2023 жыл - жасанды интеллект (ЖИ) дәуірінің басталған жылы ретінде тарихта қалды. ChatGPT-дің жаппай қолданысқа енуі бұл технологияны тек мамандар үшін емес, қарапайым пайдаланушыларға да қолжетімді етті. Бірақ бұл тек алғашқы толқын. ЖИ одан әрі дамып, түрлі салаға терең бойлап барады. Енді бұл үдерістен тыс қалу барған сайын мүмкін еместей көрінеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Сондықтан бәсекеге төтеп беру үшін ЖИ саласындағы базалық терминдерді түсіну маңызды болып отыр. Төменде біз ЖИ саласында жиі қолданылатын 10 маңызды терминге қысқаша шолу жасаймыз.
Генеративті жасанды интеллект (ЖИ) – бұл деректерді талдай алатын, заңдылықтарды анықтап, үйренетін және соның негізінде мүлде жаңа контент жасайтын ЖИ түрі. Яғни, ол берілген тақырыпқа байланысты түпнұсқа мәтін, сурет, аудио және басқа да материалдар құрастыра алады. Мысалы, бұрынғы өлеңдерге сүйене отырып, жаңадан төрт жол өлең шығару генеративті ЖИ-дің қолынан келеді.
McKinsey консалтинг компаниясының зерттеуіне сәйкес, 2023 жыл генеративті ЖИ құралдарының қарқынды дамыған кезеңі болды. Бүгінде кәсіби сала мамандарының 79%-ы генеративті ЖИ-мен бір рет болсын жұмыс істеп көрген, ал 22%-ы оны күнделікті қызметінде тұрақты қолданады.
Генеративті ЖИ мынандай бағыттарда үлкен көмек бола алады:
Ең танымал әрі көпшілікке түсінікті мысал – ChatGPT. Ол 2022 жылдың соңында іске қосылды. Қазір мұндай нейрожелі түрлерін әрбір ірі технологиялық компания ұсынып отыр: Microsoft, Google, Amazon және басқалар.
Бизнес тарапынан қызығушылықтың жоғары болуы генеративті ЖИ-дің алдағы уақытта одан әрі дамитынын аңғартады. Болашақта мұндай жүйелер оффлайн режимде де компьютер мен смартфондарда интернетсіз жұмыс істей алатындай болады. Осы мақсатта Intel арнайы чип әзірлеуде, ол генеративті ЖИ чат-боттарын тікелей құрылғыда іске қосуға мүмкіндік береді. Бұл ең алдымен компаниялар мен жеке пайдаланушылардың құпия деректерін қорғау үшін маңызды.
Промпт – бұл жасанды интеллектке берілетін нұсқаулық. Қарапайым тілмен айтсақ, ЖИ-ге не істеу керектігін айтып, іске қосатын команда. Көбіне бұл тапсырмалар қарапайым адам тілінде жазылады. Қазақша, орысша, ағылшынша, яғни, қандай тілде жазсаң да, айырмасы жоқ, бастысы нақты болуы керек.
Бұл жердегі негізгі ой мынада: ЖИ мықты, бірақ өздіген ештеңе жасай алмайды. Оған нақты, сауатты тапсырма бермесең, қолына не түссе, соны құрастырып, түкке тұрғысыз дүниелер шығарып береді. Сондықтан дұрыс промпт құрастыру – бүгінгі заманның басты қабілеттерінің бірі. Дизайнер, маркетолог, копирайтер, кім болсаң да, промптпен жұмыс істей алсаң, бәсекеде бір қадам алдасың.
2023 жылдан бастап бұл бағыттың өзінде жаңа нарық пайда болды. Тіпті, «Саған промпт жазып берем» деген стартаптар қаптап шықты. Себебі дұрыс жазылған промпт = уақыт үнемдеу + сапалы нәтиже.
Бір сөзбен айтқанда, ЖИ – сенің ассистентің. Бірақ ассистентке нақты тапсырма бермесең, ол өзі не істейтінін білмейді.
2023 жылы жасанды интеллектке байланысты күлкілі де, ойландыратын жағдай болды. Нью-Йорк адвокаты Стивен Шварц сотқа арналған құжатқа сілтеме табу үшін ChatGPT-ті қолданған. Ол нейрожелі ұсынған сот істерін шын деп қабылдап, құжатқа енгізіп жіберген. Алайда судья сол істердің көшірмесін сұрағанда, олар мүлде болмаған, ЖИ өзінен ойлап тапқан істер екені анықталды. Міне, бұл – жасанды интеллекттің “қиялы”, яғни галлюцинациясы.
Нейрожелінің "қиялы" – ЖИ шынайы сияқты көрінетін, бірақ ойдан шығарылған ақпарат ұсынғанда туындайды. Бұл құбылыстың жиілеп кеткені соншалық Кембридж сөздігі 2023 жылы “hallucinate” (жалған құрастыру) сөзін "жыл сөзі" деп жариялады.
Жасанды интеллекттің қуатты құрал екені анық. Бірақ бір нәрсені естен шығармау керек: ол шындық пен өтіріктің арасын ажырата алмайды. Сондықтан оны қолданғанда әрбір деректі тексеріп отыру –міндет. Айталық, ЖИ – еңбекқор көмекші, бірақ кейде шындыққа жанаспайтын “қиялға беріліп кетеді”.
Ашық код дегеніміз – біреудің жасаған бағдарламасының ішкі “рецептісімен” бөлісуі. Яғни, ол кодты кез келген адам көшіріп алып, өзгертіп, өз керегіне бейімдей алады. Міне, жасанды интеллекттің соңғы жылдары қарқынды дамуына да дәл осы ашық код түрткі болды.
Мысалы, сен ChatGPT-ті қолдана аласың, бірақ оның ішкі құрылымы құпия сақталған. Ол қалай жұмыс істейді, неден тұрады, оны OpenAI ғана біледі. Бірақ 2023 жылы жағдай өзгеріп сала берді. Meta Llama 2 деген жаңа нейрожелі жасап шығарды да, оның кодын ашық қойып қойды. Енді кез келген адам оны жүктеп алып, өзіне ыңғайлап, тіпті жеке ЖИ-ботын жасап шығара алады. Қаласаң, ноутбугыңда бір кеште-ақ бот жасап, “менің жеке көмекшім” деп іске қосып жіберуге болады.
Бұл не үшін керек? Біріншіден, бәріне бірдей мүмкіндік. Екіншіден, үлкен компанияларға ғана тәуелді болмай, қарапайым бағдарламашылар, зерттеушілер, студенттер де өз ЖИ құралдарын жасай алады. Бірақ қауіп те бар. Себебі, ашық кодты ірі корпорациялар өз пайдасына бұрып, қайтадан бәрін өз бақылауына алуы мүмкін.
Сондықтан ашық код - бұл жай код емес, технологияға еркін жол ашудың бір жолы деуге болады. Ал болашақта кімнің қандай бағытқа бұратыны – уақыттың еншісінде.
Жасанды интеллект сенің сұрағыңа жауап ретінде бір нәтиже шығарды. Ал енді сұрақ: “Неге дәл солай?” Бұл жерде көп адам тығырыққа тіреледі. Себебі, көптеген ЖИ жүйелері шешімді қалай қабылдағанын түсіндіре алмайды. Ал болашақта бұл жеткіліксіз.
Түсіндіре алатын ЖИ (Explainable AI немесе XAI) – жасанды интеллекттің ішкі жұмысын адамға түсінікті етуге арналған жүйе. Яғни, ЖИ бір шешімге келсе, ол неліктен, неге дәл солай деген сұрақтарға нақты жауап бере алады.
Мысалы, дәрігер диагноз қою үшін ЖИ-ді қолданды делік. Бірақ науқас “Неге осы емді таңдадыңыз?” деп сұраса, дәрігер “ЖИ солай айтты” деп құтыла алмайды. Міне, сол кезде XAI көмекке келед. Шешімді жай айтып қана қоймай, оны негіздейді, түсіндіреді.
ЖИ жүйелері күн сайын күрделеніп барады. Ішкі логикасы “қара жәшікке” айналған. Ал түсіндіре алатын ЖИ – сол жәшікті ашып, неге не үшін болғанын көрсететін шамшырақ.
Сарапшылардың есебінше, 2028 жылға қарай XAI нарығы $16,2 млрд-қа жетуі мүмкін. Себебі ЖИ тек мықты емес, түсінікті де болуға тиіс.
Жасанды интеллект адамзатқа орасан мүмкіндіктер ұсынды. Алайда онымен бірге жаңа этикалық сауалдар да туындады:
Осы мәселелердің аясында этикалық жасанды интеллект ұғымы алға шықты. Бұл - ЖИ жүйелерін қоғамға, адам құқықтарына және әділдік қағидаттарына нұқсан келтірмейтіндей етіп жобалау, енгізу және қолдану дегенді білдіреді. Яғни, авторлар, қызметкерлер, пайдаланушылардың барлығы өз құқықтарының сақталып жатқанын сезінуі тиіс.
2023 жылы суретшілер, музыканттар, сценаристер шу көтерді. Себебі нейрожелілер олардың еңбектерін пайдаланып, жаңа контент жасай бастады. Ал авторлар бұдан бір тиын пайда көрмей қалды. Олар сотқа да жүгінді, бірақ талаптары қабылданбады.
Жасанды интеллект адамның жеке деректерін пайдаланғанда - бұл үлкен жауапкершілік. Мысалы, АҚШ-та ЖИ әзірлеушілерінен қауіпсіздік тесттерін өткізу және маңызды ақпаратпен мемлекеттік органдармен бөлісу талап етіліп отыр. Ал кейбір бизнес үшін генеративті ЖИ-ді офлайн режимде пайдалану (яғни, интернетсіз жұмыс істеу) - деректерді қорғаудың тиімді әрі қауіпсіз жолына айналуда.
Жасанды интеллект адамның орнын басуы мүмкін бе? Бұл — соңғы жылдары жиі талқыланатын және алаң тудыратын сұрақ.
2023 жылы Голливуд сценаристері «бізді ChatGPT-пен ауыстырғалы жатыр» деп ереуілге шықты. Ақыры тараптар келісімге келіп, ЖИ қолдануға қатаң шектеулер қойылды. Бұл жолы адам ақылы жеңді.
Қазір мемлекеттер мен компаниялар ЖИ-ді қалай әділетті әрі қауіпсіз қолдануға болады? деген маңызды сұраққа жауап іздеуде. Ал қарапайым пайдаланушылар үшін ең бастысы — қай қосымшаға, не үшін рұқсат беріп жатқанын мұқият бақылау.
Мысалы, Google кейбір қолданушылардың жеке құжаттарындағы ақпаратты ЖИ моделін оқытуға пайдаланып отыр. Мұндай жағдайда саналы қолданушы деректер құпиялылығына аса мұқият қарауы тиіс.
Voice to Voice Translator – бұл әлі қазақша да, орысша да нақты баламасы қалыптаспаған жаңа технология. Тікелей мағынасы «дауыс арқылы тікелей аударма» немесе «тікелей дауыс аудармашысы» деуге болады.
Бұл құралдың ерекшелігі – сөйлеген адамды басқа тілге аударып қана қоймай, оның дауыс ырғағын, интонациясын, тіпті эмоциясын сақтап қалуы. Яғни, сен қазақша сөйлейсің, ал шет тіліндегі тыңдаушы сені өз тілінде, сенің даусыңмен, сенің дауыс екпін, мәнеріңмен естиді.
Мұндай технологияны бүгінде Wavel AI, Mirai, Sonix секілді стартаптар дамытып жатыр. Олар – осы саланың алғашқы көшбасшылары. Бұл - құрал жазушылар көптен армандаған “әмбебап аудармашының” алғашқы нұсқасы. Келешекте бұл технологияның көмегімен әркім өз тілімен сөйлеп, ал тыңдаушы оны өз ана тілінде таза, анық, эмоциямен бірге еститін болады. Бұл тіл кедергілерін жою жолындағы үлкен қадам.
Дипфейк – бұл шын сияқты көрінетін, бірақ шындыққа қатысы жоқ фото, видео немесе аудио. Жасанды интеллект бұрынғы материалдарды негізге алып, адамның түрін, дауысын, тіпті мимикасын айнытпай көшіріп, кез келген “қойылым” жасап бере алады.
Мысалы, 2023 жылы интернетте Папа Римскийдің люкс күртеше киген суреті мен Трамптың қамауға алынған видеосы тарады. Бәрі Midjourney арқылы жасалған жалған видеолар еді. Осыдан кейін аталмыш нейрожеліге кіру ақылы болып кетті.
Соңғы уақыта фото мен видео дипфейктер 3 есеге көбейді. Аудио дипфейктер саны 8 есе артты. Енді тіпті Илон Маск сенің туған күніңе құттықтау айтып тұрғандай видео жасап беруге болады.
Технология керемет болғанымен, қатері де үлкен. Себебі:
Сондықтан АҚШ-та дипфейктерге заңмен тыйым салу мәселесі көтерілді, ал басқа елдер де бұл бағытта нақты қадам жасай бастады. Елімізде Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын қарады. Заңда дипфейк авторларына 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни шамамен 59 мыңнан 393 мың теңгеге дейін айыппұл салу көзделіп отыр.. Қысқаша айтқанда: Бүгінде экраннан көрген әр видеоға “шын ба?” деп күмәнданатын кез келді. Себебі шынайылық пен жасандының арасы бұлыңғыр тартып барады.
Иә, дұрыс естідіңіз. Жасанды интеллект енді өзінің жеңілдетілген нұсқаларын өзі жасап шығара алады. Бір сөзбен айтқанда, көбейе алады. Бұл жаңа технологияны AIZip компаниясы әзірлеген.
Қазірше бұл жаңалық интернет заттары (IoT) саласында қолданыла бастады. Мысалы, ЖИ орнатылған спорттық аяқ киім – иесінің жүру мәнерін талдап, сол адамға бейімделген шағын ЖИ моделін өздігінен құрастыра алады.
Өзін өзі көбейтетін ЖИ – бұл адам араласпай-ақ шағын, нақты бір мақсатқа арналған нейромодельдерді автоматты түрде шығару. Яғни:
Мұндай тәсіл миллиондаған шағын, тиімді ЖИ-ді бір мезетте жасап шығаруға мүмкіндік береді. Бұл – үлкен жүйелерден кіші құрылғыларға көшудің белгісі.
Мысалы, сенің кроссовкаңда арнайы чип бар делік. Ол сенің қалай жүретініңді, аяғыңды қалай басатыныңды күнделікті қадағалап тұрады. Яғни, сен тез жүресің бе, ақсайсың ба, немесе аяқ басу мәнерің өзгеше ме, бәрін бақылайды. Содан кейін жасанды интеллект сенің дәл осы жүрісіңе "бейімделген кішкентай жеке модель" жасап шығарады. Бұл модель тек сенің денеңе, жүрісіңе, әдеттеріңе сай құралған. Мысалы, ол сені жарақаттан қорғау үшін арнайы қозғалысқа кеңес беруі мүмкін немесе жүгіру ритмін реттейді.
Қысқасы, әр адамның жүрісі әртүрлі болғандықтан, әр адамға бөлек "ақылды көмекші" жасалады. Бұл – "өзін өзі көбейтетін ЖИ" технологиясының мәні: бір ғана ортақ ЖИ емес, әр қолданушыға жеке, бейімделген ЖИ пайда болады. Өзін өзі көбейтетін ЖИ–болашақтың “нанозауыттары” сияқты. Олар кішкентай, бірақ өздігінен ойлап, әрекет ететін модельдер жасап шығара алады. Енді бір күні тоңазытқыш та сені түсініп тұратын шығар...
Robot as a Service (RaaS) – бұл «роботты сатып алмай-ақ, қызмет ретінде қолдану» моделі. Мысалы, бұрын бағдарламалық жасақтаманы жалға алуға мүмкіндік беретін SaaS (Software as a Service) моделі болса, енді дәл сондай жүйе роботтар үшін де қолжетімді болды.
Бизнеске автоматтандыру керек пе? Роботты сатып алып, миллиондар жұмсамай-ақ қой. Оның орнына:
Мысалы, логистикада неше қорап тауар тасытсаң, соған қарай төлем жүріп отырады.
Бүгінде көп компаниялар автоматтандыруды қалайды, бірақ:
Міне, RaaS осы мәселелердің бәрін шешеді: Бизнес роботты сынап көреді, жаңартылған үлгісін таңдайды, қажет болса, ұзақ мерзімге инвестиция жасайды.
Қысқаша айтқанда, роботтар – тек зауытта емес, енді жалға берілетін сервисте де бар. Ақылды, тиімді, икемді.
Материал RBC сайтында жарияланған мақала негізінде дайындалды.
Оны бизнеске арналған жоғары технологиялық шешімдер әзірлейтін Embedika компаниясы ұсынған.