Жасанды интеллект алғаш рет креативтілікке арналған тестілерде «орташа» адам деңгейінен асып түсті. Ауқымды зерттеу барысында тілдік модельдер кей тапсырмаларда 100 мың қатысушының орташа көрсеткішінен де асып түсетін жауаптар берген.
Канададағы Монреаль университетінің психологы Карим Жерби бастаған ғылыми топ жасанды интеллект саласының зерттеушісі Йошуа Бенджиомен бірге адамдар мен ірі тілдік модельдердің (GPT-4, Claude, Gemini және басқалары) креативтілігін салыстырды. Зерттеу нәтижесі екіұдай: стандартты тапсырмаларда генеративті модельдер орташа адамнан озып кеткенімен, адам қиялының «жоғары қабатына» әлі жете алмай отыр.
Әсіресе стиль, мағына және мәтіннің тұтастығы маңызды сыналатын тапсырмаларда жасанды интеллект жиі сүрінеді.
Деңгейді салыстыру үшін барлық қатысушыға Divergent Association Task (DAT) құралы қолданылды. Бұл – дивергентті ойлауды өлшейтін қысқа психологиялық тест.
Тестілеудің шарты қарапайым:
Қатысушы мағынасы бір-бірінен барынша алшақ он сөзді атауы керек.
Сөздер бір-бірімен қаншалықты байланыспайтын болса, нәтиже соншалықты жоғары бағаланады.
Мұнда білім көкжиегі емес, «шеңбердің ішінде ойлаудан» тез арылу қабілеті өлшенеді.
Осы тест барысында кейбір ЖИ-модельдер шынымен де орташа адамнан жоғары балл жинаған. Алайда зерттеушілер «орташа көрсеткішпен» шектелмей, жоғары креативті адамдардың нәтижесіне назар аударғанда жағдай күрт өзгерді.
Креативтілігі жоғары қатысушылардың жартысы жасанды интеллект модельдерінен жоғары нәтиже көрсетті. Ал ең үздік 10 пайыздық топтың айырмашылығы тіпті үлкен.
Ғалымдар ЖИ-дің сөздер тізіміндегі жетістігі күрделі шығармашылық тапсырмаларға – фильмге синопсис ойлап табу, қысқа әңгіме құрастыру сияқты жұмыстарға ауыса ма, жоқ па – соны да тексерді.
Нәтиже өзгеріссіз: жасанды интеллект орташа деңгейден асып түскенімен, ең мықты авторлардың жұмысы тереңдігімен, көркемдігімен және идеялық қуатымен алда тұр.
Зерттеудің тағы бір маңызды тұжырымы – ЖИ-дің «креативтілігін» белгілі бір деңгейде баптауға болады. Нәтиже әдетте сұрақтың қалай қойылғанына байланысты. Мысалы, сөздердің этимологиясына (шығу тегі) қатысты нұсқау берілгенде, модельдер ұсынған жауаптар шынымен таңғаларлық болған.
Ғылыми эксперимент қорытындысына сәйкес, жасанды интеллект креативтіліктің базалық деңгейін меңгеріп үлгерген, тіпті орташа деңгейдегі адамнан озып кететін тұстары бар. Алайда шынайы көркемдік, стиль жағынан даралық пен терең мағынаны талап ететін «ең жоғарғы лигада» әзірге адам қиялының орны бөлек.