Жастарға махаббат мейрамы керек – 15 сәуірде табысқан ғашықтар

15 Сәуір 2023, 09:00 3119

15 сәуір – ғашықтар күні. Ел арасында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» күні деп те айтылады. Мәңгілік махаббат символына айналған Қозы мен Баян күнін алғаш 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған еді. Содан бері еліміздің әр өңірінде тойланып келеді. Ал 2011 жылы Алматы қаласының жастар саясаты басқармасының бастамасымен «Ұлттық ғашықтар күні» ретінде белгіленді.

Шымкенттік жас отбасы Елубай Тасболатұлы мен Әсем-ай Сағи үшін де 15 сәуір ерекше мереке. Себебі ғашық жандар бірін-бірі дәл осы күні тапқан.

2014 жылы Әсем-ай екеуіміз Алматы қаласының ҚазҰУ-ға бірге оқуға түстік. Сол оқу орнында бір-бірімізбен жақынырақ таныстық. 2015 жылы біздің ЖОО Алматы қаласы бойынша университет аралық 15 сәуір ғашықтар мерекесіне орай Қозы Көрпеш-Баян Сұлу конкурсын ұйымдастырды. Біздің филология факультетінен Әсем-ай екеуіміз қатыстық. Дайындалуға бір айға жуық уақыт кетті. Сайыстың шарты бойынша өзін-өзі таныстыру, өнер көрсету және сұрақтарға жауап беру керек болды. Келіншегіме деген сезім сол дайындық барысында оянды. Сол кезден бастап жұп атандық және байқаудың бас жүлдесін жеңіп алдық, – дейді Елубай.

Қос ғашық алты жыл бірге жүріп, 2020 жылы шаңырақ көтерген. Қазіргі уақытта бір қыз тәрбиелеп, өзгелер үлгі алатындай отбасына айналып отыр. Екеуі де шығармашылық саласына жақын. Ұстаздық қызмет атқарады. Тағы бір ұқсастығы, екеуі де көпшіл, адамдармен тез тіл табысады. Ойын ашық жеткізіп, ашық-жарқын жүреді. 

Елубай көктемнің дәл ортасында келетін ғашықтар күнін жастарға дәріптеп, насихаттау керек деп санайды. 

Осы күнге арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтан сыр шертетін дүниелерді дәріптелсе игі болатын еді. Тереңнен ойлайтын болсақ ғашықтар күні қазақтың менталитетіне келетіндей, ұлттық санамыздың жаңғыруына әсер ететін мереке деп ойлаймын. Тарихымызда Қозы Көрпеш-Баян Сұлу, Еңілік-Кебек, Ләйлі мен Мәжнүн сынды бір-біріне қосылай алмай кеткен қаншама ғашықтар бар. Олардың тек сүйіспеншілігін алып, ғашықтар бір-біріне қосылсын немесе  сезімдерін осы күнді білдірсін деген ниетпен жастарымызды осындай іс-шараларға тарту керек, – дейді.

Кейбір жастар, тіпті аға буын өкілдері кеңес одағының түсінігімен әлі күнге дейін 14 ақпанда әулие валентин күнін насихаттап, әлеуметтік желілерінде көрсетіп жатады. Ал Елубай оған қарсы. Оны қазаққа жат мейрам деп есептейді. Айтуынша, мұндай мерекелерді жастардың санасынан түбегейлі алып тастау қажет. Егер жастарымыз ұлттық ғашықтар күнін тойласа, әулие валентин күні ұмытылады. Себебі бұл күн – қос ғашықтың пәк сезімінің күні. Сол сүйіспеншілік пен адалдықты жастардың бойына сіңіріп, дәріптеу керек. Қыз баланы қалай құрметтеу керектігі туралы біздің дінімізде де, салт-дәстүрімізде де айтылған. Ертеңгі күні өкініп қалмас үшін осындай дүниелерді қолға алу керек.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: