30.10.2025
11:04
546
Жасыл экономика жаңа дағдыларды талап етеді

Жасыл экономика жаңа дағдыларды талап етеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында еліміздің даму бағытын айқындап, ерекше басымдықтарды нақты атады. Соның бірі жасыл экономикаға көшу және қоршаған ортаны қорғау. Бұл тек экологтар мен табиғат жанашырларының тақырыбы емес, бұл экономиканың жаңа моделі, ұлттық қауіпсіздік пен ұлт денсаулығының өзегі.

Бүгінгі әлемде табиғатты сақтай отырып дамуды үйренген елдер ғана алға шығады. Кім ескі, лас технологияларға байланып қалса, сол артта қалады. Демек жасыл трансформация  уақыт талабы ғана емес, Қазақстанның стратегиялық мүддесі.

«Алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады» деп президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2025 жылғы жолдауында атап өтті. Мемлекет басшысының бұл сөзі Қазақстанның жасыл экономикаға бет бұрып, қоршаған ортаны қорғауға айрықша мән беріп отырғанын аңғартады. Шындығында, еліміз экологиялық даму жолында озық бастамаларды жүзеге асырып, келер ұрпаққа таза табиғат пен орнықты экономиканы мирас етуге кірісті. Тәуелсіз елдің бүгінгі таңда ұстанған экологиялық саясаты ата-бабамыз аманат еткен кең байтақ жерді түлету, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылға сай жасыл мұраны көбейту. Президент жолдауындағы жасыл экономика бағыты дәл осы ұлттың ұлағатты ұстанымымен үндес стратегиялық қадам.

Еліміздегі жасыл экономика саласында бұрын соңды болмаған тың жұмыс орындары құрылып, халқымыздың игілігі үшін қызмет етуде. Президент тапсырмасымен іске қосылған әрбір жасыл жоба жаңа еңбек нарығын қалыптастырып жатыр. Мәселен, тек жаңартылатын энергия секторын алайық: қазір ел аумағында күн, жел, су электр станцияларында 2000-нан астам отандасымыз қызмет етеді екен. Статистика бойынша, жел электр станцияларында – 746, күн станцияларында – 671, шағын су электр нысандарында 661 адам жұмыспен қамтылған. Бұл – осыдан он шақты жыл бұрын елестету қиын болған көрсеткіш. Енді 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия саласында шамамен 12 мың тұрақты жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Өйткені алдағы бес жылда инвесторлармен бірге 91 жоба іске асып, қосымша 2,3 гигаватт жаңартылатын қуат көздері пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Одан бөлек, шетелдік компаниялардың қатысуымен 3,8 ГВт ірі күн, жел парктері салынбақшы. Бұл жобалар құрылыс кезеңінде мыңдаған уақытша жұмыс орнын ашып қана қоймай, пайдалануға берілген соң да ұзақ мерзімді еңбек көзін қалыптастырады. Ең бастысы – ол жаңа сападағы, технологиялық білімді қажет ететін мамандықтар болмақ. Осыны ескерген мемлекет кадр даярлау ісін шұғыл қолға алды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, жоғары оқу орындарының оқу бағдарлама реестрі 33 жаңа мамандықпен толыққан, олардың дені энергетика және экология саласына қатысты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Назарбаев университеті, Satbayev University, Қазақ-Британ техникалық университеті секілді іргелі оқу орындары «Жаңартылатын энергия көздері», «Гидроэнергетика», «Энергия және қоршаған орта инженериясы», «Сутек энергетикасы» сияқты заманауи бағыттар бойынша мамандар дайындауды бастады. Университеттер жұмыс берушілермен бірлесіп оқу бағдарламаларын икемді етті – экономиканың жаңа сұраныстарына сай өзгерістерді жедел енгізіп отыратын болды. Бұл шаралар болашақта энергия сақтау жүйелері, ақылды желілер, электр көліктері, қалдықтарды қайта өңдеу сияқты «жасыл» салаларға қажет инженерлер мен технологтарды көбейтетіні анық. Президент Тоқаевтың «Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. …Бұл – халқымыздың тағдыры, ұрпақтың болашағы үшін аса жауапты міндет» деген сөзі осындай еңбекті талап ететін үлкен мақсаттарды меңзесе керек.

Ендеше, біз өсіп келе жатқан жас буынға экологиялық білім беріп, оларды жасыл жобаларға тарту арқылы сол міндетті орындауға ұмтылудамыз. Бұған «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының атқарып жүрген қызметі дәлел. Еліміздің түкпір-түкпірінде мыңдаған жас жаз айларында ағаш егіп, саябақтарды көркейтуге атсалысуда. Волонтерлік қозғалыс та табиғат қорғау ісінен шет емес: былтырғы «Таза Қазақстан» акцияларына бүкіл республика бойынша 10 миллионнан астам адам қатысып, өзен-көлдер мен ормандарды тазартуға үлес қосты. Мұның бәрі қазақстандықтардың экологиялық жауапкершілігі артып, жасыл даму идеясын қолдай бастағанының айғағы.

Халқымыз «Бір тал кессең, он тал ек» деп табиғатты аялаудың мәнін қарапайым қағидамен түсіндірген. Бүгінгі урбанизация дәуірінде бұл ұлағатты сөздің қадірі арта түсуде. Қалаларымыздың өсуімен бірге оларды «жасыл шешімдермен» дамыту өмірлік қажеттілікке айналды. Сол себепті Қазақстан қалаларында урбанистиканың жаңа бағыты – экологиялық инфрақұрылым қалыптасып келеді. Мысалы, Елордамыз Астанада соңғы жылдары құрылыс саласында энергия үнемдеу стандарттары күшейтілді. Жаңа тұрғын үйлер мен кеңселер жылу оқшаулау талаптарын қатаң сақтап салынуда, смарт-үй жүйелері енгізілуде. Бас қаланың айналасында жасалған жасыл аймақ – орманды белдеу бүгінде 90 мың гектардан асып, тек қала экологиясын жақсартып қоймай, тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналды. Алматы қаласында да урбанизацияны «жасылдандыру» бағытында қадамдар аз емес. Мегаполисте электр автобустар үшін арнайы зарядтау бекеттері орнатылып, жолаушылар тасымалы біртіндеп экологиялық таза көлікке көшірілуде. Таяуда Алматыда толықтай электр қуатымен жүретін алғашқы автобус паркі іске қосылды деген қуанышты хабар естідік. Жалпы, еліміздің ірі шаһарларында қоғамдық көлікті жаңарту кезінде газ, электр қуатымен жүретін автобустарға басымдық беріліп отыр. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі күнге дейін әлемде сатылған электромобильдердің саны 9 миллионнан асты, жыл сайын бұл көрсеткіш еселене түсуде. Қазақстан да бұл ғаламдық үрдістен қалыс қалмақ емес. Қазіргі таңда елімізде ресми тіркелген электр көліктерінің саны 18 мыңға жуықтады. 2023 жылдың ақпан айында 12 мың шамасында болса, арада алты ай өтпей 18 мың межесіне жетуі – халықтың экокөлікке бетбұрғанының белгісі. Үкімет электр көліктерді көбейту үшін бірқатар ынталандыру шараларын қолға алды: 2024 жылдан бастап электромобильдер утильдік алымнан және көлік салығынан босатылды, зарядтау станцияларын көптеп орнату жұмыстары басталды. Өткен жылы «Электр көлік инфрақұрылымын дамыту туралы» заң қабылданып, жеке бизнеске қуаттау бекеттерін салуға жағдай жасалды. Бұл қадамдар елімізде экологиялық таза көлік құралдарын кеңінен пайдалануға жол ашпақ.

Әуе сапасын жақсарту үшін тек жеке автокөліктер емес, өндірістік және коммуналдық техника да электр тартып, сутекті отынға көшуі тиіс. Бір айта кетерлігі, еліміздің ірі өнеркәсіп орталықтары – Қарағанды, Теміртау, Өскемен, Ақтөбе сияқты қалаларда ауа сапасын жақсарту күн тәртібінде тұр. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына сәйкес, 10 ең ірі қаланың ауасын ластаушы шығарындыларын азайту бойынша кешенді жоспарлар жүзеге асуда. Зауыт-фабрикаларға сүзгілер орнату, ескірген қондырғыларды жаңарту, жылу электр орталықтарын газға көшіру сынды шаралар қолға алынды.

Сондай-ақ еліміз 2030 жылға қарай қоқысты өңдеу үлесін 50%-ға жеткізуді көздеп отыр (2025 жылға межеленген жоспар – 35%). Қазірдің өзінде көптеген қалада көп қабатты үйлердің аулаларына сұрыптауға арналған бөлек контейнерлер қойылған: біріне пластик пен шыны, екіншісіне қағаз, үшіншісіне тамақ қалдықтары тасталады. Мұндай мәдениет бірте-бірте қалыптасып келеді және тұрғындар да үйренуде. Әрине, бұл істі жетілдіру үшін инфрақұрылым қажет. Сол себепті соңғы жылдары бірнеше өңірде қоқыс өңдейтін заманауи зауыттар іске қосылды. Мысалы, елорда іргесіндегі Қоянды елді мекенінде жылына 250 мың тонна қатты қалдықты сұрыптап, қайта өңдейтін кешен жұмыс істеп тұр. Онда қалдықтың 15 түрі сұрыпталады екен. Пластик түйіршіктеліп, қағаз престеліп, шыны бөлек жіктеледі де, қайта өңдеуші кәсіпорындарға жөнелтіледі. Осылайша, бұрын полигонға көміліп қала беретін заттар енді айналымға түсіп, экономикаға қайта қызмет етуде.

Мемлекет басшысы жолдауында «Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек» деп атап өткен еді. Шын мәнінде, жасампаз еңбек пен жанашырлықтың арқасында ғана табиғатымызды қорғап, жұртымыздың болашағын жарқын ете аламыз. Біздің халқымыз үшін туған жердің әр бұтасы, әр өзені қымбат. Экологияны жақсарту – жай ғана мемлекеттік бағдарлама емес, бұл – әр азаматтың перзенттік парызы. Президенттің жасыл экономикаға көшу бастамасы халықтың кең қолдауына ие болуы да содан болар. Бұл – ұрпақ қамы үшін жасалған ақылды қадам. Қазірдің өзінде елімізде экономика мен экологияны үйлестіре дамытудың даңғыл жолы салынды. Жасыл бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартудың көзіне айналды. Халықаралық ұйымдар Қазақстанның осы бағыттағы қадамдарын оң бағалап, әріптестікке ниетті екенін білдіріп отыр. Ең бастысы – экологиялық жаңғыру өз игілігіміз үшін қажет екенін қазақстандықтар терең түсіне бастады. Әр өңірде ағаш отырғызған ата-апаларымыз немерелерін ертіп келіп, орман тұқымбағының ашылуына куә болып жатқаны – соның бір дәлелі. «Туған жерге туыңды тік» дейміз – ал туған жердің табиғатын сақтап, оны гүлдендіре түсуден асқан мерейлі ту жоқ. Ендеше, Елбасы бастамашы болған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы мен Президент Тоқаев айқындаған экологиялық реформалар ұлттың ұлы мұратына айналып отыр. Таза ауа, мөлдір су, жасыл желек – бұлардың әрқайсысы Тәуелсіз Қазақстанның келер онжылдықтардағы табысының, халқымыздың денсаулығы мен әл-ауқатының ажырамас бөлшегі. Біз табиғатты қорғау арқылы өз болашағымызды қорғап жатқанымыз анық. Мемлекет басшысының биылғы жолдауында экология мәселелерін ерекше назарда ұстауы да осы түсініктің көрінісі.