Жатақханада тұратын студенттерге жағдай жасалған ба?

27 Тамыз 2022, 11:40 4272

Жоғары оқу орындарындағы үлкен мәселе – шалғай аудандардан келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету.

«Жатақхана» дегенде кім кімнің де есіне қызығы мен шышығы қатар жүретін студент кезі түсетіні анық. Бірақ бұрынғы мен салыстырғанда қазіргі жатақханалар заман талабына сай жабдықталған десек артық айтпаймыз. Дегенмен, орын тапшылығы әлі де бар. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жылдың ішінде 90 мың студентті жатақханамен қамтыды тапсырған болатын.

Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Ғылым және жоғары білім министрі: «Жатақханаларда баға көтерілмейді. Ал жекеленген университеттер баға саясатын нарықтың жағдайына сәйкес ұлғайтып жіберетін болса, онда директорлар кеңесінің шешімімен қайта қарауға мүмкіндік бар» деген еді.

Бүгінде ЖОО-дағы үлкен мәселе – шалғай аудандардан келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету.

«Қазіргі таңда үкіметтің және «Аманат» партиясының тапсырмасына сәйкес жылына 10 мың орынды жатақханамен қамтамасыз ету жоспары тұр. Биыл да осы тапсырма деңгейінде бірқатар жаңа объекті ашылып отыр. Өңірлердегі жатақхананың бағасы шамамен 10 мың теңгенің маңайында. Ал жекеменшік оқу орындарында баға көтерілетін болса, оның ішінде тамақтану, киім жуу секілді қосымша қызметтер енгізіп, келісімшарт негізінде ғана баға тиісті өзгеруі мүмкін. Университет ешқашан біржақты шешім қабылдамайды. Оған студент қол қойып, келіскен жағдайда ғана жатақханада тұруға мүмкіндік алады», – дейді Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы.

Сондай-ақ «Аманат» партиясы «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында студенттерді 50 мың орынмен, яғни жыл сайын 10 мың орынмен қамтамасыз ету жоспарын бекіткен. 2018- 2022 жылдар аралығында барлығы 32310 орынды 131 жатақхана пайдалануға берілген. Оның ішінде 2018 жылы 6 021 орынға 14 жатақхана, ЖОО-лар үшін 4141 орынға 7 жатақхана. 2019 жылы 6022 орынды 25 жатақхана, оның ішінде ЖОО студенттері үшін 4133 орынды 17 жатақхана, 2020 жылы 8223 орындық 36 жатақхана, оның ішінде ЖОО студенттері үшін 4144 орынды 15 жатақхана қолданысқа берілген. Ал 2021 жылы 4129 орынды 30 жатақхана, 2022 жылы 7683 орынды 24 жатақханаға ЖОО студенттері орналасты. Биылғы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, жоспарланған 35 жатақхананың 1680 орынды 7 жатақханасы салынды. Оның ішінде ЖОО-лар үшін 516 орындық 3 жатақхана, ЖОО-лар мен ТжКБ ұйымдары үшін 954 орындық 3 жатақхана, ТжКБ ұйымдары үшін 1 жатақхана қолданысқа берілген.

Біз осы тұрғыда жатақханаларда тұрып жатқан әр өңірдегі студенттерді сөзге тартып, қандай жағдай жасалғанын, қалай тұрып жатқандарын сұрап көрдік.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті 1780 орынды 4 жатақханамен қамтамасыз етілген. Бұл туралы шаруашылық департаменті директорының орынбасары Ермек Балапанов мәлім етті. Айтуынша, бірінші жатақхана – 400 орынды, екінші жатақхана – 450 орынды, үшінші жатақхана – 460 орынды және төртінші жатақхана – 470 орынға арналған.

Жатақхана – екінші үйім

Сонау Текелі ауданынан Өскемен қаласына оқуға түскен Ақмаралдың жатақханада тұрып жатқанына екі жыл болған.

2 курс студенті Ақмарал Жарқынбек Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде екі шет тілі мамандығы бойынша білім алып жүр.


«Маған жатақханада тұру өте ыңғайлы. Айына 8 мың теңге төлейміз. Екінші жыл қатарынан тұрып жатырмын. Барлық жағдай жасалған. Бір бөлмеде үш қыз тұрамыз. Тазалық нормаларын қатаң сақтаймыз. Бос уақытта жатақханалар арасында түрлі іс-шаралар өткіземіз. Жатақхана өмірі сонысымен қызық. Қазір бізде беймделу апталығы жүріп жатыр. Бұл университетке жаңадан түскен 1 курс студенттерін оқу орынымен таныстырып, жатақханамен таныстырып жатырмыз. Жан-жақтан жиналып, бір ортада бір үйдің баласындай болып, тығыз қарым-қатынаста үйренісіп кеттік», - дейді ол.   

Бос уақытын тиімді пайдаланатын Ақмарал бірнеше тілді меңгеруді басты мақсат еткен. Қазірдің өзінде ағылшын тілін дамыту үстінде. Сондай-ақ екінші шет тілі ретінде корей тілін таңдамақ. Ал түрік тілін қосымша оқып алған. Онлайн курстарға жазылып қойған белсенді студент бес тілді меңгерсем дейді.

Жылы орын табу – әркімнің арманы

Санжар Сұлтанғазы да С.Аманжолов атындағы университетінің 3-ші жатақханасында тұрады.

Ол Жетісу облысы Талдықорған қаласынан мемлекеттік грантты ұтып алып, ШҚО С.Аманжолов атындағы университетке журналистика мамандығына оқуға түскен.


«Шығыстың қысы суық дегені болмаса, білім жүйесі өте жоғары. Бұл жақта қатал қыстың сары шұнақ аязы қысқанда бүркенетін жылы орын табу әркімнің-ақ арманы. Біздің жатақхана сол сары аязда білдірмейтін жылы орын деп айтар едім. Жатақханаға тұрған өзіме қолайлы. Жағдай жасалған. Жатақхана деген студенттердің қара шаңырағы ғой», - дейді Санжар.

Талапты студент жатақхана өміріне белсенді араласып қана қоймай, бос уақытында өлең шығарумен, кітап жазумен айналысады. Жас студенттің «Он сегізінші көктем», «Көрінбей кеткен көк сағым», «Тұлпардың тағдыры», «Оралмас сәт», «Күз болып келген сағыныш» атты кітап жинақтары бар. Сондай-ақ, ол «Бақытты күндер келеді» повесть, «Мен қазақпын» поэмасы мен қатар «Ескендірімсің бе?» атты әңгіменің авторы. Екінші курстың жалынды студентінің талабы таудай.

Ал әйгілі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығында 6000 орындық 15 жатақхана және Жас ғалымдар үйі бар.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, студенттер үйінде тұруға, оқуға және демалуға қажетті барлық жағдай жасалған. Мұнда арнайы оқу залдары мен компьютерлік сыныптар жасақталған. Әртүрлі іс-шараларды өткізуге арналған мәжіліс залы бөлінген. Студенттер үйлерінде азық-түлік дүкендері, асхана, бірнеше дәмхана, телефон шоттарын толтыру терминалдары, көшірме орталықтары бар. Жатақханалардың алдына спорттық және көңіл көтеру, футбол алаңдары орналасқан.

Бұдан бөлек, студенттік кампус аумағында WI-FI ғаламтор желісі іске қосылған. Қалашықта денешынықтыру залдары, соңғы үлгідегі заманауи теннис корты, спорттық алаң және секциялары бар спорттық-сауықтыру кешені; барлық білім беру, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, сауда-көңіл көтеру қызметтерін ұсынатын «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы; білім алушыларды қажетті әдебиеттермен қамтамасыз ететін оқу залдарының желісі бар Орталық Азиядағы ең үлкен Әл-Фараби кітапханасы; сапалы полиграфиялық өнімдер ұсынатын, оқу және ғылыми әдебиеттерді шығарумен айналысатын «Қазақ университеті» баспа үйі, Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, 300 орындық ғаламтор-кафе, жеке кинотеатр жастарға қызмет көрсетеді.

Нағыз студенттік өмірді сезіну үшін жатақхана өмірін көру керек

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жатақханасында тұратын Рауан Байғабыл Шымкент қаласынан арман қуып Алматыға оқуға түскен.

Бүгінде ол Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде менеджмент мамандығының 2 курс студенті.


«Жатақханада 1 курсқа алғаш түскеннен бастап тұрамын. Өте үлкен ҚазҰУ қалашығының қақ ортасында орналасқан 9 қабатты жатақханалардың біріне орналасқам. Мен қарапайым ауылдан шыққан студент ретінде маған әрқашан студенттер үйі өте үлкен болып көрінетін. Мұнда тұру өте қызықты, ерекше сезімдерге толы кезең. Нағыз студенттік өмірді сезіну үшін міндетті түрде жатақхана өмірін көру керек деп ойлаймын. Егер Алматы қаласында өзіңіздің жеке үйіңіз жоқ болса, жеке пәтерде тұру қалтаға ауыр салмақ салады. Оның жанында студенттер үйі арзан, әрі ыңғайлы. Оқуға жақын. Меніңше, ең қызығы - сол үйдің студенттерімен бірге өткен өмір. Әрбір күнгі бас қосу, нағыз жастық шақтың қызығы мен шыжығын көрсететін секілді. Сенің таныстарың өте көп, білім алуға бәсекелестер де табылып жатады. Өзіңізге ыңғайлы өмір салтымен жаңа достар өмірімді одан әрі әрлей түскендей», - дейді Рауан Мейіржанұлы.


Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: