Жасыл экономиканың жайы қалай?

29 Сәуір, 13:02 675

Көптеген діни кітаптарда, әсіресе, ислам, христиан, иудей діндерінің барлығы дерлік адамзаттың топырақтан жаратылғанын бірауыздан қолдайды. Мұны кейбір ғалымдар да жоққа шығармайды. Ғалымдардың пікірі бойынша, соңғы зерттеулерге негізделген теорияда саз жердегі минералдардың тіркесімі (бірігуі) деп зерделейді. Сондықтан ол молекулалар мен химиялық заттардың әрекеттесуінің қолайлы ортасы болып табылады. Ғалымдар  «Бұл үдеріс барысында химиялық заттар бір-бірімен әрекеттеседі және ақуыздар, ДНҚ және тірі жасушалар құрайды», – деп мәлімдейді. Нью-Йорк штатындағы Корнелл университеті наноғылым факультетінің биоинженерлері «Саз-жердегі тіршіліктің қайнар көзі болған»,-деген ғылыми тұжырымға келген. Бұл логикаға сенсек, Жер біздің негізіміз, Анамыз. «Жер-Ана» деп текке айтпаппыз. Бұл жөнінде Шәкәрім Құдайбердіұлы «Жанымыз күннен келген нұрдан, Тәнiмiз топырақ пенен судан. Күн – атам, анық Жер – анам», - дейді. Ендеше «Анамызды» қаншалықты ардақтап жүрміз? Парызымызды ақтай алдық па?  Адамзаттың алдында қоршаған ортаны қорғауда қандай міндеттер тұр? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік...

Әлем Жер-Ана күнін атап өтеді

Мынау шексіз кеңістікте қаншама мыңжылдықтар бойы бесігінде тербетіп келе жатқан алып Жер-Анамызға нендей құрмет көрсеттік? Жылына бір рет болсын, еске алып, атап өтеміз бе? Осы сұрақтар 1970 жылы АҚШ сенаторы Гейлорд Нельсонды да мазалапты. Сенатор Нельсон Калифорния штатындағы Санта-Барбара қаласында үлкен мұнай төгілуінің зардаптарын көрген соң планетамыздың жай-күйіне әрбіріміз алаңдауымыз қажет екенін, жыл сайын біз оның перзентіміз екенін еске түсірмек ниетте Жер күнін атап өтуді жөн деп ойлайды. Бұл мереке алғаш рет сол жылы 22 сәуірде АҚШ-та тойланып, оған 20 миллионнан астам адам қатысты. Ал 1990 жылы Жер Күні  халықаралық акцияға айналып, сол жылы бұл мерекеге 141 елден 200 миллионнан астам адам қатысты деседі. 1972 жылы Стокгольмдегі Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі конференциясы қабылдаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі конференциясының декларациясында: «Адам өз тіршілігін қамтамасыз ететін және оған интеллектуалды, адамгершілік, әлеуметтік және рухани даму мүмкіндіктерін беретін қоршаған ортаның жаратушысы және сонымен бірге жасаушысы болып саналады. Адамзаттың ұзақ және азапты эволюциясы барысында біздің планетамызда ғылым мен техниканың жедел дамуы нәтижесінде адам көптеген жолмен және осы уақытқа дейін бұрын-соңды болмаған ауқымда қоршаған ортаны өзгерту қабілетіне ие болған кезеңге қол жеткізді. Табиғи және адам жасаған қоршаған ортаның екі аспектісі де олардың әл-ауқаты үшін және адамның негізгі құқықтарын, соның ішінде өмірдің өзіне деген құқықты жүзеге асыру үшін өте маңызды. Қоршаған ортаның сапасын сақтау мен жақсарту – әлемдегі барлық ел халықтарының әл-ауқаты мен экономикалық дамуына әсер ететін маңызды мәселе. Бұл бүкіл әлем халықтарының ерік-жігерінің көрінісі және барлық ел үкіметтерінің міндеті», делінеді.

