Жаңа зерттеу нәтижесі жас жүргізушілердің навигаторсыз жолдағы бағыт-бағдарды табуға қиналатынын көрсетті. Z буыны қысқа қашықтықтың өзінде Google Maps қосымшасын қосуды әдетке айналдырған. Бұл туралы Daily Mail хабарлайды.
Carmoola компаниясы жүргізген сауалнамаға Ұлыбританиядан 2000 адам қатысып, олардың көлік жүргізу кезінде навигацияны пайдалану әдеттері зерттелді. Нәтижесінде айырмашылық айқын байқалған: жас жүргізушілер күнделікті бағыттардың өзінде навигаторға көбірек сүйенеді екен.
Зерттеу дерегіне сүйенсек, 25-34 жас аралығындағы жүргізушілердің 28 пайызы навигаторды әр сапардың «міндетті шарты» деп санайды. Ал 20 пайызы тіпті жақын маңдағы дүкенге бару үшін де оны қосатынын айтқан.
Ал жасы үлкен жүргізушілер технологиясыз да өзін сенімді сезінеді. Мәселен, 45 жастан асқандардың шамамен 20 пайызы ғана сапар кезінде навигатор қолданса, 15 пайызы оны өте сирек пайдаланатыны анықталды.
Сауалнама барысында қатысушыларға «егер навигатор істен шықса не істейсіз?» деген сұрақ та қойылған. Нәтижесінде 55-64 жас аралығындағы жүргізушілердің 57 пайызы жол белгілері мен таныс нысандарға қарап бағыт табатынын айтқан. Алайда 25-34 жастағылардың 44 пайызы ғана осылай жауап берген, ал 25 пайызы мұндай жағдайда тоқтап, жол сұрайтынын мойындаған.
Carmoola компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Айдан Рашби қазіргі жүргізушілер барлық жүйенің мінсіз жұмыс істеуіне әбден үйреніп алғанын атап өтті.
Ал ғалымдар навигаторды тұрақты пайдалану ми қызметіне де әсер етуі мүмкін екенін айтады. Зерттеуші Хьюго Спирс бұл құбылыстың қауіпті екенін мәлімдеді:
Адам навигатордың нұсқауын ғана орындағанда, мидың кей бөліктері іс жүзінде жұмыс істемейді. Мұндай сәтте ми қоршаған ортаға деген қызығушылықты өшіріп тастағандай болады, – дейді ол.
Лондон университеттік колледжінің ғалымдары жүргізген тәжірибе де осыны дәлелдейді. Олар 24 еріктінің ми белсенділігін бақылап, Лондонның Сохо ауданын виртуалды картада өз бетінше зерттеуін сұраған. Қатысушылар бағытты өздері таңдағанда, есте сақтау мен жоспарлауға жауап беретін ми бөліктері белсенді жұмыс істеген. Ал дайын нұсқауды ғана орындаған кезде бұл белсенділік байқалмаған.
Зерттеушілер қорытындысы бойынша, навигациялық технологияларды жиі қолдану адамның кеңістікте қозғалу қабілетінің табиғи жұмысын әлсіретуі мүмкін.
Қызық дерек
Айта кетейік, алғашқы автокөлікке арналған GPS-навигациялар 1981 жылы Жапонияда пайда болған. Бүгінде навигация жүйелері GPS-пен қатар ГЛОНАСС, Galileo және BeiDou спутниктік жүйелерін пайдаланады. Қазіргі қосымшалар тіпті жолдағы кептелісті алдын ала болжай алады.
Жалпы, GPS технологиясы алғашында 1970-жылдары АҚШ-та әскери мақсатта әзірленген. Азаматтық қолдануға тек 1990-жылдары рұқсат беріліп, кейіннен ол күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды.