«Жастарымыз қайда барады?». Дәулет Мұқаев жалдамалы пәтерде тұратын жастарға жаңа бағдарлама ашуды ұсынды

22 Қараша 2023, 12:56 1197

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жалдамалы пәтерде тұратын жастарға ипотекалық бағдарлама ашуды ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мені алаңдататын мәселе – жастардың жалдамалы пәтері. Осыған дейін депутаттық сауалды жолдаған болатынмын. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 5 жылға пәтер берілген болатын. Бұл уақыт аралығында оларға ақша жинау мүмкіндігі берілгені мәлім. Бірақ пандемия уақытына сәйкес келді. Көбі үйде отырып қалды, кезекте тұрған азаматтар кезектен шығып кетті. Бұдан бөлек бұл бағдарлама 29 жасқа дейін болған. Жастардың санатын 35-ке дейін көтеріп, енді олар әлі де жастар санатында, ол үйден шығу керек болады. Бірақ сол жастарымыз қазір әкімдіктің есігін тоздырып жатыр, - деді Мұқаев.

Депутаттың сөзінше, жалдамалы пәтерде тұратын жастар үшін жиындарға министрліктің өкілдері келмейді.

Жастарымыз келесі жылы қайда барады? Себебі «7-20-25-тің» жырын барлығымыз білеміз. Одан кейін 50 пайыз жинау мүмкін емес, өйткені ол жастарға берілетін жалдамалы пәтерге норма қойылған. Айлығы 120 мың теңгеден асуы керек деген. Жастар жалдамалы пәтерді тегін сұрап отырған жоқ. Қазіргі нарықтағы елорда, Алматы жастарын ипотекалық бағдарламаларға неге ауыстырмасқа? - деді депутат.

Ол қазір жастардың көбісі «Отбасы банкке» ағылып барып жатыр. Бірақ онда үй бағасының 50 пайызын жинау керек екенін айтты.


«7-20-25-тің» лимитін көріп отырсыздар. Банктерде 100 млрд әрі кетсе 30 секундта бітіп қалып жатыр. 200 мың теңге айлықпен сол жастарымыз үйдің 50 пайыз ақшасын жинай ала ма? Егер де оларға берілетін басқа да бағдарламалар болатын болса, үндемес едім, бұл мәселені Парламентте көтермес едім. Қаншама жастардың әйелдері сол 5 жылда бала тапты, декретте отырған азаматтар да бар. Біз де азық-түлікке 50-55 пайыз ақшамызды жұмсап отырмыз. Егер де жастарға берілетін альтернатива болса, бағдарламамен дәл қазір үй ал десе, түсінер едім, -деп сұрады Дәулет Мұқаев.

Мәжіліс депутатының бұл сауалына өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жауап берді.

Біріншіден, егер сіздің деніңіз сау әрі жұмыс істеуге мүмкіндігіңіз болса, онда пәтеріңізге деп ақша жинауыңыз керек. Әркімде түрлі жағдайлар болатынын түсінемін. Бірақ мемлекет тұрғысынан қарастыратын болсақ, мүмкіндігі шектеулі балалар немесе жұмыс істеуге қабілетті әрі ақша таба алатын адамдардың біреуіне басымдық беру керек десе, кешірерсіз, онда мен мүгедек балаларды таңдайтын боламын. Бұл позицияны біз қолдауымыз керек деп есептеймін. Сіз тағы да жеке бағдарлама ашу керек деп отырсыз. Ондай бағдарламалардың саны жеткілікті. Бұл мәселедегі ең дұрыс шешім қаржылық тұрғыдан сауатты болып, қаражат жинау қажет. Сонымен қатар қолданыстағы бағдарламалар аясында ипотека алуға тырысу керек, - деді Қанат Шарлапаев.

Бұған дейін министр 232 мың қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылатынын айтқан болатын.

Миражан Махан
Бөлісу: