Бүгінде жасанды интеллект тек чат-боттар мен автоматты жауап жүйелерінде ғана қолданылып қоймай, медицина саласында да үлкен серпіліс жасап жатыр. Соның бір жарқын мысалы – бедеулікті емдеу процесінде ЖИ технологияларын қолдану, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жақында АҚШ-тағы Колумбия университетінің репродуктивті медицина орталығында ерлердің белсіздігін емдеуге арналған ерекше әдіс – Sperm Tracking and Recovery (STAR) жүйесі сәтті пайдаланылды. Бұл – жасанды интеллектке негізделген тың технология. Ол ұзақ жылдар бойы нәтиже бермеген экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) процедураларына жаңа дем беріп отыр.
Бедеулік – жаһандық проблема. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, әлемдегі әрбір алтыншы адам (шамамен 17,5% ересек адам) бедеулік мәселесіне тап болады. Бұл көрсеткіш тиімді әрі қолжетімді емдеудің маңызын көрсетеді.
Жақында Колумбия университетінің дәрігерлері ерлер бедеулігін емдеуде жаңа технология – Sperm Tracking and Recovery (STAR) әдісін қолданды.
Сол әдіске жүгінген ерлі-зайыпты жұп бұған дейін 18 жыл бойы ондаған экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) процедураларынан өтсе де, нәтиже болмаған. Себебі – азооспермия диагнозы. Бұл жағдай – шәует құрамында тіркелетіндей мөлшерде сперматозоидтардың болмауымен сипатталады, ал бұл табиғи және жасанды жолмен ұрықтандыруды айтарлықтай қиындатады.
CNN хабарлауынша, жұп Колумбия университетінің репродуктивті медицина орталығына (CUFC) жүгініп, дәл осы STAR әдісін сынап көрген. Бұл технология жасанды интеллектті пайдаланып, ерлердің шәуетіндегі жасырын әрі тірі сперматозоидтарды анықтайды.
STAR жүйесі CUFC директоры Зев Уильямс пен оның әріптестері жүргізген бес жылдық зерттеудің нәтижесінде жасалған. Әдістің мәні – сперматозоид бар-жоғын анықтау үшін шәует үлгісі арнайы чипке салынып, микроскоп арқылы сканерленеді. STAR жүйесі бір сағаттың ішінде 8 миллионнан астам сурет түсіріп, оларды ИИ-ге жібереді. Жасанды интеллект суреттерді сараптап, жасырын сперматозоидтарды анықтайды.
Мысалы, азооспермиясы бар науқастың шәуетінен ЖИ 44 тірі сперматозоидты тапқан (салыстыру үшін: қалыпты жағдайда 1 мл шәуетте 20 миллионға дейін сперматозоид болуы мүмкін).
Келесі кезең – табылған жасушаларды бөліп алып, ЭКҰ үшін қолдану. Осылайша, эмбриологтар сапалы сперматозоидтармен жұмыс істеп, ұрықтандыру мүмкіндігін едәуір арттырады.
Қазірше STAR әдісі тек Колумбия университетінің клиникасында қолданылуда. Бірақ Зев Уильямс бастаған топ зерттеу нәтижелерін жариялап, бұл технологияны басқа да медициналық мекемелерге тарату жоспарын жасап отыр. Процедураның толық құны – шамамен 3 мың доллар. Бұл сомаға сперматозоидтарды іздеу, бөліп алу және криосақтау кіреді.
Бүгінде жасанды интеллект бедеулікті диагностикалау мен емдеу саласына серпіліс әкелуде. Мысалы, Stork-A атты алгоритм эмбриондарды ерте кезеңде сараптап, қайсысының дені сау болып өсетінін жоғары дәлдікпен болжай алады.
Ал CHLOE атты ЖИ құрал әйелдің ұрық жасушаларының сапасын бағалап, оларды мұздатуға дейінгі күйін анықтайды. Сонымен қатар, ЖИ ЭКҰ хаттамаларын жеке-жеке бейімдеуге көмектеседі. Бұл тәсіл емдеудің тиімділігін арттырып, ата-ана болуға ұмтылған жұптарға жаңа мүмкіндік береді.