Жастарымыз ата-баба тәлімімен емес, TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр – депутат

22 Сәуір, 17:51 2337

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров әлеуметтік желілердің қоғамға тигізіп жатқан зияны туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстандықтардың әлеуметтік желілерде белсенді екені жасырын емес. Еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн, Facebook-қа – 2,6 млн, ал TikTok-қа 14,1 млн адам тіркелгені сөзімізге дәлел.

Мәжілісмен әлеуметтік желі пайдаланушылары пайдалы ақпаратпен қатар зиянын да қатар тұтынып отырғанын айтады. Себебі балалар мәліметті сұрыптай алмайды.

Шектеусіз таратылымдағы әлеуметтік желілер пайдалы білім алып, үнемі қозғалыста болуы тиіс балалардың алтын уақытын ұрлағанымен қоймай, олардың денсаулығына, психикасына да теріс әсер етуде. Әсіресе, балалар арасында кең танымалдылыққа ие TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да жеткілікті, - дейді депутат.

Саировтің сөзіне қарағанда, әлеуметтік желілерде әдепсіз әрекеттермен қатар суицидке шақыратындар да аз емес.

Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралуда. Оларды балалар тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда. Біздермен көптеген ата-әже, әке-аналар кездескен сайын осы мәселені жиі көтеретін болды. Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды, - дейді ол.

Одан қалды озбырлық, әлімжеттік жасау да жасөспірімдер арасында көбейіп барады. Мәжілісмен бұл да әлеуметтік желілерге шектеудің жоқтығынан дейді:  

Қоғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізет орнына қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап, арбау, өтірік, өсек, мақтаншақтық етек алып барады. Мектеп оқушылары арасында бір-біріне әлімжеттік жасап, қатыгездік жасау фактілері де әлеуметтік желілер арқылы кең таралуда.

Осы орайда ол TikTok-қа шектеу қойған елдерді мысал ретінде келтірді. Олардың қатарында Үндістан, Индонезия, Өзбекстан мен Қырғызстан да бар.

АҚШ үкіметі TikTok-қа ішінара шектеу енгізді. Еуродақ елдері де өз шенеуніктерінің телефондарына TikTok орнатуға тыйым салды. Ал TikTok-ты ойлап табушы, яғни Қытайдың өзі де кәмелеттік жасқа толмаған балаларға «арнайы бала – TikTok» контентін ұйымдастырған. Қытайдың өзінде балалар TikTok-тың толық форматын пайдалана алмайды, нақты шектеу қарастырылған, - деп отыр Саиров.

Мәжілісмен болашақ ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп, сырттан келген моральдық қауіп-қатерге төтеп беріп, ұлттық кодымызды сақтаудың тетігін қоғам, мемлекет болып бірге қалыптастыруға шақырды. Ол үшін үкімет бірқатар шара қабылдауы керек дегенді алға тартты:

  1. Жуырда қабылданған онлайн платформалар заңына сәйкес TikTok-тағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылықтарына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контенттерге шектеу қою.
  2. Балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаулау.
  3. TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіндегідей балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізу.
Мадина Асылбекова
Бөлісу: