Жат елде жүріп жарқылдаған қазақ спортшыларын білесіз бе?

5 Тамыз 2023, 12:20 861

Жат жерде туып-өсіп, кейін спортта толағай табыстарға жеткен этникалық қазақ спортшылары көп. Олардың көбі бокс, күрес секілді күш қолданылатын спорт түрлерімен шұғылданып, халықаралық ареналарда айтулы табыстарға жетті. Олардың қатарында боксшы Қанат Ислам, Тоқтарбек Таңатқан, Руслан Абдуллаев, грек-рим күресінің балуандары Елмұрат Тасмұратов пен Уәлихан Серікұлы сынды саңлақтар жетіп артылады. Олардың дені Олимпиада Ойындарына қатысып, жүлдегер атанды. Енді бірі әлем біріншіліктерінде оза шауып олжа салды.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі осы орайда шет мемлекеттердің құрамасында жүріп, табысқа жеткен қазақ спортшыларына шолу жасап көрді.

Қанат Ислам

Қытайдың Іле Қазақ автономиялық облысында 1984 жылы дүниеге клеген. Ол Қазақстанға оралғанға дейін бокстан ҚХР-дың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Кейін ұлттық құрама қатарына қабылданып, әуесқой бокста айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Ол Бейжің Олимпиадасында бокстан 69 келіде қола жүлдегер атанды. Бұл оның мансабында ең жоғары жетістік болды. Сонымен бірге, 2006 жылы Азия Ойындарында қола жүлдеге қол жеткізсе, 2007 жылы Азия және әлем біріншіліктерінде үшінші орынға ие болды. Қанат Ислам әуесқой бокста Бақыт Сәрсекбаевпен бірнеше рет кездесіп, бір басым түскен. Кейін ол өзінің тарихи атамекені Қазақстанға оралып, азаматтық алды.

Елмұрат Тасмұратов

Өзбекстан атынан күрескен этникалық қазақ балуаны 1991 жылы Ташкент облысының Бостандық ауданында дүниеге келген. Жасөспірім шағында бокспен айналысқан саңлақ Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы облыстық спорт мектеп-интернатында білім алды. Алайда ол грек-рим күресінен еліміздің жастар құрамасына қабылданбаған соң өзі туып өскен Өзбекстанға оралды. Оның классикалық күрестегі табысты шағы сол кезде басталды.

Ол 2016 жылы Рио Олимпиадасында Өзбекстан құрамасының қоржынына қола жүлдені салды. Одан бөлек 2013-2014 жылдары әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанса, 2018 жылы күміспен күптелді. Ал Азия чемпионатының финалына 7 рет шығып, 5-де чемпион атанды. Оның спорттық мансабы Токио Олимпиадасынан кейін тәмам болды.

Уәлихан Серікұлы

Уәлихан 1992 Қытайдағы Шыңжан-Ұйғыр автономиялық округінде дүниеге келген. Ол грек-рим күресінен 60 келіде табысты өнер көрсете алды. Мәселен, 2018 жылы Будапеште өткен әлем біріншілігінде өз салмағында үздік үштікке ілініп, жеңіс тұғырында тағы бір қазақ балуаны Айдос Сұлтағалимен бірге тұрды.

Ерланбек Кәтейұлы

Қытайдың еркін күрес құрамасында күресетін қазақ балуаны Ерланбек Кәтейұлы 1990 жылы Гансу аймағында туған. Ол еркін күрестен 2014 жылы Азия Ойындарында қола жүлдеге қол жеткізіп, көптеген жарыстарда жүлде алды. Ал Рио Олимпиадасына жолы түскенімен оған бұйырғаны 12-орын болды.

Талғат Ілиясов

Аустралия атынан күресіп, бірнеше әлем чемпионатына барған, Рио Олимпиадасында күрескен Талғат Ілиясов 1981 жылы Өзбекстанда туған. Этникалық қазақ күні бүгінге дейін өзінің атамекенінде болмаған. 1999 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысқаннан кейін оны Аустралия амандары өз еліне шақырған. Ұсынысты құп алған балуан бірнеше жарысқа қатысып үлгерді. Алайда ол сыртқы жарыстарда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Мәселен, Рио Олимпиадасында ол алғашқы белдесуінде жарақат алып, төртжылдықтың басты додасын уақытынан бұрын аяқтады.

Динара Әлімбекова

Биатлоннан Пхенчхан Олимпиадасының чемпионы Динара Әлімбекова Белорусь елінде тұрады. 1996 жылы Қарағанды облысының Абай қаласында туған спортшы 1999 жылы анасының тарихи отанына қоныс аударған. Кейін шаңғы спортына қатысып, Белорусь құрамасының қатарына енді. Ол 2018 жылы Оңтүстік Кореядағы қысқы Олимпиадада жеңімпаз атанды. Динара этникалық қазақ қыздары арасында Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш спортшы.

Елнұр Әбдірайымов

Елнұр 1994 жылы Ташкент облысының Бостандық ауданында туған. Боксқа жастайынан қатысқан қазақ баласы ұлттық құрама сапына ілінді. Кейін Дохада өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, Рио Олимпиадасының жолдамасын иеленді. Алайда оны Өзбекстан тарапы Бразилияда өткен төрт жылдықтың бас ойындарына апармады. Кейін ол Азия чемпионы атанса, 2021 жылы қола жүлдегер атанды.

Марат Гарипов

Таразда туып-өскен грек-рим күресінің балуаны Марат Гарипов 2012 жылы Бразилияға қоныс аударды. Ол сол елдің атынан бірнеше жарыстарға қатысып, ел чемпионатында жеңімпаз атанды. Бірнеше тілді еркін білетін классик балуан Панаамерика чемпионатында жүлде алды. Алайда 2016 жылы ол жарақатына байланысты Рио Олимпиадасына қатысқан жоқ.

Тоқтарбек Таңатқан

1996 жылы Қытайдың Алтай аймағында туған Тоқтарбек бокс қолғабын ерте киді. Ол былғары қолғапты жанына серік ете жүріп, ерте жастан көзге түскен спортшы. Қытайдағы қалың бәсекенің арасынан суырылып алға шыққан этникалық қазақ жігіт 75 келіде Токиодағы Олимпиаданың жолдамасын 2020 жылы Амман қаласында иеленді. Алайда жарыстағы жолы келте болған тоқтаған жоқ. 80 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол Ташкенте жасында жарқылдады. Мәселен, ширек финалда екі дүркін Олимпиада чемпионы, әлем біріншілігінің жеңімпазы кубалық Арлен Лопесті қапыда қалдырды. Финалға шыққан ол шешуші сәтте қазақстандық Нұрбек Оралбайға төрешілер шешімі бойынша жол берді. Бүгінде қытайда тұратын қазақ боксшысы атамекенге оралу туралы әзірге пікір білдірмеді. Ол болашақта Олимпиада чемпионы атанғысы келетінін айтқан болатын.

 

Руслан Абдуллаев

Ташкент облысының Бостандық ауданында дүниеге келген қазақ спортшылары көп. 2002 жылы туған қазақ баласы 4 жыл бұрын Қазақстанға келген болатын. Алайда жастар құрамасының сапына ене алмай, ішкі біріншілікте жолы болмаған ол Өзбекстанға қайта оралды. 63,5 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Руслан 2022 жылы Азия чемпионы атанса, биыл Ташкентте қарсылас шыдатпай, алтыннан алқа тағынды. Ол жат елде жүріп әлем чемпионы атанған алғашқы этникалық қазақ боксшысы.

P.S. Жат жерде жүрген қазақтар туралы айтарымыз әзірге тәмам. Қазақстанда туып, кейін шетелге кеткен  спортшылар да жетерлік. Оның ішінде Нұржан Сүлейманоғлыны (Сүлейменов) да бөле-жара атауға болады. Сонымен бірге, қазақтың ауасын жұтып, суын ішіп, кейін тарихи атамекеніне үдере көшкен елмен бірге аттанған атлеттер де жетерлік. Олардың көбі әлем, Еуропа чемпионаттарының жеңімпазы атанса, бірқатары Олимпиада Ойындарында жүлде алды. Алдағы уақытта ол спортшылар туралы да қалам тербейтін боламыз. 

Асқар Таудай
Бөлісу: