30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тарттыБүгін, 1 қыркүйекте Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылы басталды. Биыл 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Жаңа оқу жылында білім беру бағдарламалары жаңартылып, жасанды интеллект элементтері оқу процесіне енгізіледі. Сонымен қатар оқушылардың қауіпсіздігіне, тегін тамақтануға, мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілмек.
380 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасы мен өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп келеді. 26 тамызда өткен педагогтердің Тамыз конференциясында Президент ұстаздардың білімді, ойлы, озық көзқарасты әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелеудегі рөлін атап өтті. 2026 жылы елімізде 380 мыңнан астам бала 1-сыныпқа қабылданды.
Жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұнына да өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, 5–7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11 сыныптарда «Заң мен тәртіп» курстары оқытылады. Сонымен қатар мектептерде экологиялық тәрбиеге ерекше көңіл бөлінеді.
Оқушылардың білімін бағалау жүйесі де өзгереді. 1 қыркүйектен бастап бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталады. Оның орнына оқушының оқу материалын қаншалықты меңгергеніне және алған білімін іс жүзінде қолдана білуіне басымдық беріледі.
Жасанды интеллект мектепке енгізіледі
Жаңа оқу жылында оқушыларды цифрлық ортаға бейімдеу бағытындағы жұмыс күшейеді.
Бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» форматына көшеді. Балалар медиасауаттылық, цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану негіздерін меңгереді.
Бұл ретте жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын құрал емес, оқу процесін толықтыратын технология ретінде қарастырылады.
«Келешек мектептері» жаңа модельге айналады
Білім беру мазмұнын жаңарту мектеп инфрақұрылымын дамытумен қатар жүргізіліп жатыр. Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы.
Жаңа форматтағы мектептер заманауи оқу, спорт және қоғамдық кеңістіктермен жабдықталған.
Президент бұл жоба туралы алғаш рет 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. 2023-2025 жылдары жоба аясында 217 мектеп салынды. Оның 105-і 2024 жылы, 112-сі 2025 жылы пайдалануға берілді.
Нәтижесінде 52 үш ауысымды және 12 апатты мектептің мәселесі толығымен шешілді. Сонымен қатар 100-ден астам елді мекенде оқушы орындарының тапшылығы айтарлықтай қысқарды.
Қазір 183 мектепте оқу процесі ұйымдастырылған. Бұл білім ошақтарында 218 мыңға жуық оқушы білім алып, 17 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.
Жаңа мектептердің ғимараттары бұрынғы үлгілік жобаларға қарағанда 15-20 пайызға кең. Техникалық жабдықталу деңгейі де айтарлықтай жоғары. Мектептерде еңбекке баулу шеберханалары, музыка және хореография залдары, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, коворкинг аймақтары мен спорт залдары қарастырылған.
Мектептегі тегін тамақтану цифрландырылады
Қазақстанда отбасының табысына қарамастан, 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. 2025-2026 оқу жылында осы мақсатқа шамамен 192 млрд теңге бөлініп, 1,7 млн-нан астам оқушы қамтылды.
Биыл жеңілдік ұсыну тетігі цифрландырылды. 2026 жылғы наурызда еліміздегі 8 мың жалпы білім беретін мектептің барлығы eGov Mobile қосымшасымен интеграцияланған «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне көшті.
Енді ата-аналар әлеуметтік мәртебесіне байланысты цифрлық ваучерді автоматты түрде алады. Ол үшін қосымша өтініш берудің қажеті жоқ.
Оқушының мектепте тамақтанғаны да автоматты түрде тіркеледі. Ал өнім берушілермен есеп айырысу нақты тамақтанған балалар саны бойынша жүргізіледі.
Балалардың қауіпсіздігіне басымдық беріледі
Балаларды мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бір жүйеге біріктіру мақсатында 2030 жылға дейінгі «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Құжат аясында 10 индикатор мен 158 іс-шара қарастырылған.
1 қыркүйектен бастап мектептерде балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға және өмірлік қиындықтарға төзімділігін арттыруға бағытталған «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі.
Сонымен қатар Ұлттық білім беру деректер қорын трансформациялау аясында бірыңғай мемлекеттік цифрлық диагностикалық платформа іске қосылады. Ол балалардың жағдайын жүйелі бақылауға, тестілеуге формалды көзқарасты азайтуға және оқушыны үздіксіз сүйемелдеуге мүмкіндік береді.
2026 жылы еліміздің барлық өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды. Олардың негізгі міндеті – балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысты үйлестіру, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды сүйемелдеу және құқық бұзушылықтарды ерте анықтау.
Қазақстанның балалар құқықтарын қорғау саласындағы реформалары халықаралық деңгейде де оң бағаланып отыр. UNICEF ұйымы Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесі Орталық Азия елдерімен қатар бірқатар Еуропа мемлекеттері үшін де үлгі болып отырғанын атап өткен.
Оқырман ұлт қалыптастыруға басымдық беріледі
Жаңа оқу жылында балалар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінеді.
2026 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат адам капиталын дамытуға, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыруға және кітап оқуды білім беру мен тәрбиенің маңызды бөлігі ретінде кеңінен насихаттауға бағытталған.
Бүгінде Қазақстанда қоры 72,5 млн данадан асатын 3 887 көпшілік кітапхана жұмыс істейді. 2025 жылы кітапханаларға келушілер саны 57 млн-нан асты.
2026 жылы төрт кітапхана жаңғыртылып, алты жаңа кітапхана ашылды. Жыл соңына дейін еліміздің бес өңірінде тағы 24 кітапхананы жаңарту жоспарланған.
Білім беру ұйымдарының кітапханалары да дамытылып жатыр. Олардың жалпы қоры 142 млн кітапты құрайды.
Цифрлық кітапхана инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Ұлттық электрондық кітапхана қорында 90 мыңға жуық құжат бар. Оның ішінде 10 мыңнан астам қолжазба мен сирек кітап сақталған. Электрондық кітапхана ресурстарын әлемнің 122 еліндегі оқырмандар пайдаланады.
Сонымен қатар оқушылардың кітап оқу мәдениетін арттыру үшін «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясындағы цифрлық платформалар, Digital Library мектеп кітапханасы және оқу сауаттылығын бағалауға арналған Oqyrman.kz жүйесі жұмыс істейді.
Жаңа оқу жылында мектептердегі басты басымдықтар – білім сапасын арттыру, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заманауи мектеп инфрақұрылымын қалыптастыру және кітап оқу мәдениетін дамыту болмақ.
30 Шілде, 11:07
«Грэмми» айналасындағы дау: BTS байқауға қатысудан неге бас тартты29 Шілде, 13:10
Жаңа пандемия кез келген уақытта басталуы мүмкін: ДДҰ не дейді?27 Шілде, 18:09
«Бәрі қаржыға байланысты»: Неліктен «Қайрат» еурокубоктағы матчын Түркістанда өткізеді24 Шілде, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды