Елордаға келетін студенттер саны өткен жылмен салыстырғанда 10 мың адамға артты. Олармен қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы елорданың жоғары оқу орындарымен және студенттерімен белсенді жұмыс істейді.
2023-2024 оқу жылында Астана қаласының әкімдігі азаматтардың жекелеген санаттарынан 150 түлекке, оның ішінде жетім балаларға, балалар үйінің түлектеріне, бала кезінен мүгедектерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға гранттар бөлді, - деді спикер.
Бұл студенттер жалпы медицина, әлеуметтік жұмыс, сәулет (BIM-менеджер жобалаушы), электр энергетикасы, дене шынықтыру және спорт, психология, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету (бағдарламашы), дизайн, педагогика (математика, химия және биология мұғалімі) және т.б. мамандықтар бойынша оқиды.
Айта кету керек, елордада білім беру ұйымдарын педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі бар. Оны шешу үшін 2018 жылдан бастап елорда әкімдігі жоғары оқу орындарында мұғалімдер мен дәрігерлерді даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады.
2027 жылға дейін Астана әкімдігінің мемлекеттік тапсырысы бойынша 1800-ден астам адамды педагогикалық мамандықтар бойынша оқыту жоспарланып отыр, оның ішінде: 2024 жылы – 370, 2025 жылы – 387, 2026 жылы – 435, 2027 жылы – 679.
Айта кету керек, ай сайын елорданың жоғары оқу орындарының студенттеріне оқу кезеңінде қалалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жол жүру құқығы беріледі. Жеңілдікпен жол жүру құқығы күндізгі оқу нысанындағы білім беру ұйымдары білім алушыларының жекелеген санаттарына: жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға; атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан балаларға беріледі. Биылғы оқу жылында елорда университеттерінің 151 студенті Астананың қалалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жол жүруге құқылы, - деді Самат Ибраев.
Астанада қалалық еріктілер штабы жұмыс істейді, ол қаланың белсенді еріктілері мен еріктілер ұйымдарының басын қосады. Волонтерлік штабқа бес мыңға жуық ерікті кіреді, олардың шамамен 50%-ы елордалық жоғары оқу орындарының студенті.
Біздің қаламызда бірде-бір республикалық және халықаралық іс-шара біздің ерікті студенттердің қатысуынсыз өтпейтінін атап өткен жөн. Биыл елордалық еріктілердің ШЫҰ саммиті және Дүниежүзілік көшпенділер ойындары сияқты іс-шараларға қатысуы жоспарланған.
Сондай-ақ, Астана қаласының әкімдігі өз құзыреті шеңберінде студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындайды. Елордаға оқуға келетін студенттер саны жыл сайын артып келеді. Қалада 15 жоғары оқу орны бар, онда 79 мыңға жуық студент оқиды. Олардың кейбірі қаланың шетінен қатынайды. Біз жатақханаларға кезең-кезеңімен орын жасаймыз. Бұл жұмыс инвесторларды да, жоғары оқу орындарының өзін де тарта отырып жүргізіледі. Астана қаласының әкімдігі өз тарапынан жер учаскелері мен әкімшілік мәселелер бойынша көмек көрсетеді. Қалада фронт-офис ашылған сәттен бастап Астана әкімдігі мен «Қаржы орталығы» АҚ қызметкерлері елордада студенттік жатақханаларды салу және реконструкциялау үшін инвесторларды тарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр, - деді спикер.
2023 жылы 1170 орындық 8 жатақхана пайдалануға берілді. 2024 жылы МЖӘ шеңберінде 1889 орындық жатақханалар салу жоспарланып отыр, 2025 жылы 8 жатақхананы пайдалануға беру жоспарлануда.
Сонымен қатар, медициналық университеттің балансына бұрынғы «Рамада Плаза» қонақ үйінің ғимаратын бергеннен кейін оны 700 студент тұратын жатақханаға қайта құру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, елордада ЕҰУ-град жаңа студенттік қалашығы салынады, оның аумағында оқу, ғылыми-зерттеу, спорттық-сауықтыру, демалыс және технопарк сияқты бірнеше заманауи аймақтарды орналастыру жоспарланып отыр.