Жастар Ахаңның мұрасын сахналады

21 Қараша 2022, 22:07 2232

Қойылымның басты кейіпкерлері қу түлкі, аң патшасы арыстан және маса

Мәдениеттің ошағы, өнердің ұйытқысы – театр. Ол адамгершілік пен рухани құндылыққа бастайтын жол. Тәлім мен тәрбие, тағылымның ортасы.  Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің іргетасы 2009 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінде қаланды. Алғашқыда "Шамшырақ" деп аталды. 2011 жылы "Шаңырақ" боп өзгерді. Жастарды шыбықсыз тәрбиелеп, қоғамның айнасы болған театр жыл сайын өз көрермендерін жаңа спектакльдарымен қуантып тұрады.

Биылғы жылдың жаңалығы "Шаңырақ" театры Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай "Катарсис" қойылымын сахналады. Қойылым Ахмет Байтұрсынұлының "Қырық мысал" шығармасының желісімен жазылды. Артында өміршең сөзі қалған Ахметтің мұрасы сахнада қайта тірілгендей боп көрінді. Жан-жаунарлардың кейіпі арқылы қоғамдағы өтірк пен ақиқат, жақсылық пен жамандық, әділдік пен арамдық  суреттелді.

Қойылымның басты кейіпкерлері қу түлкі, аң патшасы арыстан және маса. Қу түлкі айласын асырып, түбінде арыстанның орнын басып аңдарға билік жүргізеді. Өзінің кеңесшісі болып жылан тағайындалады. Жан-жануарларға әмірлік етуді қанағат тұтпаған жылан бірде ұйықтап жатқан адамды шағып өлтірмекші болады. Мұны байқап қалған маса ызыңдап адамды ұйқысынан оятады. Әділдікті сәулелейтін астарлы бейне адам оянған соң: "Аллаға шүкір! Залым жылан ирелеңдеп ініне тығылып қалды. Алтын заманның шапағы көрінген екен. Ақ байрағы желбіреген екен әділеттің! Енді бізге адасуға болмайды. Себебі,  алдымызда Алаштың жолы!",-деп айтады. Адамды ұйқысынан оятқан масаның  негізгі мақсаты Ахмет шығармаларында үнемі айтылатын мына ойларды жеткізу еді. Яғни, ұлтты даналыққа, оқу-білімге, еңбек етуге шақыру.

Спектакльдің инсценировкасын жазған – Абзал Мақаш, режиссері – Еркебұлан Әуелбек. Екеуі де филология факультетінің 3 курс студенттері. Драмалық шығарма жазудағы Абзалдың, ал режиссер ретінде Еркебұланның бұл алғашқы жұмыстары. Қойылымның тағы бір ерекшелігі оны университетіміздің бірінші курс студенттері сахналады.

Жас та болса, бас болар өрендеріміздің еңбегін келген қауым жоғары бағалады. Оның бірі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Алмаз Мырзахмет Facebook парақшасында жылы пікір қалдырды.

"Кейде үлкен ойлардың, өзгерістердің, сапарлардың эксперименттен қорықпайтын кіші театрлардан басталатыны бар емес пе? Режиссері де, авторы да, актері де студенттерден жасақталған бұл қойылымның орны бөлек! Ақ жол жастар! Мен сендерге сенемін!", деп жазды Алмаз Мырзахмет.

Сонымен қатар ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Алаш арысының ұрпағы Қайырбек Кемеңгер: "Ұлт ұстазының "Қырық мысалы" жинағындағы кейіпкерлер тіліріп келіп, қоғамда қордаланған әлеуметтік мәселелерді сахнада қозғады. "Маса" жинағындағы Ахаңның рухты оятатын ойлы өлеңдері спектакль идеясын ашты.",-деп шынайы пікірін білдірді. "Катарсис" спектаклін Елорданың басқа да сахналарында сахналауға болатынын және соған әбден лайық екендігі атап өтілді.

Қойылым соңында актерлер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Олардың орындарынан тұрып қол соғуы әдеттегідей мәдениетті сақтау емес, өнерді жүрекпен сезініп, бағалау деп таныдым. Тас жүректі жібітетін театрдың құдіреті осындай. Әркім сахнадан өзін тамашалай алды. Ахаңның мұрасы ұрпағымен бірге қайта жасады.

         Алмагүл Тастанова

Журналистика және саясаттану факультеті,

Баспа ісі-31 тобының 3 курс студенті

 

EL.KZ
Бөлісу: