«Жасыл экономика»: ЕҚДБ елімізге 2 млрд еуро құймақ

31 Қазан, 15:30 1781

Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында тұрғын үй-коммуналдық секторы, шағын және орта бизнес, қаржы, энергетика, медицина, ауыл шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы және ақпараттық технология сияқты экономиканың түрлі салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын, сондай-ақ қаржы институтының Қазақстан экономикасын өркендетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

ЕҚДБ президенті еліміздің орнықты дамуына, инвестициялық ахуалының жақсаруына және экономикалық жаңғыруына әсер ететін өзара ықпалдастықтың әлеуетті бағыттарына қатысты жоспарымен бөлісті. Одиль Рено-Бассо банк Қазақстанның инвестициялық жобаларын мұқият зерделейтінін жеткізіп, инфрақұрылымдық дамуды алдағы уақытта да қолдауға ниетті екенін мәлімдеді. ЕҚДБ таяу жылдары «жасыл экономика» талаптарын орындау аясында елімізге 2 миллиард еуро құюды жоспарлап отыр. Биыл Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстандағы 22 жобаны жүзеге асыруға 650 миллион доллар бөледі.

ЕҚДБ президенті «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының сатып алу үдерісіне оң баға берді. Оның айтуынша, кредитор-компаниялардың қор ережесіне сәйкес жұмыс істеуі аталған сатып алу үдерісінің ашықтығына сенім жоғары екенін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Одиль Рено-Бассо жаһандық экономиканың дамуына қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: