Жасанды ет өндіретін зауыт іске қосылды

Жасанды ет өндіретін зауыт іске қосылды

Қытайдың Шанхай қаласындағы CellX компаниясы елдегі жасанды ет өндіретін алғашқы пилоттық зауытты іске қосты. Бұл жоба Қытайдың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, болашақта әлемдік нарыққа шығуына жол ашады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жаңа зауыттағы өндіріс процесі 2 мың литрлік биореакторда жүзеге асады. Компания алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, жабдық санын көбейтуді жоспарлап отыр. Осылайша, өнімнің өзіндік құны төмендеп, жасанды еттің бағасы бір килограмына 100 АҚШ долларынан аз болмақ, сапасы да жоғары деңгейде сақталады.

CellX компаниясының бас директоры Ян Цзылянның айтуынша, пилоттық зауыттың жұмысы алдағы ірі өндірістік кешеннің негізін қалайды:

«Біз бұл сынамалық өндірістен алынған нәтижелерді 2025 жылға дейін толық іске қосылатын коммерциялық зауытты жобалауда қолданамыз. Сол кезде кәсіпорын жылына жүздеген тонна өнім шығара алады», - деді ол.

Компанияның жоспарына сәйкес, 2025 жылы CellX халықаралық нарыққа шығуды көздеп отыр. Биылғы жылдың соңына дейін компания АҚШ пен Сингапурдан жасанды етті сату лицензиясын алу үшін өтініш бермек. Қазіргі таңда мұндай өнімді сатуға рұқсат берілген мемлекеттер осы екі ел ғана.

Айта кетейік, 2022 жылдың қаңтарында Қытай Ауыл шаруашылығы министрлігі өздерінің бес жылдық даму жоспарын жариялаған болатын. Сол құжатта алғаш рет инновациялық тағам түрлері, соның ішінде жасанды ет те ресми түрде аталған еді.