Жасанды интеллект (ЖИ) бүгінде тек технологиялық жаңалық емес, мемлекеттердің білім саясатына ықпал ететін стратегиялық құралға айналды. Әлем елдері оқу үдерісін жекелендіру, мұғалім жүктемесін азайту және білім сапасын арттыру үшін ЖИ-ді жүйелі түрде енгізіп жатыр. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмай, білім жүйесін цифрлық трансформациялауға кірісті.
Курсив медиа басылымының жазуынша, еңбек нарығындағы өзгерістер бұл қадамның маңызын айқындай түседі. Сарапшылар алдағы онжылдықта көптеген мамандықтың форматы өзгереді дейді. Компаниялар қызметкерлерден тек пәндік білім емес, цифрлық сауат пен алгоритмдермен жұмыс істей алу қабілетін талап ете бастады. Демек, мектеп қабырғасында ЖИ құралдарын меңгеру – болашақ бәсекеге қабілеттіліктің шарты.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елде отандық әзірлемелерді қамтитын Ұлттық білім беру платформасы жасалып жатыр. Ресми ұстаным анық: жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, тек көмекші құрал ретінде қолданылады, соңғы шешімді педагог қабылдайды. ЖИ-ге қатысты жауапкершілік «Жасанды интеллект туралы» заң аясында реттелмек.
Жасанды интеллект педагогтің орнын баспайды, оқу процесінде тек құрал ретінде пайдаланылады және соңғы шешімді мұғалім қабылдайды. Жалпы жасанды интеллектке қатысты жауапкершілік мәселелері Жасанды интеллект туралы Заңның 8-бабында реттелген. Сонымен бірге, жасанды интеллектті білім саласына енгізу бойынша жұмыс тобы құрылып, оның ішінде этикалық мәселелер мен оқу процесінде ЖИ қолдану шеңберін анықтау бағыттары бойынша жұмыс жүргізілуде, – делінген министрліктің жауабында.
Мұғалімдерді даярлау – басты бағыттардың бірі. 2025 жылы 240 мыңнан астам педагог ЮНЕСКО-мен бірлесіп әзірленген онлайн-курсты аяқтады. 2026 жылдан бастап пән мұғалімдеріне арналған жаңа біліктілікті арттыру бағдарламалары іске қосылады. Сонымен қатар 200 мыңға жуық ұстаз ChatGPT Edu жобасы аясында практикалық дағдыларды меңгеруі жоспарланған.
Деректер қауіпсіздігі мен академиялық адалдық та назарда. Оқушылардың оқу үлгерімі мен жеке мәліметтерін қорғау заңнамалық деңгейде бекітілген. Биыл ЖИ қолданудың этикалық стандарттары пилоттық режимде сынақтан өтпек.
Сарапшылардың пікірінше, ЖИ-ден қорқудың қажеті жоқ, бірақ оны бейберекет қолдану баланың ойлау қабілетіне «балдақ» болуы мүмкін. Сондықтан дидактикалық шектеулер мен жаңа әдістемелер қатар жүруі тиіс.
Қорыта айтқанда, мәселе ЖИ-ді енгізуде емес, оны қалай және қандай жауапкершілікпен қолдануда. Қазақстан институционалдық қадамдар жасады. Енді бұл реформаның тиімділігі нақты нәтижелермен дәлелденуі қажет.