Ресми түрде  халықаралық Жер күні 2009 жылдың 22 сәуірі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 63-інші сессиясында бекітілді және 2010 жылдың 22 сәуірінен бастап жыл сайын атап өтілетін болды. Бас Ассамблеяның 63-інші сессиясының төрағасы Мигель д'Эското Брокманның атап өтуінше, қарарда Халықаралық бұл күннің жария етілуі Жер мен оның экожүйесі адамзатқа өмірді қамтамасыз ететін біздің ортақ үйіміз екенін мойындау, сондай-ақ 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі конференциясында қабылданған міндеттемелерді растау болып табылды.

Осылайша содан бері жыл сайын 22 сәуірде бүкіл әлем Жер-Ана күнін атап өтіп, бұл күні ғаламшарға деген қамқорлығын білдіру және оны қорғауға күш салу үшін әлемдік қоғамның алаңына айналды. Солтүстік жарты шарда Жер күні көктемде, ал Оңтүстік жарты шарда күзде атап өтіледі. Осы күні бүкіл әлем ғалымдары дөңгелек үстелге жиналып, ғаламдық экологиялық мәселелерді талқылайды. Мәселен, биыл Халықаралық Жер күнінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш:

«Адамзат Жер-Анаға өзін кәмелетке толмаған қылмыскер сияқты ұстайды. Планетаны барлық түрдегі ластаушы заттармен улану, экожүйелер мен түрлерді абайсызда жою және парниктік газдар шығарындылары арқылы климатты тұрақсыздандыру арқылы біз азық-түлік өндірісіне қауіп төндіріп, қауіпті орталар жасап, тұрақты дамуға кедергі келтіреміз», - деп баяндама жасады.

Оның айтуынша, биологиялық әртүрлілікті жоғалту проблемасын шешу, қоршаған ортаны ластауды тоқтату және жаһандық ауқымда парниктік газдар шығарындыларын айтарлықтай азайту қажет. Сонымен қатар, жергілікті халықтарға, жергілікті қауымдастықтарға және экологиялық дағдарыстан ең көп зардап шеккен басқа адамдарға қолдау көрсету қажет. Осы мақсатта Бас хатшы елдерді жаһандық температураның Цельсий бойынша 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектеуге бағытталған жаңа ұлттық климаттық жоспарларды әзірлеуге шақырды. Бұған қоса, жаһандық қауымдастық қазбалы отынды пайдаланудан бас тартуға және пластик өндірісі сияқты қоршаған ортаға зиян келтіретін салаларға қолдау көрсетуді тоқтатуға күш салуы керектігін жеткізді.

Дерті дендеген дімкәс дүние

Жалын атқан жанартаулар, дүйім жұртты дүрбелеңге салған топан сулар, зілзалалар мен құрғақшылықтар жиілеп, соңғы кездері планетамыз ауық-ауық ауыр күрсініп, дөңбекшитін болды. АҚШ-тың геология қызметі келтірген мәліметке сәйкес, жойқын зілзалалар жер бетінде жыл сайын тіркеледі. Статистика бойынша қуаты 7 балдан асатын жер сілкінісі 1 жылда кемі 10-12 рет орын алады екен. Магнитудасы 5 асатындары тіптен көп.  Мәселен жыл басында Жапония қатты жер сіл­кі­нісі мен цунамиден зардап шегіп, биіктігі 5 метрге жететін цунами Исикава префектурасындағы Нотоға дейін жетіп, 1 метрден асатын толқын Вадзима қаласының жаға­лауына соққан. Қуатты дауыл қаупі Ниигата және Тояма префектураларының батыс жағалауы аудандарында да болды. Сонымен қатар Исикава префектурасында 7,6 балдық жер сілкінісі тіркелді. Үлкен жер сілкінісінен 30 адам қаза тапқан.

