Жаңалықтар

Жасанды интеллект дәуірінде Қазақстан қалай өзгеруі мүмкін – сарапшы пікірі

09.06.2026 16:14
Көктем Қарқын
Фото: коллаж AI / El.kz

Жасанды интеллект, климаттың өзгеруі және технологиялық бәсеке адамзаттың болашағын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Жуырда халықаралық консалтингтік компания BCG 2050 жылға дейінгі әлемнің төрт ықтимал даму сценарийін ұсынды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әлем дамуының төрт түрлі бағыты

Бұл туралы тәуелсіз сарапшы және Назарбаев университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің докторанты Сабина Садиева өзінің Telegram арнасында жазып, Қазақстан үшін маңызды тұстарға тоқталды.

BCG болжамына сәйкес, әлем төрт түрлі бағыттың бірімен дамуы мүмкін.

Сабина Садиеваның пікірінше, Қазақстан үшін ең маңызды мәселелердің бірі – мемлекеттің басқару және цифрландыру саласындағы құзыретін сақтау. Себебі болашақта технологиялық алып компаниялардың ықпалы артып, мемлекеттердің реттеушілік рөлі әлсіреуі мүмкін.

Егер ел жаңа технологияларды игеріп, оларды басқару тетіктерін қалыптастыра алса, цифрлық егемендігін сақтап қалуға мүмкіндік алады.

Қазақстанның әлеуметтік артықшылықтары

Сарапшы Қазақстанның тағы бір артықшылығы ретінде халық санының салыстырмалы түрде аздығы мен қоғамның жас құрылымын атап өтеді.

Автоматтандыру көптеген мамандықтарды алмастыратын кезеңде мемлекет білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін күшейту арқылы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ете алады.

Болашақта басты құндылық базалық табыс емес, баршаға қолжетімді сапалы әлеуметтік инфрақұрылым болуы мүмкін, – дейді Сабина Садиева.

Еңбек нарығы қалай өзгереді?

BCG болжамдары еңбек нарығындағы өзгерістерге де назар аударады. Алдағы онжылдықтарда платформалар арқылы жұмыс істейтін адамдар саны артуы ықтимал.

Мұндай жағдайда мемлекет еңбек құқықтарын қорғау, зейнетақы жүйесін жетілдіру және жаңа салық модельдерін әзірлеу міндетімен бетпе-бет келеді.

Климаттық қауіптер күшейе ме?

Сценарийлердің барлығында дерлік климат мәселесі ерекше орын алады. Ғасыр ортасына қарай жаһандық температураның көтерілуі Қазақстан үшін су тапшылығы, құрғақшылық және көші-қон секілді жаңа сын-қатерлер туындатуы мүмкін.

Барлық сценарийде климат мәселесі негізгі факторлардың бірі ретінде қарастырылады. BCG болжамдарының көпшілігінде ғасыр ортасына қарай жаһандық температураның 2°C-тан астам көтерілуі күтіледі. Бұл Қазақстан үшін елеулі қауіп. Қуаңшылық, су тапшылығы және климаттық көші-қон мәселелері күшеюі мүмкін. Климаттық босқындар мәселесі тек сырттан келетін адамдарға ғана емес, ел ішіндегі өңіраралық көші-қонға да қатысты болуы ықтимал, – дейді сарапшы.

Климаттық өзгерістердің әсері тек экологиямен шектелмей, экономикалық және әлеуметтік үдерістерге де ықпал етеді.

Жаңа әлемдегі технологиялық блоктар

Сондай-ақ Сабина Садиева болашақтағы халықаралық бәсекелестіктің сипаты өзгеретінін атап өтеді. Егер бұрын мемлекеттер әскери немесе экономикалық одақтар құруға ұмтылса, енді технологиялық платформалар мен цифрлық стандарттар шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Қытайдың цифрлық экожүйесі, АҚШ-тың технологиялық платформалары және Еуропаның деректерді қорғау саясаты болашақ блоктардың алғашқы белгілері ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстанның көпвекторлы саясаты жаңа мағынаға ие болады. Ел әртүрлі технологияларға, төлем жүйелеріне, деректер нарығына және көлік дәліздеріне бір мезгілде қол жеткізе ала ма деген сұрақ маңызды болмақ, – деп жазды Сабина Садиева.

Сарапшының айтуынша, бүгінде Қазақстанның жаңа технологияларды тез енгізуге ұмтылуы кейбіреулерге тәуекел болып көрінуі мүмкін. Алайда дәл осы тәжірибелер елдің болашақта технологиялық өзгерістерге бейімделу қабілетін арттыруы ықтимал.

Сондықтан мемлекет үшін икемді институттар құру, жаңа шешімдерді сынақтан өткізу және қажет болған жағдайда оларды қайта қарау маңызды болмақ.

Әлеуметтік теңсіздік басты сын-қатерге айнала ма?

Ең басты мәселе – әлеуметтік теңсіздік. Сабина Садиеваның пікірінше, жасанды интеллект дәуірінде адамдар арасындағы айырмашылық тек табыс көлемімен емес, білімге, технологияларға және жаңа мүмкіндіктерге қолжетімділік арқылы анықталуы мүмкін.

Соңғы әрі ең маңызды мәселе – әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуі. Технологиялар адамдар арасындағы алшақтықты бұрынғыдан да ұлғайтуы мүмкін. Бұл жай ғана цифрлық теңсіздік емес, адамдардың өмірлік мүмкіндіктері мен бастапқы жағдайларының түбегейлі әртүрлі болуы. Мұндай жағдайда элиталық білімнің өзі келесі ұрпақ үшін кепілдік болмауы ықтимал. Сондықтан мемлекет орта тапты сақтауға және әлеуметтік мобильділікті қолдауға саналы түрде күш салуы керек, – дейді сарапшы.

Сабина Садиеваның айтуынша, AI Abundance сценарийінде бұл әлеуметтік қолдау жүйелері мен қайта бөлуші салықтар арқылы жүзеге асады. Ал Digital Darwinism сценарийінде бәрін нарықтың өзіне қалдыру ұсынылады. Қай жолдың тиімді болатыны әзірге белгісіз, бірақ технологиялық өзгерістер әлеуметтік теңдікке үлкен сынақ әкелетіні анық.

Сондықтан орта тапты сақтау мен әлеуметтік мобильділікті қолдау алдағы онжылдықтардағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналуы ықтимал.

Оқи отырыңыз