XXI ғасыр – технология мен жаңашылдықтың дәуірі. Әлемдік еңбек нарығы да, жастардың таңдауы да күн сайын өзгеріп, жаңа бағыттарға ойысуда. Бұрын дәрігер, мұғалім, заңгер секілді мамандықтар ең танымал саналса, бүгінде цифрлық экономика, креативті индустрия және экологиялық салалар жастардың басты қызығушылығына айналып отыр. Осы ретте El.kz интернет порталы жастар жиі таңдаған мамандықтарға шолу жасап көрді.
Бүгінде жас буынның басым бөлігі ІТ саласына бет бұрған. Бағдарламашы, киберқауіпсіздік маманы, жасанды интеллект (AI) инженері, деректер талдаушысы сияқты бағыттарға сұраныс өте жоғары. Әсіресе, жасанды интеллект пен автоматтандыруға байланысты жаңа мамандықтар қалыптасып, жастарға мол мүмкіндік беруде.
Қазіргі заман жастары тек техникаға емес, шығармашылық бағытқа да зор көңіл бөліп отырғаны байқалады. Графикалық және веб-дизайн, кино индустриясы, ойын жасау (game development), музыка мен анимация салалары жастарды қатты қызықтырады. Әлеуметтік желілердің ықпалымен блогинг, контент-менеджмент, SMM-мамандықтар да танымал болып отыр.
Жаһандық жылыну, климаттық өзгерістер мәселесі жастарды бейжай қалдырмайды. Сондықтан экология, табиғатты қорғау, баламалы энергия көздері, агроинновация салаларына қызығушылық артты. Көптеген елдерде жастар «жасыл» технологияларды меңгеріп, тұрақты даму идеяларын алға тартып жүр.
Пандемиядан кейін әлем жастарында медицина мен биотехнологияға деген сенім мен сұраныс күшейді. Генетика, фармацевтика, биоинженерия, робот-хирургия сияқты бағыттар болашақтың мамандықтарына айналып келеді.
Жастар тек табыс әкелетін емес, қоғамға пайда тигізетін мамандықтарға да ден қойып отыр. Психология, әлеуметтік жұмыс, білім беру технологиялары, мәдениеттану, тіл үйрету – осылардың барлығы сұранысқа ие. Әсіресе, әлеуметтік кәсіпкерлік жастар үшін жаңа мүмкіндік болып отыр.
Әлем жастарының мамандық таңдауы – уақыт талабына сай өзгеріп келеді. Бүгінгі күннің басты тренді – технология мен шығармашылықты ұштастыру, экология мен әлеуметтік жауапкершілікті қатар ұстау. Яғни, жастар тек өзіне ғана емес, қоғамға да пайдалы болуды мақсат етеді.