БҰҰ сарапшыларының ақпаратына сенсек, кейінгі бес жылда табиғи апат құрбандарының саны өскен. Себебі су тасқыны, жер сілкінісі, жойқын дауылдар «орын ауыстырған». Елімізден бөлек құдай қосқан көршілеріміз де су тасқынының зардабын қатты тартты. Мысалы бір туған саналатын Қырғыз­станның да бірнеше аймағында қазір сел жүріп, Ош, Талас, Жалал-Абад облыс­тарында төтенше жағдай жарияланған. Ал Қытайдың Гуандун провинциясында толассыз жауған жауын салдарынан 11 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Мамандардың айтуынша, биыл Гуандун провинциясының ірі өзенде­рін­дегі су көлемі 50 жылда бір рет болатын ең жоғары деңгейге жеткен. Су тас­қыны Ресей Федера­ция­сының 36 аймағында да болып, апаттан Орынбор, Қорған және Түмен (әлемдегі ең ірі көмірсутегі бассейні) облыстары қатты зардап шекті. Сәуірдің басында Каспий теңізіне құятын Жайық өзенінен тасыған су Орск қаласындағы бөгетті жарып өтіп, Орынбор қаласын су басты. Сонымен қатар жуырда Біріккен Араб Әмірліктерінде кейінгі 75 жылда болмаған нөсер жауын-шашын болды. Бір күнде Дубай­да 254 мил­лиметр жаң­быр жауған. Сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Бахрейнде де жаңбыр толастамай тұр. Ал Иранның оңтүстік-шығыс аймағын да су басса, Аден шығанағының жағасында орналасқан Йемен­нің Мукалла қаласын су басып, қала лайланып кеткен.

Ал АҚШ-та сәуір айының басында басталған дүлей дауыл мен нөсер жауын әлі басылмай, Техастың бірнеше ауданында қатты жел соқты.  Метереологтердың айтуынша, дауылдың жылдамдығы сағатына 140 шақырым болған.

Ғалымдар жылдамдығы қатты дауылдар температурасы төмен, жылы сулардан болатынын айтады. Мысалы Колорадо уни­верситетінің ғылымы Алекс Дерозье бүгінде Атлант мұхи­тының бетіндегі су жылып кеткенін, сол себепті торнадо күш көрсетіп отырғанын жеткізді.

Иә, Жер-Анамыздың сырқаты сыр бере бастады. Әсіресе, «ыстығы» жиі көтеріледі. Сырқаттың диагнозын  ғалымдар – жаһандық жылыну деп атады. Осыған байланысты Біріккен ұлттар ұйымы қазір дабыл қағуда. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның «Жаһандық климат» атты баяндамасын оқыған БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш 2021 жылы: «Адамзат құрдымға кету алдында тұр. Біз тропикалық дауылдар мен орман өртінің көбейіп кеткенін көріп отырмыз. Сондай-ақ мұздықтардың еруі де рекордтық деңгейге жетті. Мұның бәрі жаһандық жылынумен байланысты. 2020 жыл адамзат тарихындағы ең ыстық 3 жылдың бірі болды. Орташа темперетура индустрияға дейінгі дәуірмен салыстырғанда 1,2 градусқа жоғары болды. Ғалымдар қауіпті меже 1,5 градус екенін айтады. Біз ақырындап сол көрсеткішке жақындап келе жатырмыз», - деп мәлімдейді.  

Жасыл экономиканың жайы қалай?

Иә, соңғы кезде ғаламдық жылыну құбылысы  артып, бұл құбылыс біздің елде де байқалуда.  Мысалы, 1960-1990 жылдар аралығында Қазақстандағы орташа температура 1,6-2,7 градусқа, 1990-1999 жылдар аралығында сынап бағанасы 3,2 градусқа дейін көтерілген. 1990 жылға дейін Қазақстанда 5,8 градус  болып келген жылдық орташа температура 2021-2022 жылдары 6,7 градусты көрсеткен. Бұл кезеңде жауын-шашынның 14 мм азайған. Былтыр Қазақстанда температура рекорды тіркелді. Жалпы, елімізде соңғы 75 жылда жер бетіндегі ауа температурасының кең көлемде жоғарылауы байқалып, климаттың өзгеруі елдің ауыл шаруашылығы саласына, су ресурстарына, жайылымдар мен ормандарға зиянын тигізуде. Мысалы еліміз бидайдың негізгі жеткізушісі ретінде танымал, бірақ 2050 жылға қарай өнімділік 13-тен 49 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Ғалымдар 2100 жылға қарай қазіргі мұздық массасының 50 пайыздан астамы жоғалатынын айтады. Ал лай көшкіні, су тасқыны және құрғақшылық сияқты климатқа байланысты апаттардың жиілігі мен көлемі артады, бұл үрдіс алдағы онжылдықта сақталады деп күтілуде.

Иә, бүгінгі таңда әлем елдері жаһандық жылыну мәселесіне баса мән беріп отырғаны белгілі. Біздің еліміз де қоршаған ортаны сақтауға арналған нақты шараларды жүзеге асыруда. Осыған қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда Дубайда өткен СОР 28 ‒ Климат жөніндегі саммитте аса маңызды мәселелерді көтеріп, метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге Қазақстанның қосылатыны туралы мәлімет берді.

Ғалымдардың болжауынша аптап ыстық, су тасқыны, құрғақшылық, дауылдардың жиілеп кетуі – қазба отындардың салдарынан екенін, олар парник газды ұлғайтып, жер шарын қыздырып жатыр.  Дегенмен бүгінгі таңда әлемдік экономиканың жылдам дамуына байланысты электр энергиясына сұраныс қарқынды түрде өсуде, ал жаңартылмайтын энергия қорлары жылдан-жылға сарқылуда. Жаңартылатын энергияны пайдаланудың негізгі қағидаты ‒ оның үздіксіз таза табиғи процестерден алынуы және адамның араласуынсыз табиғи жолмен толықтырылуында. Сондықтан жаңартылатын энергия көздері әлемдік энергетика нарықтарындағы бағаларға қарамастан ресурстардың сарқылмайтындығымен тартымды. Осы ретте Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергетика көздерін дамытатын және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін кешенді түрде шешетін «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасы іске асырылуда. Көміртегін пайдалануды азайтуға басымдық беруге бағытталған 2060 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының стратегиясы бекітіліп, энергетика саласында баламалы және жаңартылатын энергияны пайдалану үлесін жоғары деңгейге жеткізіп, парниктік газдардың шығарындарын нөлге дейін төмендету міндеті қойылған. Қаралып отырған келісім Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Франция Республикасының Үкіметі арасындағы энергетикалық қауіпсіздік саласындағы ірі жобаларды дамытуға және Қазақстан Республикасының аумағында іске асыруға, экологиялық таза технологияларға көшуге және ластануды қысқарту арқылы жаһандық жылынуға қарсы күресте ынтымақтастықты жүзеге асыруға бағытталған.  Аталған стратегияда көрсетілгендей, еліміздегі өнеркәсіп орындарынан тарайтын парник газдарының едәуір бөлігі цемент, алюминий, темір және болат өндірісіне тиесілі. Демек республика аумағындағы өнеркәсіп өндірісінен шығатын барлық зиянды қалдықтың 91%-ы аталған саланы игерген компаниялардан тарайтынын аңғаруға болады. Көміртек бейтараптығына жету мақсатындағы маңызды бағыттардың бірі «жасыл» энергияны өндіру саналады. Дегенмен Қазақстандағы электр энергиясының 70%-ға жуығын көмір электр стансалары өндіріп келеді.

Бүгінде жаңартылатын және баламалы энергия көзін дамыту әлеуетінің артып келе жатқаны рас. Электр энергиясының көлеміне келсек, 2030 жылға қарай еліміздің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көзін кемінде 15 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жаңартылған энергия көздерінен өндірілген электр энергия бізде 6 пайыз. 2022 жылы  Президенттің төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында Мемлекет басшысы  экономиканы көміртегінен арылту ісін дамыту және көміртегін аз пайдалану технологияларын енгізу мәселелеріне назар аударған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы барлық парниктік газ қалдықтарының 80 пайызы қазба отындарын пайдалану арқылы энергия өндірумен байланысты және бұның еліміздің климатына кері әсер ететін негізгі фактор екенін атап өтті.

Парниктік газ қалдықтарының үлестік коэффициенттерінің есептеу әдістемесін күшейту бағытында қайта қарауды жеделдету қажет. Есептеу тәсілі еуропалық әдіске сәйкес, яғни саладағы ең озық 10 өндіріс негізінде жасалуға тиіс. Осы ретте өндірістің негізгі ғана емес, қосалқы түрлерін де ескеру керек. Сондай-ақ Еуропа одағының қалдықтарды сату жүйесі сияқты экономика секторларын кеңінен қамту қажет. Кеңес мүшелері іс жүзінде көмек көрсетуге тиіс. Бұл жұмысты келесі жылы аяқтау қажет», деді Президент.

Көміртегі салығы деген не?

Осы ретте біз «Байтақ» партиясының Жасыл саясат департаментінің директоры, эколог Азамат Аяйбергеновпен сұхбаттасқан едік. Азамат Аюйханұлының айтуынша, елімізге әлі де көміртегін аз пайдалану мақсатында  тиісті деңгейде  нақты жоспарлар мен жобаларды қалға алу қажет. «Парниктік газдар шығарындыларының негізгі көздері, климаттың өзгеруі және оның салдары туралы қысқаша айтар болсақ, барлығы, әрине, адамның қажеттіліктерін қанағаттандырудан бастау алады. Күнделікті өмірде біз қолданатын автомобиль көлігі, әуе көлігі, теңіз көлігі және тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсіптері барлығы қазба отындарын, яғни  көмірді, мұнай өнімдерін жағуды талап етеді. Жайлы өмір сүру үшін бізге электр энергиясы, жылумен жабдықтау қажет. Атмосферадағы көмірқышқыл газы теңіз суында еритіндіктен, оның негізгі көзі дүниежүзілік мұхиттар. Көмірқышқыл газы атмосфераға түскенде, ол жылудан қорғайтын қабат ретінде әрекет етіп, жер бетінен шығарылатын күн жылуын ұстайды. Осылайша энергетикалық тепе-теңдік бұзылады, бұл өз кезегінде мұздықтардың, мұздықтардың еруіне, су температурасының жоғарылауына, температураның жоғарылауына, жылу толқындарының пайда болуына әкеледі. Ал бұл мұхит деңгейінің көтерілуіне, су айналымының бұзылуына, құрғақшылыққа, биоәртүрлілікке, циклондардың пайда болуына, құрғақшылыққа, су тасқынына әсер етеді.

Қазақстанға қатысты Мемлекет басшысы өз Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекіткен еді. Стратегияның негізгі мақсаты – 2060 жылға қарай Қазақстан экономикасының климаттың өзгеруі мен көміртегі бейтараптығына қарай тұрақты дамуына қол жеткізу болғанымен бүгінгі күні Стратегияны іске асыру бойынша нақты іс-шаралар жоспары жоқ.  Негізінде  «көміртегі қоры» деп аталатын қор құрылуы, ол барлық экологиялық төлемдерді, халықаралық гранттар мен экономиканы жасылдандыруға және көмірсіздендіруге инвестицияларды біріктіруге тиіс еді. Стратегия өткен жылдың ақпан айында қабылданып, біраз жұмыс атқарылуы керек болса да, стратегияны жүзеге асырудың жол картасы енді ғана әзірлене бастады. Сонымен қатар, мен CO2 шығарындыларына квота механизмінің мысалын келтіргім келеді. Олар кәсіпорындарды шығарындыларды азайтуға ынталандырмайды. Шығарылған CO2 квоталары ЭЫДҰ елдерінің үлгісі бойынша биржада сатылуы керек. Еуропада СО2 көміртегінің 1 бірлігінің бағасы тоннасына 30-дан 70 еуроға дейін барады. Квотадан жоғары қосымша көлем қажет болса, қазіргі бағамыз 397 теңге. Осыған байланысты мен квота белгілемей, алдыңғы қатарлы елдерде қабылданған және тиімділігін дәлелдеген қағидат бойынша көміртегі бірліктерін биржада сатуды ұсынамын. Мысалы 2024 жылы Қазақстанда бөлінген квоталар 171 362 851 тоннаны құрады. Орташа алғанда, 1 көміртегі бірлігін 1000 теңгеден сатқанда жыл сайын 170 миллиард теңгеден астам қаражат тартылады. Бұл табыс өз кезегінде «көміртегі қорын» құруға негіз болып, Қазақстанның климаттық күн тәртібіне бағытталуы керек болатын», - дейді ол. Сонымен қатар эколог алдағы уақытта Еуропалық Одақ импортқа көміртегі салығын енгізетінін атап өтті.

