Бүгін – Халықаралық жастар күні. Осыған орай El.kz интернет порталы Жезқазған қаласының ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Сәкен Қайратұлымен жастар саясаты, аймақтағы өзекті мәселелер туралы сұхбаттасты.
Жезқазғанда Халықаралық жастар күні қалай өтеді?
Сәкен Қайратұлының айтуынша, бүгінгі мереке еліміз үшін де, жастар үшін де ерекше мәнге ие.
Бұл күн – жастарға деген назардың артып, олардың қоғамдағы рөліне мән берілетін сәт. Шынын айтсам, елімізде жастар күніне аса кең көлемде көңіл бөлінбейтін кездер де болады. Дегенмен, дәл осы күні үлкендер жастарға ерекше мән беріп, «біздің болашағымыз» деп қарайтындықтан, маңызы зор деп ойлаймын. Ал жастардың күні деп кез келген уақытты айтуға болады, – дейді ол.
Директор биылғы мереке аясында Жезқазғанда 21 тамыз күні ашық аспан астында концерт өтетінін айтты.
Шарада тек қана жастар өнер көрсетеді. Олардың қатарында волонтерлар, жас өнерпаздар, шығармашылықпен айналысатын жастар бар. Биыл арнайы хедлайнер шақырмаймыз, тек жергілікті таланттарымыздың өнерін көрсетуге мән береміз, – деді орталық директоры.
Жастарға арналған жобалар мен клубтар
«Жастар ресурстық орталығының» негізгі міндеті – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, таланттыларды қолдау және олардың шығармашылығын таныту.
Биыл біз «Бірлік» еріктілер клубының жұмысын қайта жандандырдық. Бұған дейін аты болғанымен, іс жүзінде белсенділік танытпаған клуб толыққанды жұмысын бастады. Қазір мүшелікке 300-ден астам жас қабылданып, 50-ге жуық қоғамдық шараға қатысты, – деді Сәкен Қайратұлы.
Клуб аясында «Волонтер жолы» атты ашық кездесулер мен семинарлар өтіп, аймақ жастарының қоғамдық белсенділігі артуда. Сонымен қатар, биыл жастар спартакиадасы, жартылай марафон, пікірталас турнирі және қазақша «Quiz» ойындарының чемпионаты өтпек.
Өңір жастарының өзекті мәселелері
Сәкен Қайратұлының айтуынша, Жезқазған өңірінде жастарға қатысты бірнеше өзекті мәселе бар. Ең алдымен, жоғары оқу орындарының тапшылығы сезіледі.
Біздің мектеп түлектерінің басым бөлігі, әсіресе білімді әрі амбициясы жоғары жастар өзге қалаларға кетеді. Себебі бізде лайықты университет жоқ. Кем дегенде бір-екі жоғары оқу орны ашылса, бұл өңірдің дамуына серпін берер еді, – дейді ол.
Сонымен қатар, жастардың әлеуметтік әлеуетін арттыру қажеттілігі бар.
Өндірістік өлке болғандықтан, жастардың көбі өндіріс саласына бет бұрады да, бизнес, маркетинг, IT сияқты басқа бағыттарға қызығушылық аз. Сол себепті инфрақұрылымды кеңейтіп, түрлі қызмет салаларын дамыту керек, – деді директор.
Оның айтуынша, облыстық деңгейде жастар ісі жөніндегі басқарманың болмауы да мәселе тудырып отыр. Басқа аймақтарда мұндай құрылымдар жұмыс істесе, Ұлытау облысында жастар саясаты тек қалалық деңгейде жүргізіледі.
Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Мереке қарсаңында Сәкен Қайратұлы жастарға өзінің өмірлік ұстанымын жеткізді.
Ең бастысы – өзіңе сену. Басқаға қарап, «маған бер» деп күтудің қажеті жоқ. Әркім өз дамуына өзі жауапты. Мақсатқа жету үшін тек еңбегіңе сүйеніп, алға ұмтылған дұрыс, – деді ол.
Сондай-ақ, ол жастарды кітап оқуға, өзін-өзі дамытуға және жаңа мүмкіндіктерді іздеуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін әр қазақ оқуы тиіс 100 кітап жайлы жазған едік.