14.07.2025
16:52
4827
Жасанды интеллект жылына 200 мыңға жуық ғылыми мақала жазады

Жасанды интеллект жылына 200 мыңға жуық ғылыми мақала жазады

Германияның Тюбинген университетінің зерттеушілері қызықты мәлімет жариялады. Олардың айтуынша, биомедицина саласындағы ғылыми мақалалардың 13–40 пайызына дейінгісі жасанды интеллекттің (ЖИ) көмегімен жазылған болуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ғалымдар арнайы зерттеу жүргізіп, ЖИ (ChatGPT сияқты үлкен тілдік модельдер) жиі қолданатын сөздерді іздеген. Мысалы, «алынған», «қамтитын», «кеңейіп жатқан» деген сөздер 454 рет табылыпты. Осылайша, ғалымдар қанша мақалада ЖИ-дің ізі бар екенін есептеген.

Енді PubMed деген үлкен ғылыми базаға жыл сайын 1,5 миллиондай мақала қосылатынын ескерсек, соның 200 мыңдайы кемінде жасанды интеллекттің көмегімен жазылған деген сөз. Тіпті кей жерлерде авторлар чат-боттың дайын жауабын сол күйі көшіріп қойыпты. Мысалы: «Өкінішке қарай, менде соңғы деректер жоқ» деген сөйлемдер сол қалпы қалған.

Бұл неге маңызды?

Ғылыми мақалаларды ЖИ-мен жазу бір жағынан уақыт үнемдейді, бірақ екінші жағынан, зерттеу нәтижелерінің дұрыстығына күмән тудырады. Сондықтан болашақта ғылыми мақалаларды қабылдау, тексеру ережелері күшейтілуі мүмкін.

Бұдан бөлек, жасанды интеллект ғылым саласында да жаңа ережелер мен талаптарды қажет етуі мүмкін. Себебі ЖИ кейбір жұмыстарды жеңілдетеді, бірақ солай бола тұра, зерттеудің сапасы мен шынайылығы маңызды болып қала береді.

Алдағы жылдары ЖИ ғылымды барлығына қолжетімді етіп жіберуі мүмкін. Бірақ мұның тексеру мен бағалау жағы қиындап кетуі де ғажап емес.