Еуропалық Одақ сонымен бірге 2026 жылдан бастап импортқа көміртегі салығын енгізіп, «көміртекті трансшекаралық реттеу механизмін» енгізеді. Бұл ЕО-ға импортталатын көміртекті көп тұтынатын тауарларға салынатын салық және парниктік газдар шығарындыларын азайтудың экономикалық механизмі. Бұл талаптар Қазақстанның экспорттық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ біз трансшекаралық көміртекті реттеу механизмін енгізуді ұмытпауымыз керек» (CBAM - Carbon Border Adjustment Mechanism). Бұл шын мәнінде ЕО-ға импортталатын көміртегі көп тауарларға салынатын салық. Олар CBAM механизмін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр: 2023 жылдан бастап өндірушілер өз өнімдерінің көміртегі мөлшері туралы есеп беруі керек, ал 2026 жылдан бастап олар төлемдерді жүзеге асыруы керек. Көміртек салығы бірінші кезекте цемент, тыңайтқыштар, темір, болат, алюминий, сутегі және электр энергиясын өндірушілерге әсер етеді. Бұл тізім кеңейе береді. Дүние жүзінде көміртегі салығы екі негізгі мәселені шешуге бағытталған. Біріншіден, парниктік газдар шығарындылары үшін төлейтін экспорттаушылар мен еуропалық өндірушілердің позицияларын теңестіру, сондай-ақ өнеркәсіптік өндірістің көміртегі тарифтері жұмсақ елдерге өтуіне жол бермеу. Екіншіден, көміртегі шекарасы механизмі ЕО сауда серіктестерін климаттық реттеуді күшейтуге ынталандырады. Нәтижесінде көміртегі салығы өнеркәсіпті және басқа секторларды баламалы, төмен шығарындылары бар энергия көздерін белсендірек қабылдауға итермелейді. Осыған байланысты қазіргі таңда климаттық күн тәртібі Қазақстан үшін, оның ішінде экономикалық тұрғыдан да өте өзекті, -дейді эколог.

 Түйін: 1980-1985 жылдары әлемде 1700-ге жуық табиғи апат болған. Ал 2010-2015 жылдары апаттардың саны 3700-ден асқан. Яғни аз уақыттың ішінде табиғи апат саны екі есе көбейген екен. Ғалымдар алдағы уақытта мұндай апаттардың саны артпаса кемімейтіндігін айтады. БҰҰ-ның болжамынша, 2030 жылға қарай әлемдегі табиғи апаттар 40 пайызға көбейеді. Бұл бүкіл адамзатты алаңдататын көрсеткіш. Яғни, осындай табиғи апаттардың алдын алу үшін қазірден қарекет керек. Мысалы қоршаған ортаны қорғауда адамзаттың алдында тұрған басты міндеттердің бірі – планетадағы ағаш санын көбейту, көгалдандыру. Осы ретте Мемлекет басшысының  тапсырмасымен 2025 жылға дейін еліміз бойынша екі миллиард ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Ал биыл республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Бес аптаға созылатын акцияның «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сынды әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар. Бұл да табиғатты қорғауға, Жер-Анамызды қадірлеуге деген ізгі ниеттен туған бастама деуге болады. Мысалы «Бірге Таза Қазақстан» акциясы алғаш рет 2019 жылы бастау алып, акцияның барлық кезеңі ішінде оған еліміздің 650 мыңнан астам тұрғыны қатысса, алғашқы үш жылдың өзінде 400 мың тоннадан астам қалдық жиналып, кәдеге жаратуға беріліп, іс-шара аясында екі миллион ағаш отырғызылыпты. Иә, бесігінде тербеткен алып Жер-Анамыздың амандығы – адамзатқа аманат, планета перзентінің парызы. 

Наурызбек Сарша
Бөлісу: