Жастар үшін талас: Оңтүстік Корея 2027 жылға қарай 300 мың шетелдік студентті тартпақ

21 Қараша 2023, 18:35 4603

Оңтүстік Кореяның білім министрлігі 300 мың шетелдік студентті оқуға түсіруге бағытталған «Study Korea 300K» атты бес жылдық жоспарын жариялады. Кореядағы жұмыс күшіне қатысты қалыптасқан ахуалды оңалту мен білікті мамандарды даярлау мақсатында қолға алынған ауқымды жоба туралы ізденіп көрдік. Сондай-ақ Корея елінде оқитын қазақстандық студенттермен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

The Korea Times мәліметінше, елде мектеп жасындағы оқушы саны күрт азайған. Сондай-ақ студенттердің жетіспеушілігінен зардап шеккен жергілікті университеттердің жағдайын жақсарту, жоғары технологиялық салалар үшін білікті шетелдік жұмысшыларды белсенді түрде тарту және елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін аталған жоба қолға алынған. Бұл мақсат «Study Korea 300K» жобасының бөлігі, онда университеттер, кәсіпорындар және аймақтық үкіметтер шетелдік студенттерді көбірек тарту және олардың Кореядағы мансаптық жолын бастауға көмектесу үшін күш біріктіреді.

Министрліктің мәліметі бойынша, Ұлыбритания 2030 жылға қарай 600 мың шетелдік студентті тартуға 35 миллиард фунт стерлинг инвестициялауға ниетті, ал Франция 2027 жылға қарай 500 мың шетелдік студентті тарту үшін виза алу процесін жеңілдетуді жоспарлап отыр.

Біз ғылыми-технологиялық соғыс күшейіп жатқан кезде таланттарды тәрбиелеуге өте мұқтажбыз. Мысалы, Жапония 2033 жылға қарай 400 мың шетелдік студентті тартуды мақсат етіп қойды. Қазір шетелдік таланттарды тартудың стратегиялық жоспар құратын сәт туды. Біз ұсынған жоба аймақтық экономиканы ынталандырып ғана қоймай, отандық университеттердің, сондай-ақ технологиялық салалардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп үмітеннеміз, - деп мәлімдеді Білім министрі Ли Джу Хо.

Соңғы жылдары Оңтүстік Кореяда халықаралық студенттер санының өсуі байқалды. Пандемияға қарамастан 2020 жылы - 153 695 студент, 2021 жылы - 152 281 және 2022 жылы - 166 892 шетелдік студент оқуға келген. Жыл сайын шамамен 30 000-ға жуық шетелдік студенттер корей университеттерін бітіреді. Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Қытай, Вьетнам және Өзбекстан студенттері Кореядағы халықаралық студенттер квотасының 68 пайызын құрайды, олардың басым бөлігі гуманитарлық мамандықтарда білім алып жатыр. 

Жапония мен АҚШ сияқты әлемдік бәсекелестерден айырмашылығы

Оңтүстік Корея виза мәселелеріне байланысты шетелдік студенттердің тұрғылықты жері мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін шектейді, ал жергілікті компаниялар шетелдік үміткерлерді қабылдаудан бас тартады, нәтижесінде оларды басқа елдерге баруға немесе үйлеріне қайтуға мәжбүр етеді. Жаңа ережеге сәйкес, Білім министрлігі Әділет министрлігімен бірлесе отырып, ғылым мен технологияның шетелдік мамандарын тарту үшін жеделдетілген виза жүйесін құрады, осылайша шетелдік үміткерлердің бюрократиялық әбігерге түсуіне және визалардың шамадан тыс кешігуіне жол берілмейді. Жүйе күшіне енгеннен кейін магистр немесе ғылым және технология докторы дәрежесі бар студенттер алты емес, үш жылдан кейін тұрақты резидент мәртебесін немесе Корея азаматтығын ала алады. D-2 визасының немесе студенттік визаның иелері аптасына 40 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Бұрын оларға аптасына 25 сағаттан артық жұмыс істеуге рұқсат етілмеген. Ғылым мен техникалық мамандықтарда оқитын студенттерге оқуды бітіргеннен кейін орта компанияларда өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинауға көмектеседі.

Корей үкіметі білім берудің жаһандануына ықпал ететін арнайы аймақтарды анықтайтын және әртүрлі елдерде орналасқан Корей білім беру орталықтарында шетелдік студенттерді тартуға арналған бөлім құрады. Global Korea стипендиялық бағдарламасын кеңейтеді және университеттерге шетелден зерттеушілерді жалдау үшін қаржылық қолдауды арттырады. Ағылшын тілді елдерден шетелдік таланттарды тарту үшін университеттерде ағылшын тілінде оқытылатын курстарды көбірек ұсынуды жоспарлап отыр, өйткені мұндай курстардың көпшілігі корей тілінде болатын. Академиялық жазу және зерттеу этикасы бойынша арнайы әзірленген курстар тегін білім беру курстарын ұсынатын ашық онлайн қызметтерде қолжетімді болады. Министрлік сонымен қатар университеттің магистратурасын қолдау жобаларына – университеттердің академиялық климатын және олардың әлеуметтік өзгерістерге жауап беру қабілетін жақсартуға бағытталған жобаға – кампустағы шетелдік студенттердің тәжірибесін жақсарту үшін 80,7 миллиард вон инвестициялайды.

Global Korea стипендиялық бағдарламасы студенттің барлық шығынын толықтай өтейді. 2027 жылға қарай магистратура мен докторантурада жаратылыстану және инженерлік ғылымдарды оқитын 2700 халықаралық студентке қаржылық көмек, сонымен қатар басқа салаларда оқитын 6000 студентке қолдау көрсетеді. Жоғары білікті мамандарды тарту үшін министрлік, атап айтқанда, Кореямен экономикалық ынтымақтастыққа сұранысы жоғары елдердің студенттеріне арналған мемлекеттік стипендияларды кеңейтуге мүдделі. Оларға аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібімен танымал Польша және атом энергетикасының ірі секторы бар Біріккен Араб әмірліктері кіреді.

Білім министрлігі корей тілін үйренуге деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін Мәдениет министрлігімен бірігеді. Үкімет корей тілінде цифрлық оқу материалдарын әзірлейді және таратады, осылайша әркім кез келген уақытта және кез келген жерде тілді үйрене алады. Корей тілін білу тесті (TOPIK) сандық платформа арқылы да өткізіледі. 

Біз Кореяда оқитын студенттерге институционалды түрде қолдау көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, осылайша елге қажет талантты адамдар осында қалуы мүмкін, - деді Білім министрі.

Бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына халықаралық алмасу бағдарламалары ұсынылады, осылайша шетелдік жастар кейінірек Кореяға академиялық мақсатта бара алады. Білім министрлігі сонымен бірге тиісті үкіметтік ведомстволармен консультативтік орган құратынын мәлімдеді. Осы схема аясында Әділет министрлігі визалық жағдайларды жақсарту бойынша өз мүмкіндіктерін біріктіреді. Сонымен қатар, ғылым және ақпараттық технологиялар министрлігі, Сауда, Өнеркәсіп және энергетика министрлігі және Қаржы министрлігі ғылыми-зерттеу жұмыстары мен стипендиялық бағдарламаларға қолдау көрсетеді.

Оңтүстік Кореяда оқитын қазақстандықтар

Кореяның Kyungpook National University, University of Seoul сияқты жоғары оқу орындарында білім алған Жанель Мұхитқызы бұл елде оқудың артықшылықтарымен бөлісті.

Оңтүстік Кореяға жолым ең алдымен биотехнология мамандығынан халықаралық қатынастар, оның ішінде шығыстану мамандығына ауысуымнан басталды деп айтуға болады. Осы мамандықтың шеңберінде зерттелетін аймақ ретінде Корея түбегін, яғни Оңтүстік және Солтүстік Корея елдерін таңдадым. Оқу кезінде корей тілін жетік меңгеріп алдым. Тілді білуім корей халқының мәдениеті мен тарихын тереңірек зерттеуіме және одан әрі қызығушылығымның артуына себеп болды. 3 курста Корей Үкіметінің Global Korea Scholarship бағдарламасына құжат тапсырып, Кореяның Тэгу қаласында орналасқан Kyungpook National University-де бір семестр тегін оқуға мүмкіндік алдым. Магистратура оқып жүргенімде де дәл осы бағдарлама арқылы Сеулдегі University of Seoul-де білім алдым. Корея Үкіметі менің бару-қайту ұшақ билеттерін төледі, медициналық сақтандыруды тегін ұсынды және ай сайынғы стипендиямен қамтасыз еткенін атап өткім келеді. Сондай-ақ Кореяны таңдауыма білім сапасының жоғары болуы және елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайының дамығандығы да тікелей әсер етті. Университеттердің білім беруде жаңа тенденциялар мен әдістерді қолдануы, онлайн оқыту процесінің жеңілдетілгені ерекше қуантты. Мұғалімдер жиі біліктілік арттыру курсттарынан өтеді. Осы арқылы университеттердің мықты базасы қалыптасуына, одан әрі халықаралық рейтингтерде жоғары позициялардан көрінуіне ықпал етеді.

Кореяда білім алуға және жалпы өмір сүруге жағдай жасалған. Әсіре шетелден келген студенттерге корея халқының тілін үйрететін орталықтар, тарихы мен мәдениетін көрсететін экскурсиялар ұйымдастырылатын.

Кореяда білім алушылар арнайы шкаламен бағалайтын ранкиң жүйесі бар. Мысалы, аудиторияда 40 студент болса, оның белгіленген пайызы ғана «өте жақсы», тағы бір мөлшерде «жақсы», «орташа», «қанағаттанарлық» деген бағаларды ғана алады. Бұл студенттер арасында белгілі бір деңгейде бәсекені тудыратыны сөзсіз. Алайда көп жағдайда осы бәсекеден білім алушылар арасында алшақтық пайда болып, қарым-қатынастардың бұзылатындығын байқау қиын емес. Ал Қазақстанда бағалау әділеттірек жүреді, яғни аудиториядағы барлық білім алушылардың біліміне сәйкес бірдей жоғары баға алуына мүмкіндік бар. Корея білім жүйесіндегі тағы бір ерекшілік - Қазақстанда біз Platonus сияқты платформаларжа күнделікті бағаларымызды біле аламыз, ал Кореяда керісінше семестрдің соңына дейін қандай баға алып жатқаныңызды білмейсіз. Осы арқылы студенттер мен мұғалімдер арасында коррупцияның пайда болуына жол берілмейді. Корей фильмдерінен мектеп оқушылары арасындағы бәсекенің жоғары және қоғам тарапынан моральді қысымдар бар екендігін көруге болады. Қазақ қоғамындағы «жұрттың баласы» корей халқында да кең тараған. Соңы өз-өзіне қол жұмсаумен қайғылы аяқталып жатқан жағдайлар да бар.

Жергілікті халықтың, университет пен білім алушылардың шетелдік студенттерге көзқарасы қандай екенін сұрадық.

Шетелден келіп оқып жатқан халықаралық студенттерге деген көзқарас аймақтарға байланысты өзгеруі мүмкін. Мысалы, үлкен қалалардағы университеттерде шетелдік студенттер көп оқиды, сәйскесінше олармен тығыз жұмыс істейтін орталықтары болады. Ал кіші қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарына халықаралық студенттер көп бара бермейді. Нәтижесінде онда олармен жұмыс істейтін арнайы орталықтар болмайды, болса да толыққанды қызмет көрсетпеуі мүмкін. Тағы бір байқағаным - жергілікті халықпен тығыз достық қарым-қатаныс орнату, олардың сеніміне кіру қиындау. Көп жағдайда олар Азия, Африка халықтарына қарағанда Еуропа, АҚШ халықтарымен байланыс орнатуға қызығушылығы басым, - дейді Жанель Мұхитқызы.

Кейіпкеріміз, бұл елге келмес бұрын тіл үйренген дұрыс екенін айтты.

IELTS тесті сияқты корей тілін білу деңгейін анықтайтын халықаралық TOPIK тестілеуі бар. Оның 6 деңгейі бар. Кореяға оқуға баратын кезде менде үшінші деңгей болды. Ал бүгінде оның ең жоғары алтыншы деңгейіне жеттім. Әрине осы көрсеткішке жетуіме Кореяда алған білімім, ондағы аз да болса өмір сүрген тәжірибем тікелей әсер етті. Жалпы Корея келуге ниетті адамдарға айтарым корей тілін кем дегенде бастапқы деңгейін үйреніп келген дұрыс. Бұл күнделікті тұрмыс-тіршілікте басқалармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бірақ тілді мүлдем білмей Кореяда өмір сүріп жүрген отандастарымызды да білемін.

Кореяда білім алуға арналған бағдарламалар туралы айтып берді.

Кореяда түрлі бағдарламалар бар. Бірі шығындарды толық өтесе, екіншісі - жартылай, үшіншісі - талапкердің әлеуметтік статусы байланысты жеңілдіктер қарастырады. Олардың ішінде ең танымалы - Корея Үкіметі ұсынатын Global Korea Scholarship бағдарламасы. Себебі, осыған дейін айтып өткенімдей бұл бағдарлама барлық шығындарды (виза алу, авиабилеттер, оқу ақысы, медициналық сақтандыру, стипендия) өтейді. Стипендия мөлшері студенттің деңгейіне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Осы баадараламамен оқуды аяқтаған түлектерде Кореяда жұмысқа орналасуына, одан әрі осы елде қалып азаматтық алуына да мүмкіндік бар. Стипендияны жеңіп алу үшін үміткерде жоғары GPA, корей тілін және ағылшын тілін білетіндігі туралы сертификаттар болуы керек. Cонымен қатар мотивациялық хат пен оқу кезінде және оқуды бітіргеннен соң не істейтіндігі туралы жоспарын ұсынады. Стипендия иегері ретінде менен кеңес - батыста кеңінен таралған «шекарадан тыс ойлау» әдісі Кореяның комиссия мүшелеріне өтпейді. Олар үміткерлердің белігіленген тәртіп бойынша әрекет етуін құпитайды. Мысалы, мотивациялық хатта 4 сұрақ бойынша жауап беруіңізді сұраса, сол 4 сұрақ жауап беруіңіз керек, - дейді Жанель Мұхитқызы.

Ал келесі кейіпкеріміз Торғын Қыдырғали Кореядағы ең үздік университеттің бірі Корё университетінде оқиды. Ол Global Korea Scholarship халықааралық стипендиясын жеңіп алған.

Маған білім сапасы қатты ұнайды. Оқытушылардың методикасы мен студенттерге ыңғайлы орта жасап бере алуы және сабаққа дайындық жүргізгені ұнайды. Сондай-ақ мұғалімдер ұсынатын оқулықтар мен материалдар өте қызықты. Қазір тіл үйрену сыныбында 12 студент оқысақ, біздің әрқайсымызға жеке көңіл бөледі. Біз енді тіл үйреніп жатқандықтан материалдарды жиі қайталаймыз және сол оқығанымызды жақсылап бекіту үшін емтихандар тапсырамыз. Мысалы, бірінші семестр 14 қыркүйекте басталып, 29 желтоқсанда аяқталады. Маған қатты ұнайтын тұсы, әр тестілеу сайын сенің жетістіктерің мен кемшіліктеріңді айтады. Емтиханнан соң мұғаліммен бетпе-бет талқылау жасаймыз. Мысалы, бізде Қазақстанда студенттерге жоғарыдан қараса, ал бұл елде студент пен оқытушы тең. Бұл жерде сені студент ретінде сыйлайды, - дейді Торғын Қыдырғали.

Торғын еліміздің білім сапасына тың серпіліс керек екенін де тілге тиек етті.

Қазақстанның білім беру бағдарламасына сапа қажет деп ойлаймын. Сапаға бағытталған білім беру бағдарламалары аз. Студенттер мен оқытушылар арасындағы қарым-қатынас та маңызды. Бізде қарым-қатынас дұрыс құрылмаған. Шетелде біз оқытушыларға өз ойымызды ашық айта аламыз, біздің пікіріміз құнды. Тиісінше оқытушы тарапынан авторитарлық көзқарас жоқ, - деп түйіндеді Торғын Қыдырғали сөзін.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: