыр мойны обырының алдын алу жолдарын айтып өтсеңіз. Цитологиялық анализ туралы айттыңыз. Аталған анализді тапсыруға әйелдер қаншалықты жиі келеді? Бұл гинекологиялық ауруларды дәл анықтауға көмектеседі ғой?

Гүлімхан Әбдіхалық: Бұл дерттің алдын алудың екі жолы бар. Папиллома вирусы – қатерлі ісіктің басты себебі. Оның алдын алу үшін қыз балаларға жыныстық қатынасқа түспей тұрып екпе cалып үлгеру керек. Екінші жолы – хаттамаға сай 4 жылда бір рет цитологиялық жағынды тапсырып отыру. Цитологиялық анализ дегеніміз –жатыр мойнынан алынатын жағынды, яғни «мазок». Мұны алатын арнайы щетка болады және жағындыны дұрыс алу керек. Кері жағдайда нәтижесі дұрыс болмауы мүмкін. Сол себепті ең соңғы әдістердің бірі сұйық цитологияны қолданамыз. Елімізде 30-70 жастағы әйелдер төрт жылда бір рет Пап-тест тапсырады. Мұндағы ең негізгі мақсат – жатыр мойнында қандай клеткалар бар екенін анықтау. Егер клеткалар қандай да бір өзгеріске ұшыраған болса, нәтижесіне қарап гинекологқа жібереді. Дәрігер әрі қарай ем тағайындайды. Анализі дұрыс шығатын болса, әйелді төрт жылдан кейін қайта осы анализді тапсыруға шақырады.

El.kz: Ауруды ерте анықтаудың бір жолы 4 жылда бір рет жатыр мойны обырына қарсы скринингтен өту екенін білеміз. Скринингтен өтетін уақыт келгені туралы ақпарат әйелдер қауымына алдын ала хабарлана ма?

Гүлімхан Әбдіхалық: Кейінгі кездері ақпараттың көп болуына байланысты біраз адамның бұдан хабары бар. Әйелдер өздері қызығушылық танытып сұрап келіп жатады. Учаскелік дәрігерлер 30, 34, 38, 42 секілді жастағы әйелдерді міндетті түрде скринингтен өтуге шақыруы керек. Егер бір шақырғанда келмесе, жыл соңына дейін бірнеше рет хабарлап айтылады. Өкінішке қарай қыз-келіншектер жұмысының қауырттығына немесе тұрғылықты жерін жиі ауыстыратынына байланысты қабылдауға келмейді немесе дәрігерлер оларды таппай жатады. Ал қабылдауға келгендерге бұл скринингтің маңыздылығын, жағындыларды тапсыру керектігін түсіндіреміз. Мысалы, қабылдауыма келген әр әйелді бұрын-соңды гинекологта болмаса, цитологиялық жағынды алмай жібермеймін. Себебі ол скринингтен өтпеген болуы мүмкін. Әркімнің денсаулығы өзі үшін бағалы. Сондықтан скринингке шақырғанда салғырттық танытпау керек.

El.kz: Түрлі ақпарат көздерінде қатерлі дерт жөнінде мектепте айтып, түсіндірілуі керек дейді. Оқушыларға түсіндіру жұмыстары қаншалықты дұрыс жүргізіледі?

Гүлімхан Әбдіхалық: Әр емханада «Жастар орталығы» бар. Сонда жұмыс істейтін дәрігерлер жоспар бойынша әр мектеп, колледж және университеттерге шақыру алады. Сол кестемен барып, кездесулер өткізеді. Әр кездесуде саламатты өмір салтын ұстану, отбасын жоспарлау, ерте жыныстық қатынастың алдын алу, жыныс жолымен берілетін инфекциялар, зиянды әдеттер сынды тақырыптар аясында лекциялар оқылады.

El.kz: Елімізде биылдан бастап 11 жастағы қыздарға жатыр мойыны обырына қарсы екпе салуға шешім қабылданды. Неге 11 жастан салынады? Кәмелетке толған кезде салса болмай ма?

Гүлімхан Әбдіхалық: Әлемдік тәжірибеде бұл вакцина 9 жастан бастап салынады, ал біз 11 жастан енгізуді қолға алдық. Бастысы бұл екпені қыздардың алғашқы жыныстық өмірін бастағанша салып үлгеру керек. Себебі бір ғана қатынас әр түрлі вирусты жұқтыруға жеткілікті. Елімізде орта есеппен жыныстық қатынасты бастау жасы – 14-16 жас. Сол себепті мамандардың ортақ шешімімен қабылданды.

El.kz: Екпе әлі қалыптасып үлгермеген организмге кері әсер етпей ме? Екпе арнайы тексеруден өткен бе? Қай елде қолданылады? Жалпы әлемдік тәжірибе не дейді?

Гүлімхан Әбдіхалық: Бұл вакцина әлем бойынша 2006 жылдан бастап қолданылады. Ең жақсы зерттелген вакциналардың бірі деуге болады. Бүгінге дейін осы вакцинаның 270 миллион дозасы салынған. Ең алғаш рет АҚШ-та енгізілді. Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде бұл екпенің қауіпсіз екені дәлелденді. Қазір жатыр мойны обыры Еуропа елдерінде аз кездеседі. Себебі олар дәл осы вакцинаға иек артып келеді. Өкінішке қарай Азия елдерінде өлім-жітім үлесі жоғары, себебі көбі бұл екпені салдырмайды.

El.kz: Екпе ата-ананың келісімімен жасалатындықтан, біршамасы салдырмауы да мүмкін ғой. Мұндай жағдайда мәжбүрлеу шаралары жүргізілмей ме?

Гүлімхан Әбдіхалық: Әзірге қаралып жатыр. Нақты қандай да бір бұйрық шыққан жоқ. Егер қол қойылып, бекітілсе жаңа оқу жылы қыркүйектен бастап енгізіледі деп ойлаймын. Мәжбүрлеу болмайды, бірақ максималды түрде азаматтарды ақпараттандыруға тырысамыз. Ең алдымен ата-аналар бұның қаншалықты маңызды екенін түсінуі керек. Кез келген адам өзінің бауыр еті баласының аман сау болғанын, қатерлі дертке шалдықпағанын қалайды. Бірақ ешқандай күштеу болмайды.

El.kz: Істеріңіз берекелі болсын!

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: