Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында білім беру саласы мен жасанды интеллектіні дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мемлекет басшысы экономикадағы өзгерістер адам капиталына жаңа талаптар қойып отырғанын айтты.
Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді. Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады, – деді президент.
Оның айтуынша, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс.
Президент цифрлық технологиялардың жаһандық еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқанын ескертті.
Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Жұмыс үдерістерінің едәуір бөлігі цифрлық технологияларды енгізу арқылы автоматтандырылатыны анық, – деді ол.
Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан Al-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңға жуық студент технологиялық жобаларға тартылатынын айтты. Дегенмен бұл құзыреттерді қалыптастыруды ерте жастан бастау қажет екенін қоса айтты.
Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет, – деді президент.
Сонымен қатар ол мұғалімдерді жаңа технологияны меңгеруге бейімдеу, ауыл оқушыларына қолжетімді білім беру үшін «Qazaq Digital Mektebi» атты онлайн-мектеп үлгісін әзірлеу қажеттігін айтты.
Президент кәсіпкерлерді де балаларды дамыту орталықтарын салу ісіне белсенді атсалысуға шақырды.
Көптеген кәсіпкер дәл осы мәселе бойынша көмек көрсетуге әзір екенін білдіріп жатыр. Әкімдер осындай жобаларды жүзеге асыруға кәсіпкерлерді белсенді түрде жұмылдыруы керек, – деді ол.