Жұмыссыз жастардың 12% тұрақты табыс көзінсіз жүргеніне бір жылдан асқан. Finprom.kz ресурсы осындай дерек келтіріп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«Жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес жемісін беріп келеді. Олардың үлесі күн санап азайып жатыр. Алайда жұмыссыз жастардың 12% астамы бір жылдан астам уақыт жұмыс таба алмай жүр. Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда 72,2 мың жұмыссыз жас болған. Бұл былтырғы статистикадан 6,9% аз. Жұмыссыз ерлер саны 28,1%, яғни, 25,4 мыңға дейін қысқарса, жұмыссыз әйелдер саны, керісінше, 10,9%, яғни, 46,8 мың адамға дейін өскен. Дегенмен, 2021 жылдың үшінші тоқсанында елімізде жасы 29-дан аспаған 77,5 мың жұмыссыз болса, биыл олардың саны 6,9% азайып отыр. Осылайша жұмыссыз жастардың саны үшінші жыл қатарынан азайған. Өңірлер арасында жұмыссыз жастардың көбі Алматыда шоғырланған – 12,5 мың адам (былтырғыдан 10,6% аз). Сондай-ақ, ел астанасында 7,8 мың жас (+16,9%) және Түркістан облысында 6,7 мың жас (+10,7%) жұмыссыз жүр», - деп жазады Finprom.kz.
Жұмыссыз жастар ең аз өңір Ұлытау облысы – 665 адам.
Ресурс мұны қайтадан ашылып жатқан облыстың статитикасы дұрыс қалыптаспай жатуы ықтималдығымен байланыстырады.
«Жұмыссыз жастардың көбі, нақтырақ айтсақ, 20,9 мың адам жылдың үшінші тоқсанында 1 айдан 3 айға дейін жұмыс іздеп жүрген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 7,3% аз.
Бір ай ішінде жұмыс тапқан 29 жасқа дейінгі адамдар саны 4,8% өсіп, 16,4 мыңға жеткен.
18,5 мың жұмыссыз жас 3 айдан 6 айға дейін, 7,5 мың жұмыссыз жас жарты жылдан бір жылға дейін, 8,8 мың жұмыссыз жас бір жылдан астам уақыт жұмыс іздеп жүр», - деп жазылған сараптамада.