04.01.2026
19:35
3405
Жастар арасында құқықтық мәдениет қалыптастыру қалай жүзеге асады

Жастар арасында құқықтық мәдениет қалыптастыру қалай жүзеге асады

Алматыда жастардың құқықтық санасын арттыруға, азаматтық жауапкершілік қалыптастыруға және заңға құрмет мәдениетін нығайтуға бағытталған кешенді бағдарлама іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы. 

Жоба «Заң мен тәртіп» идеологемасын іске асыру жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары аясында қолға алынған.

Бағдарлама құқық бұзушылықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту және жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруды қамтиды. Биыл жыл басынан бері қалада 330-дан астам түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылып, оларға 20 мыңнан астам жас қатысты.

Іс-шаралар қатарында «НаркоSTOP» акциялары, профилактикалық рейдтер, «Заң және жастар: саналы азамат мәдениеті» атты кездесулер, дөңгелек үстелдер, құқықтық дәрістер, семинарлар, пікірталастар, case-чемпионаттар, викториналар, құқықтық квиздер, фотоквестер мен онлайн-акциялар өтті. Іс-шаралар комьюнити орталықтарда, жоғары оқу орындары мен колледждерде, студенттер үйінде және онлайн платформаларда ұйымдастырылды.

Жоғары оқу орындары мен колледждерде депутаттар, заңгерлер және медиаторлар қатысқан 30-дан астам дәріс, семинар және дөңгелек үстел өткізілді. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған «Университет – жемқорлықсыз» жобасы жүзеге асырылды.

«Заң мен тәртіп – бұл тыйымдар жүйесі емес, ең алдымен жастардың күнделікті өміріндегі жауапкершілік пен саналы таңдау. Біздің міндет – жастарға заңды түсіндіру ғана емес, оны өмірлік құндылық ретінде қабылдауға жағдай жасау», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.

Сонымен қатар, «НаркоSTOP» жобасы аясында заңға құрмет пен жауапкершілік құндылықтарын насихаттайтын вертикалды хикая іске қосылды. Бүгінгі таңда екі серия жарық көріп, әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таралып жатыр.

Жастар саясаты басқармасы сондай-ақ, «Антикоррупциялық еріктілік» және «Adal Urpaq» жобаларын жүзеге асырып отыр. Алатау ауданында 300-ден астам белсенді жасты біріктірген фронт кеңсе жұмыс істейді, оның 100-ден астамы тұрақты негізде қызмет атқарады. Жоба аясында 20-дан астам мониторинг, 30-дан астам көшпелі кеңес өткізіліп, адалдық пен әділеттілікті бейнелейтін көлемді мурал салынды.