«Жасыл аймақ»: мұражай аумағына 350-ден астам ағаш отырғызылды

27 Сәуір, 22:02 711

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экоакция өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл апта «Жасыл аймақ» ұранымен өтіп, ағаш отырғызуға, екпелерді ақтауға арналған.

Бүгін экоакция аясында Байқоңыр ауданындағы елорда музейінің аумағына 350-ден астам ағаш отырғызылды.

«Жасыл аймақ» экоаптасы аясында Қарулы Күштердің мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының аумағында түрлі елшіліктердің өкілдері жаппай ағаш отырғызды. Олар сондай-ақ қоршаған ортаның сұлулығының маңыздылығын атап өтті.

Бүгін бізде керемет көңіл-күй бар. Мұндай акциялар қоршаған ортаға үлкен пайда әкеледі. Мен ағаш отырғызу, саябақтарды көгалдандыру жұмыстарын ылғи да қолдаймын. Әрбір отырғызылған ағаш – біздің болашаққа қосқан үлесіміз, келесі ұрпаққа қамқорлық. Бұл бағытта Қазақстан үлкен жұмыс атқарып жатыр, – деді Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің кеңесші-елшісі Дмитрий Зорин.

Іс-шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Индонезия, Грузия, Беларусь, Португалия, Таиланд, Израиль, Ватикан елшілері мен өкілдері қатысты.

Бұл іс-шара «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық айлығы аясында ұйымдастырылды. Оған қала басшылары мен тұрғындары, бизнес өкілдері мен жастар қатысады. Мұнда 350-ге жуық ағаш отырғызылады. Олардың арасында қайың, қарағай, шырша бар. Ағаш отырғызудан басқа, біз автоматты суару жүйесін қатар қоямыз. Сондай-ақ, аталған іс-шара аясында ауданның басқа саябақтарында жасыл желектер отырғызылады, – деді аудан әкімі Талғат Рахманбері.

Естеріңізге сала кетейік, экоакцияны елордада орналасқан 70-ке жуық елшілік пен халықаралық ұйым қолдады.

Айта кетейік, 3 апта бойы елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы өтіп жатыр.

Ауқымды экоакция шеңберінде қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды тазарту, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: