Жастардың сайлау процесіне қызығушылығы қандай?

2 Қараша 2022, 17:40 3591

Жасы 18-ге толған, тұрғылықты жері бойынша тіркелген кез келген жас сайлауға қатыса алады

Биыл 20-қарашада болатын Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына жас электораттың қызығушылығы қандай? Алматы - жастар қаласы дейміз, ірі мегаполис болғандықтан мұндағы жастар Президент сайлауына барып, өз таңдауларын жасай ма? Қай жерде дауыс береді? Осы жайында Алматы қаласындағы жастардың пікіріне шолу жасап шығайық.

Балнұр Шармен, студент:

Мен қыркүйекте ғана 18-ге толдым. Құдай бұйыртса, биылғы Президент сайлауына алғаш рет қатысып, өз таңдауымды жасамақпын. Маған қызығы, жалпы сайлау процесі қалай өтетіндігі. Өзім Шымкенттен боламын, бірақ жоғары оқу орнының студенті болғандықтан жатақханаға тіркелгенмін. Мен өз таңдауымды жасаймын. Универдің жанындағы сайлау участогына барып дауыс беремін.

Аймұрат Шыныбеков, қоғамдық көлік бақылаушысы:

Екі жыл бұрын оқу бітіргенмін, бірақ бірден өз мамандығым бойынша жұмыс істеп кете алмадым. Себебі жұмыс іздеп барған жердегілердің бәрі менен жұмыс өтілін сұрады. Жаңа ғана оқу бітірген менде қандай жұмыс өтілі болуы мүмкін?! Ауылға қайтқым келмеді. Себебі ауылда да жұмыс жоқ. Содан бір танысым арқылы осы жұмысқа әрең дегенде орналастым. Менің салама жақын. Таң атқаннан кеш батқанша жүріп, автобуста билет тексеру оңай емес. Халықпен тікелей жұмыс істеу басында қиын болды, қазір етім үйретіп кетті. Құдайға шүкір тұрақты еңбекақы алып жүрмін. Жақында еңбекақымыз көтерілді. Мұның бәрін не үшін айтып тұрмын. Ең бастысы мойымау керек. Себебі өз өмірің ең алдымен өзіңе ғана керек. Бұл өмірде бар екендігіңді дәлелдеу керексің. Сондықтан да мен биыл өтетін Президент сайлауына барып дауыс бермекпін. Өз болашағым үшін таңдауымды жасайтын боламын.

Қай жерде дауыс беретінімді білемін.

Бақытбек Төлеген, студент:

Мен Талдықорғандікімін. Бірақ қазір Алматыда оқып жатырмын. Белсенді жастардың бірі ретінде әрине дауыс беруге барамын. Себебі бұл біздің азаматтық парызымыз. Жанымдағы достарыма да айттым, оларды да сайлауға барып дауыс беруге үгіттеп жүрмін. Еліміздің болашағы өз қолымызда. Егер біз белсенді болып, өз таңдауымызды жасамасақ, біз үшін ешкім ештеңе жасап бермейді.

Сайлау участогімді тұрғылықты жерім бойынша анықтап алғанмын.

Талшын Ермаханова, банк қызметкері:

Осы ару қалаға арман қуып келіп, студент атанып, ата-анамды бір қуантқанмын. Содан былтыр жоғары оқу орнын бітіріп банк саласына жұмысқа орналасып екінші мәрте қуантттым. Енді туған елімде өмір сүріп, тұрмысқа шығып үшінші рет қуантықым келеді. Қазақстанымның дамығанын қалаймын. Оған қолымнан келгенше атсалысуға дайынмын.

Шынымды айтсам, әлі күнге ешқандай сайлауға қатысып көрмеппін. Бірақ биылғы Президент сайлауына барып дауыс беріп қайтпақпын. Менің мұндай шешім қабылдауыма биылғы Қаңтар оқиғасы қатты әсет етті. Себебі сол оқиға кесірінен біздің банк бөлімшесі қирап қалды. Біз бір ай кеңсеге кіре алмадық. Тек жөндеу біткен соң ғана өз жұмыс орнымызға келдік. Сол оқиға кезінде қатты қорықтым. Елдегі ата-анам да қатты уайымдады. Содан көп ойландым. Болашағым туралы бір күдік, бір үміт болды. Елімізде тыныштық болмаса, қазіргі күнімізге де зар болып қалады екенбіз. Елде тәртіп, адамдар арасында түсіністік болмаса біз дами алмайтынымызға сол кезде анық көз жеткіздім. Соны түсініп, қоғамдағы болып жатқан жақсы процестерге атсалысуға бекіндім. Қазір құрбыларыма сайлауға баруға үгіттеп жүрмін. Бұйыртса, еліміздің дұрыс дамуы үшін дауыс береміз.

Өз үйімнің жанындағы мектептің ғимаратында сайлау учаскесі бар екен, сол жерге барамын.

Мөлдір Жаппарқұл, студент:

Биыл өтетін Ел Президенті сайлауына қатысып өз азаматтық құқығымды өзім пайдаланғым келеді. Менің дауысым, менің болашағыма салынған инвестиция деп түсінемін. Сайлау процесін айтамын. Ал бірақ мен сияқты жастар көп деп айта алмаймын. Әлеуметтік желіде небір негатив пікірлер толып жүр. Ой, барып қажеті жоқ, бәрі бізсіз де шешіліп қойған дегендей. Оған қаншама жастарымыз сеніп жүргені қынжылтады. Шынымды айтсам сайлауға барамын деп, құлшынып отырған жастарды көп байқамадым. Ол нені білдіреді? Меніңше ақпаратты теледидар арқылы таратып жатыр, бірақ оны қазір көбі қарамайды. Сондықтан әлеуметтік желілерде жастардың сайлауға қатысуы өте көп рөл атқаратынын сендіретіндей танымал тұлғалардың посттары, видеолар көптеп түсіріліп, таратылса. Сонда жастар сеніп, сайлауға баратын болады еп ойлаймын.

Мен өзім дауыс беретін учаскемді кеше ғана интернет арқылы білдім, бұйыртса 20 қараша күні сол жерге барып дауыс беріп қайтамын.

Бүкіл ел үшін маңызы жоғары бұл науқанға жасы 18-ге толған, тұрғылықты жері бойынша тіркелген кез келген жас сайлауға қатыса алады. Өздерінің конституциялық құқықтары аясында өз таңдауларын жасап, дауыс беруге құқылы. Ел Президентінің сайлауына ел болып жұмыла қатысып, келешекке сенімді қадам жасайық!

 

 

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: