«Жастар қоңырауға жауап бермейтін болған». Ғалымдар себебін анықтады

«Жастар қоңырауға жауап бермейтін болған». Ғалымдар себебін анықтады

Цифрлық коммуникация саласының мамандары қазіргі жасөспірімдердің не себепті телефон қоңырауларына сирек жауап беріп, көбінесе жазбаша хабарласуды жөн көретінін зерттеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Зерттеу нәтижесі бұл құбылыс жасөспірімдердің әдеті ғана емес, жаңа цифрлық қарым-қатынас мәдениетінің көрінісі екенін көрсетті

Смартфондар әрдайым қолдарында болғанымен, жасөспірімдер үшін дауыс арқылы сөйлесу енді негізгі байланыс тәсілі емес. Көпшілігі қоңырауларды ыңғайсыз әрі шамадан тыс жеке араласу ретінде қабылдайды: тікелей сөйлесу дереу жауап беруді талап етеді, ал мәтіндік хабарламалар керісінше, ойлануға, жауап беру уақытын және қарым-қатынас деңгейін таңдауға мүмкіндік береді.

Зерттеушілердің айтуынша, қазіргі буын өз уақытын, эмоциясын және қолжетімділігін бақылауда ұстауға тырысады. Сондықтан қоңырауға жауап бермеу - әдепсіздік емес, жеке кеңістікті қорғау мен күйзеліс деңгейін төмендетудің тәсіліне айналған.

Мамандар атап өткендей, бүгінде үнсіз қалу немесе жауап беруді кешіктіру цифрлық әдептің жаңа белгісі. Бұл өзара келісімге, күту мәдениетіне және өзгенің шекарасына құрметпен қарауға негізделген.

Сарапшылардың пікірінше, жасөспірімдердің қоңырауларға жауап беруден бас тартуы - қоғамдық дағдылардың жоғалуы емес, қайта жаңа, саналы және эмоционалды жайлылыққа бағытталған қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуы.