Жас режиссерлердің фестивалі

29 Қараша 2018, 17:57 7326

Астанада студенттердің қысқаметражды фильмдер фестивалі ашылды

Қазақ киносы талантты режиссерлерден кенде емес. Тек олар жайлы біз халықаралық фестивальдерде жүлделі орын алғанда ғана естіп, біліп жатамыз. Ал туындыларын кинотеатрлардан таппаймыз. Ендеше көрермен жас режиссерлердің жұмыстарын қайдан көре алады? Бұл сұрақтың жауабын Астанада басталған студенттердің қысқаметражды фильмдер фестивалінен іздеп қайттық.  

ATAU. Өнер академияларында білім алатын студенттердің қысқаметражды фильмдер фестивалі осылай аталады. Шара ұйымдастырушысы Айгүл Ибраеваның айтуынша, шараның негізгі мақсаты - режиссерлік қабілеттерін шыңдап жүрген жастардың шығармашылығымен танысу, қолдау көрсету:

- Жарты жыл бұрын жас режиссер Санжар Амансүгіровпен танысып, одан қазіргі студенттердің қызығушылығы, жасап жүрген жұмыстары жайлы сұраған едім. Жауабы мені таңғалдырды. Себебі студенттер бірінші курстан бастап кәсіби түрде фильм түсіріп қана қоймай, халықаралық фестивальдерге қатысады екен. Арасында жүлде алғандар да аз емес. Ол жұмыстарды қайдан көреміз дегенімде, тек фестивальдерде деп жауап берді. Сол кезде еркін форматтағы фестиваль ұйымдастырсақ деген ойға келдік.   

Бұл ой жарты жыл бұрын келсе де, оны ұйымдастыру жұмыстары екі аптадай ғана уақытты алған екен. Шара еркін форматта өтетін болғандықтан, жұмыстарды таңдау кезінде де арнайы критерийлер болмапты. Осылайша көрермен назарына 2 деректі, 2 анимациялық және 20 көркем фильм ұсынылды. Ал қазылар алқасының мүшесі Украинадағы «АРТкино» қысқаметражды фильмдердің ұйымдастырушысы, өнертанушы Ольга Скальчук өз кезегінде осы фестивальде үздік деп танылған фильм «АРТкино»-да көрсетілетінін айта кетті.

Төрт күнге жалғасатын фестивальдің бірінші күні көрермендер 6 қысқаметражды фильмді тамашалады. Олардың қатарында Елизавета Новикованың «Конечная», «Пуговицы» фильмдері, Шұғыла Сержанның «Самалы», Әмір Әменовтың «Жаздың салқын күні», «Қыстың соңы» туындылары және Бауыржан Дарменовтың «Одиночество. Безлюдные места»  анимациясы бар. Сонымен қатар келушілерге өздері ұнатқан фильмге дауыс беру мүмкіндігі берілген.

Көрермендер арасында болған белгілі суретші Асхат Ахмедияров бірінші күні-ақ өзінің фаворит фильмдерін анықтап қойғанын айтып, әсерін былай жеткізді:

- Мен фестиваль қызықты болатынын білген едім, бірақ көргенім ойлағанымнан асып түсті. Астанада сапалы фильм түсіріп жүрген осындай талантты жастардың бары - мен үшін жаңалық. Филмьдері қысқа болса да, бас-аяғы бар, актерлер мен композиция дұрыс таңдалған.

Фестиваль «ARTtop» заманауи өнерді қолдау қорының демеуімен «Platforma» көрме залында өтіп жатыр. Айгүл Ибраева осылайша фестивальге жас суретшілердің де назарын аударғысы келгенін айтады:

- Қазіргі жас режиссерлер біздің күнделікті өмірімізді пафоссыз көрсетеді. Боямайды, бояуға тырыспайды да. Өнердің тілімен айтсам, олар авангардта. Ал олармен құрдас суретшілер өздерінің стилін, көзқарасын әлі қалыптастыра қоймады. Осындай шаралар режиссерлер мен суретшілердің өзара танысып, идея алмасуына мүмкіндік береді деп ойлаймын.  

«ATAU» фестивалі 01 желтоқсанға дейін (басталуы 18:00-де) жалғасады.

Өтетін орны: «Москва» бизнес орталығы, 2-қабат

Перизат Кәрімқұл
Бөлісу: