Аптаның басты оқиғалары OpenAI, Google және Nvidia сынды ірі технологиялық компаниялардың жаңа шешімдерімен байланысты болды. Сонымен қатар жасанды интеллектке қатысты ғылыми зерттеулер мен қауіпсіздік мәселелері де өзекті тақырыптардың қатарынан түскен жоқ. El.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға өткен аптадағы ЖИ саласындағы ең маңызды жаңалықтарды ұсынады.
Жасанды интеллект модельдері «қателесуді» жалғастыруда
New York Times басылымы жариялаған зерттеуге сәйкес, OpenAI-дің жаңа GPT үлгілері – «o3» және «o4-mini» – кейбір тесттерде 33% және 48% деңгейінде жалған ақпарат таратқан. Бұл – бұрынғы модельдермен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш. Сарапшылардың пікірінше, ЖИ-дің «галлюцинация» деп аталатын бұл проблемасын толықтай жою мүмкін емес. Vectara компаниясының бас директоры Амр Авадалла: «Не істесек те, олар әрқашан қателеседі. Бұл мәңгі қалады» дейді.
Google Gemini 2.5 Pro жаңа мүмкіндіктермен толықты
Google компаниясы Gemini 2.5 Pro үлгісінің жаңартылған нұсқасын – Gemini 2.5 Pro Preview (I/O edition) атауымен қолжетімді етті. Жаңа модель мәтінмен қатар визуалды мәліметтерді де өңдеп, пайдаланушы жүктеген сурет немесе видеоны талдап, оған ұқсас шешім ұсына алады. Бұл мүмкіндік бағдарламалау саласында жасанды интеллектіні пайдалану аясын кеңейте түсті.
OpenAI – коммерциялық емес құрылым ретінде қайта қалыптаспақ
Илон Маск бастаған сот ісі және Microsoft-пен арадағы күрделі келісімдерден кейін OpenAI бастапқы мақсатына қайта оралмақ. Компания «көп табыс әкелетін» құрылымнан бас тартып, енді «қоғамға пайдалы компания» (Public Benefit Corporation) ретінде қайта тіркелмек.
OpenAI — Windsurf стартабын 3 миллиард долларға сатып алады
OpenAI компаниясы жасанды интеллектпен бағдарламалау саласындағы маңызды ойыншылардың бірі — Windsurf стартапын шамамен 3 миллиард долларға сатып алуға келісім жасады. Бұл мәміле әлі ресми жарияланбағанымен, Bloomberg дереккөздері тараптардың келіскенін растайды. Windsurf-тің GPT жүйелерімен интеграциясы бағдарламалау қабілеттерін одан әрі күшейтеді деп күтілуде.
Жасанды интеллектінің энергия тұтынуы артып барады
Жасанды интеллект жүйелерінің өсуіне байланысты энергияға деген сұраныс та шарықтап тұр. Google компаниясы Elementl Power ұйымымен бірлесіп, АҚШ аумағында үш жаңа ядролық электр станциясын салу жобасын қолға алмақ. Әрқайсысы 600 МВт қуат өндіретін бұл станциялар Google-дың ЖИ инфрақұрылымына энергия жеткізбек.
Сонымен қатар, Google-дың бұрынғы бас директоры Эрик Шмидт басқаратын Relativity Space компаниясы ғарышта деректер орталығын орналастыру жоспарын жария етті.
Baidu жануарлар тілін аударуға тырысуда
Қытайдың Baidu компаниясы үй жануарларының дыбысы мен қимыл-қозғалысына қарай олардың эмоционалдық жай-күйін анықтап, оны адам тіліне аударатын жаңа ЖИ жүйесін жасап жатыр. Жүйе әлі тәжірибе кезеңінде болғанымен, алғашқы нәтижелері қытайлық қолданушылар тарапынан қызығушылық тудырған.
Amazon — «сезінетін» Vulcan роботын таныстырды
Amazon компаниясы қойма операцияларында қолдануға арналған жаңа Vulcan роботын таныстырды. Бұл робот физикалық байланыс арқылы айналасындағы заттарды сезіне алады. Арнайы сенсорлар көмегімен Vulcan ұстаған заттың салмағы мен көлемін есептеп, оны орналастыру үшін қажет күш пен жылдамдықты өздігінен реттейді.
Netflix іздеу функциясына ЖИ интеграциялады
Netflix өз платформасына ChatGPT негізінде жұмыс істейтін жасанды интеллект арқылы іздеу функциясын енгізе бастады. Енді пайдаланушылар нақты атау емес, «қызықты бірдеңе көргім келеді» немесе «Кальмар ойыны сияқты» дегендей сұраныс арқылы контент таба алады. Қазіргі кезде бұл мүмкіндік тест режимінде қолжетімді.
HeyGen — Avatar 4 үлгісін таныстырды
HeyGen компаниясы жасаған Avatar 4 жүйесі жүктелген бір сурет пен дауыстық файл арқылы цифрлық аватар жасап, кез келген мәтінді пайдаланушының дауысымен дыбыстай алады. Видео мен дыбыс толық синхрондалып беріледі.
Higgsfield — видеоларға визуалды эффект қосуды оңайлатты
Higgsfield компаниясы Effects Mix атты жаңа құралын таныстырды. Бұл жүйе алдын ала дайындалған визуалды эффектілерді қолдану арқылы бейнелерді әрлендіруге мүмкіндік береді. Қолдану қарапайым әрі кез келген видеоға бірнеше минутта эффект қосуға жағдай жасайды.
Nvidia — Parakeet құралын тегін ұсынды
Nvidia компаниясы дыбысты мәтінге айналдыратын Parakeet-TDT-0.6B-V2 жүйесін толықтай тегін ұсынды. Бұл құрал Hugging Face арқылы жұмыс істей алады және бір сағаттық аудионы 1 секундта мәтінге аударады. Қателік көрсеткіші – шамамен 6%. Жиі салыстырылатын GPT-4o және ElevenLabs Scribe жүйелерінен біршама төмен болса да, жылдамдық және тегін қолжетімділік тұрғысынан тиімді балама саналады.
Microsoft — Google-дың A2A протоколын қолдайды
Microsoft, Google жасаған Agent2Agent (A2A) протоколын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл жүйе түрлі жасанды интеллект агенттерінің өзара ақпарат алмасып, бір-біріне тапсырма беруіне мүмкіндік жасайды. Енді Azure AI Foundry және Copilot Studio осы протокол арқылы өзара әрекет жасай алады.