21.11.2025
18:14
1012
Жасанды интеллектіні қай салада қолдануға болады?

Жасанды интеллектіні қай салада қолдануға болады?

Бүгінде жасанды интеллект өмірдің әр саласына дендеп енді. Кеше ғана адам орындайтын қарапайым шаруаларды машина ешқашан толық алмастыра алмайтындай көрінетін. Алайда қазір жасанды интеллект мәтін жазады, күрделі есептерді шешеді, бейне мен фотодағы нысандарды дәл ажырата алады. Мысалы, автономды көліктер жолдағы кедергілерді дәл таныса, логистикада жасанды интеллект жеткізілімнің ең тиімді бағытын өзі құрастырып береді. Өндірісте де роботтандырылған жүйелер бүтін бір желіні басқарып, процестерді оңтайландырады. Осы ретте жасанды интеллекттің қолданылатын негізгі бағыттарына жеке-жеке тоқталмақпыз.

Жасанды интеллекттің мүмкіндіктері

Қазір жасанды интеллекттің мүмкіндіктері шексіз деуге болады. Ол адамға көмектесіп қана қоймай, кейде оның орнын алмастырып жатады. Мысалы, күрделі деректерді тез өңдеу, күнделікті қайталанатын жұмыстарды автоматтандыру, мәтін, сурет, видео және дыбысты тану мен талдау, қаржы мен медицинада болашақты модельдеу, стриминг платформаларындағы ұсыныстарды жеке қолданушыға бейімдеу – бәрі осы технологияның арқасында іске асады.

Жасанды интеллекттің сұранысы артып, қарқынды дамуының өзіндік себептері бар. Ол ең әуелі процестерді жылдамдатып, уақыт үнемдейді, көлемді ақпаратты лезде талдай алады. Сонымен қатар медицина, көлік немесе маркетинг сияқты салаларда жаңа мүмкіндіктер ашады. Осылайша жасанды интеллект бүгінде өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді.

Жасанды интеллект қолданылатын негізгі салалар

Медицина мен Денсаулық сақтау жүйесі

Жасанды интеллекттің қай салада болмасын пайдасы көп, бірақ ең үлкен серпін берген бағыттың бірі – медицина. Денсаулық сақтау жүйесінде нейрожелілерді енгізу жыл сайын күшейіп, оған бөлінетін қаржы да артып келеді. Сарапшылардың айтуынша, 2021 жылы әлемде медицинадағы жасанды интеллект жобаларына инвестиция 108 пайызға көбейген.

2025 жылдың наурызында Гонконг университеті, InnoHK D24H зертханасы және Лондон гигиена мектебі бірігіп, қалқанша безі қатерлі ісігін анықтайтын жасанды интеллект моделін жасап шығарды. Тәжірибелерге сүйенетін болсақ, бұл жүйе 90 пайыздан жоғары дәлдікпен диагноз қоя алады. Ең басты артықшылығы – медициналық құжаттарды автоматты талдай отырып, дәрігерлердің қабылдауға дайындалу уақытын екі есе қысқартуы. Мұндай нәтижеге ChatGPT, DeepSeek сияқты озық құралдардың көмегімен жеткен.

Жасанды интеллект тек мәтінді талдап қана қоймайды. Мысалы, МРТ суреттері арқылы қуық обырын анықтайтын алгоритм жасайды. Ал Google Health қызметі маммограммаларды талдайтын жасанды интеллект жүйесін жасап, сүт безі қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтай алады.

IBM де медициналық деректерді өңдеу және онкологиялық науқастарға жеке емдеу тәсілін таңдауға дәрігерлерге көмек көрсету үшін жасанды интеллектті кеңінен қолданып келеді. Сонымен қатар компания генеративті жасанды интеллектке негізделген өз чат-боттарын да дамытып жатыр.

Қаржы және банк саласы

Қаржы мен банк секторында да жасанды интеллект кеңінен қолданылып келеді. Мұнда ол тәуекелдерді алдын ала болжау, алаяқтық әрекеттерді анықтау, сондай-ақ тұтынушылардың шығындарына қарай жеке ұсыныстар мен қызметтер ұсыну үшін пайдаланылады. Арнайы үйретілген алгоритмдер банктік транзакцияларды бір сәтте талдап, күмәнді және жалған операцияларды автоматты түрде анықтайды. Сонымен қоса жасанды интеллект несие беру мен ипотека нарығында да маңызды рөл атқарып, нарықтағы өзгерістерді болжауға, инвестицияларды басқаруға және биржада сауда жасауға көмектеседі.

Мысал ретінде бірнеше нақты жағдайды атап өтуге болады. Әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs өз қызметкерлеріне жұмысын жеңілдететін смарт-көмекшілерді енгізіп жатыр. Олар түйіндеме дайындау, хаттарды өңдеу немесе мәтіндерді аудару сияқты күнделікті тапсырмаларды тез әрі тиімді орындауға мүмкіндік береді. Электронды төлем жүйесі PayPal жыл сайын миллиардтаған операцияны өңдей отырып, жасанды интеллект арқылы алаяқтық транзакцияларды бірден анықтайды. Ал АҚШ-тың қаржы алпауыты JPMorgan Chase заңды құжаттарды талдайтын Coin атты жасанды интеллект жүйесін қолданады. Соның арқасында бұрын жылына 360 мың сағат кететін құжаттама жұмыстарын бірнеше секундта аяқтауға мүмкіндік туған.

Өнеркәсіп және өндіріс

Өнеркәсіп пен өндіріс саласында жасанды интеллект негізінен технологиялық процестерді автоматтандыру үшін пайдаланылады. Сонымен қатар ол өндірістік жабдықтардың жағдайын бақылап, ақауларды алдын ала анықтауға, құрастыру желілеріндегі түрлі міндеттерді атқаруға көмектеседі. Мұның бәрі шығынды азайтып, жабдықтың істен шығуын болжауға мүмкіндік береді.

Мысалы, электротехника, электроника және энергетикалық жабдықтар саласында жұмыс істейтін неміс компаниясы Siemens өз турбиналарын күтіп-баптау кезінде жасанды интеллект көмегіне жүгінеді. Жүйе жабдықтың қашан бұзылуы мүмкін екенін алдын ала болжайды және жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Әлемдегі ірі әуе компаниялары Emirates пен Delta Air Lines Predix атты өндірістік платформаны қолданып, нақты уақыт режимінде аналитика жүргізеді. Жасанды интеллекттің арқасында қозғалтқыштарды жөндеу шығындары 15 пайызға қысқарып, жабдықтағы ақауларды алдын ала анықтау нәтижесінде рейстердің кешігуі 30 пайызға төмендеген.

Ал француздың Schneider Electric корпорациясы құжат дайындау, жабдық орнататын операторларға материал әзірлеу және жеткізу тізбектерін жоспарлау сияқты ауыр әрі ұзақ болатын міндеттерді автоматтандыру үшін RPA (роботтандырылған бизнес-процестер) технологияларын енгізіп отыр. Осылайша жасанды интеллект өнеркәсіптік салаларда өнімділікті арттырып, компанияларға уақыт пен күш үнемдеуге көмектесіп келеді.

Транспорт және логистика

Транспорт саласында жасанды интеллекттің ең кең қолданылатын бағыты – жүргізушісіз көліктер. Онда жасанды интеллект камералар мен радарлардан келетін деректерді өңдеп, көліктің жолда қауіпсіз жүруін қамтамасыз етеді. Ал логистикада жасанды интеллект жеткізу бағыттарын оңтайландыру, сұранысты болжау, қорларды басқару сияқты міндеттерді атқарып, шығынды азайтып, өндіріс пен бизнес процестерін жеделдетеді.

Мысалы, Мәскеудің Мосгортранс мемлекеттік кәсіпорны қаладағы жерүсті көлігінің жұмысын жақсарту үшін жасанды интеллектті қолданады. Жүйе автоматты түрде жүргізушілерді маршруттарға тағайындап, жолаушылар ағынының көлеміне қарай автобус пен электробустың қажетті санын іріктейді. Ал жүргізушісіз технологияларды дамытатын Waymo компаниясы жасанды интеллектпен басқарылатын автономды көліктерді нарыққа шығарып, АҚШ-тың бірнеше қаласында жолаушы тасымалын бастап үлгерді. Халықаралық DHL компаниясы болса, жасанды интеллект арқылы жеткізу бағыттарын тиімді жоспарлап, уақыт пен шығынды қысқартып отыр. Сондай-ақ олар қоймалар мен сұрыптау орталықтарында робототехникаға кеңінен сүйенеді.

Жасанды интеллекттің күнделікті өмірдегі қолданысы

Жасанды интеллект тек ірі компаниялар мен өндірістерде ғана емес, күнделікті тұрмысымызда да кеңінен пайдаланылады. Бүгінде әлем бойынша миллиондаған адам күн сайын жасанды интеллектпен интеграцияланған сервистер мен қосымшаларды қолданады. Оған мысал өте көп.

Мәселен, Siri, Alexa, Google Assistant сияқты дауыстық көмекшілер біздің дауысымызды талдап, сұрақтарға жауап береді, үйдегі смарт құрылғыларды басқарады. Олар уақыт өте келе үйреніп, қолданушының сөзін оңай түсініп, бейімделеді.

Стриминг платформаларында да ЖИ негізгі рөлде. Netflix, YouTube, Amazon Prime немесе Spotify қызметтеріндегі ұсыныстар жүйесі пайдаланушылардың талғамын талдап, оларға ұнайтын контентті дәл табуға көмектеседі. Бұл көрерменнің қызығушылығын арттырып, сервисті қолдануды әлдеқайда ыңғайлы етеді.

Тілді өңдеу де жасанды интеллекттің маңызды зор. Қарапайым мысал ретінде түрлі онлайн аударма құрылғыларын алуға болады. Олар мәтінді бір тілден екінші тілге аударып қана қоймай, жазу стилін де түсініп, мағынасын сақтауға тырысады. Қазір көптеген сайттарда, әсіресе авиабилеттер сататын платформаларда немесе техника мен бағдарлама өндірушілерінің парақшаларында қолданушыларға 24/7 көмек көрсететін чат-боттар бар. Олар сұрақтарға жауап беріп, техникалық қолдау көрсетіп, қажет ақпаратты жылдам жеткізіп отырады.

Жасанды интеллекттің болашақтағы даму бағыттары

Жасанды интеллект бүгінде адам атқаратын көптеген міндетті жеңіл орындап жүрсе де, оның әлі толық ашылмаған үлкен мүмкіндіктері бар. Соның бірі – кванттық есептеулер. Кванттық компьютерлер деректерді өңдеу жылдамдығын күрт арттырып, қазір тіпті ең қуатты суперкомпьютерлердің де қолынан келмейтін міндеттерді шешуге жол ашады. Мысалы, жаңа дәрілерді жасау үшін молекулаларды дәл модельдеу секілді күрделі есептер кванттық технологияның арқасында әлдеқайда тиімді орындалмақ.

Екіншісі – нейроморфты технологиялар. Ол – адам миының жұмысын модельдейтін ерекше чиптер. Мұндай құрылғылар жасанды интеллекттің жылдамдығын арттырып, энергияны аз жұмсайтын жүйелер жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жасанды интеллектті қолданғанда этикалық талаптарды ескермеуге болмайды. Алгоритмдердің біржақтылығы, жеке деректердің қауіпсіздігі, ақпаратты дұрыс пайдалану – осының барлығы маңызды мәселе болып отыр. Сол себепті жасанды интеллектті кеңінен енгізу кезінде нақты этикалық стандарттар мен талаптарды әзірлеу басты міндеттердің біріне айналады. Бұл жасанды интеллекттің қоғамда әділ, қауіпсіз және жауапты түрде қолданылуын қамтамасыз етеді.

Жасанды интеллекттің болашағы

Консалтингтік SBS Consulting компаниясының болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай жасанды интеллектті белсенді қолданатын салалар 3-5 есеге дейін өседі. Ал ЖИ енді дамып келе жатқан цифрлық технологиялар нарығы 6-11 есе ұлғаюы мүмкін. Әлем бойынша жасанды интеллектке деген ең жоғары сұраныс сауда, медицина және транспорт салаларында болады деп күтіледі. Бұл сұраныстың артуына жаңа технологиялық шешімдердің жасалуы түрткі болып, олар өндірістік процестерді айтарлықтай жеңілдетіп, прогрестің негізгі қозғаушы күшіне айналады.

Алдағы уақытта бірнеше трендтер анық көрінбек. Солардың бірі – робототехниканы жаппай қолдану. Дрондар, жүргізушісіз көліктер және түрлі роботтар адам өмірінің көптеген саласына еніп, ғылымнан бастап білім беру жүйесіне дейін үлкен өзгеріс әкеледі.

Білім беру саласында да жасанды интеллекттің рөлі артады. Мектеп пен университеттерге арналған жаңа платформалар пайда болып, олар әр оқушының қабілетіне қарай жеке оқу жоспарын ұсынып, оқу үрдісін толық дербестендіреді. Бұл білімді анағұрлым тиімді әрі қолжетімді етеді.

Сондай-ақ генеративті жасанды интеллекттің дамуы да маңызды бағыттардың бірі болмақ. Ол мәтін, сурет, музыка, әңгіме сияқты сан түрлі контентті өздігінен жасай алады. Болашақта мұндай технология медиа өндірушілер, өнім жасаушылар мен дизайнерлер үшін ең қажет құралдардың біріне айналып, шығармашылық процестерді жылдам әрі тиімді етеді.

Жасанды интеллекттің шектеулері мен төндіретін қауіптері

Жасанды интеллекттің жылдам дамуы мен оны жаппай қолдану қауіп те төндіруде. Көпшілік ең әуелі жұмыс орындарының қысқаратынын, жеке деректердің сыртқа шығуы және жасанды интеллекттің қылмыстық немесе алаяқтық мақсатта қолданылатынын айтады. Осындай тәуекелдерден қорғану үшін бірқатар елдер жасанды интеллектті заң жүзінде реттеуге кірісті. Мысалы, Еуропалық одақта 2025 жылғы 2 ақпаннан бастап AI Act деп аталатын арнайы заң күшіне енді. Бұл құжат қауіпсіздікке, адамның денсаулығына немесе негізгі құқықтарына нұқсан келтіруі мүмкін ЖИ жүйелерін қолдануға тыйым салады, ол тек «ұлттық қауіпсіздікке» қатысты жағдайлар ғана ерекше қаралады. Мәселен, адамның әлеуметтік мінез-құлқын бағалап, оған балл қоюға негізделген бағдарламаларға толық тыйым бар.