Лондондағы Королева Мария университетінің зерттеушілері жасанды қан жасау технологиясында маңызды жаңалық ашты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ғалымдар эритроциттердің — ағзадағы оттегін тасымалдайтын негізгі қан жасушаларының — қалыптасу процесінде CXCL12 хемокинді сигналды ақуызының шешуші рөл атқаратынын анықтады. Зерттеу нәтижелері беделді Science Signaling журналында жарияланған.
Зерттеу барысында CXCL12 ақуызы эритроциттердің жетілуі кезінде жасуша ядросынан арылу процесін қамтамасыз ететіні анықталды. Бұл кезең жасушалардың толыққанды қызыл қан түйіршіктеріне айналуындағы негізгі саты болып саналады. Эритроциттер адам қанының шамамен 45%-ын құрайды және барлық тіндерге оттегі жеткізу функциясын орындайды.
Табиғи жағдайда бұл күрделі процесс сүйек кемігінде жүреді: бағаналы жасушалар біртіндеп эритробласттарға айналып, кейін ядросынан айрылып, жетілген эритроциттерге айналады. Ядроны жоғалту — тек формальдылық емес, жасушаны ықшамдап, гемоглобин концентрациясын арттыру арқылы оттегі тасымалдау тиімділігін жоғарылататын маңызды механизм.
Ғалымдар зертханада CXCL12 ақуызын қосу арқылы осы маңызды кезеңді сәтті имитациялауға болатынын көрсетті. Бұл ашылыс жасанды қан өндірісі технологияларын жетілдіру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазіргі таңда жасанды эритроциттер негізінен кіндік қаны немесе сүйек кемігі бағаналы жасушаларынан алынады, бірақ олардың қолжетімділігі шектеулі. Заманауи әдістер кәдімгі жасушаларды бағаналы жасушаларға қайта бағдарламалауға мүмкіндік бергенімен, ядродан арылу тиімділігі әзірге 40%-дан аспайды. CXCL12 пайдалану бұл көрсеткішті айтарлықтай арттырып, жасанды қан өндірісін тиімді әрі экономикалық жағынан ұтымды етуге мүмкіндік береді.
Бұл жаңалық әсіресе сирек кездесетін қан топтарын өндіру және ауыр тұқым қуалайтын ауруларды — серповидті анемия, талассемия сияқты дерттерді емдеуге арналған жеке препараттар әзірлеу саласында ерекше маңызды. Бұған қоса, жасанды қанды жаппай өндіру донорлық қан тапшылығы мәселесін шешуге, әсіресе төтенше жағдайларда және медициналық қызметке қолжетімділігі шектеулі өңірлерде үлкен көмек болмақ.